Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI55

Бастауыш сынып оқушыларының оқу белсенділігін арттырудың тиімді әдіс-тәсілдері

Әрине ақпараттық технология дәуірінде заманның озық жетістіктерін білім беру ісінде тиімді пайдалану әлгінде айтылғандай шәкірттің оқуға деген қызығушылығын оятуға сеп болары анық.   Бұл орайда ұстаздың шығармашылық ізденісі маңызға ие. Қазіргі мектеп оқушыларына білім берудің ең оңтайлы әдісі теориямен тәжірибені қатар жүргізу екені белгілі бола бастады. Сондықтан олардың сабақтың барысында қозғалып отырған тақырыпқа қатысты дүниені көзбен көріп, қолмен ұстап көргісі келіп тұрады.  Олардың осы бір құштарлығын зейінін ашып, бір сарынды оқудан жалықтырып алмас үшін қолдана білу үшін асқан педагогикалық шеберлік керек. Әрине бұл әдіспен жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ең әуелі ұстаздың жан-жақты ізденісін қажет етеді.

Қоғам өмірінің өзге салалары секілді білім беру саласына да жаңа инновациялық технологияның енгізу үшін үлкен шығармашылық ізденіс, мазмұнды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.  Сол ізденістің нәтижесінде мектеп оқушыларының қабылдауына оңай сабақ жүргізудің тәсілдері пайда болады. Әрі оқушылардың пәнді оқып-үйренуге, меңгеруге деген құштарлығы артады.

 Бұған дейін педагог мамандардың өз пәнін терең меңгеру, шәкіртпен, оның ата-анасымен жұмыс істей білу сынды қабілеттері жоғары бағаланатын болса, енді бұл қатарға ұстаздардың заманауи технологияны тетігін тауып, оны оқыту процесінде қолдана отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруына басымдық беріледі. 

Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру әдісін кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бастауыш сынып оқушыларына білім беруде қолдану жемісті болмақ. Бастауыш сыныптан жемісті жолға қойылған білім беру әдістемесі олардың кейінгі сыныптарда да жоғары сапалы білім алуына, ой-өрісін дамытуға жол ашады. Осылайша олардың келешекте заман ағымына сай маман болып қалыптасуына да мүмкіндік туады. Демек оқыту, тәрбие беру ісінде жаңа технологиялар мен озық әдістерді қолданудың берері мол болмақ.  

Еліміздегі білім берудің стандартына сай бастауыш сынып оқушыларына көбіне бір ұстаз бірнеше пәннен сабақ береді. Ал ол пәндердің әрқайсысы орта білім берудегі өзге пәндердің негізін құрайды.   Оқушыларға сол пәндердің негізін оқытуда бірсарындылыққа жол бермей, оқуға ынтасын  үшін де заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалану құпталады. 

Әлбетте бұл әдістерді қолдануда бастауыш сынып оқушыларының жаңа технологиялар мен озық әдістерді қабылдау мүмкіндігі де жан-жақты сараланғаны жөн.  

Қазақстандағы қазіргі білім беру жүйесі құзыреттілік пен сапаға бағытталады. Осындағы сапаға қол жеткізу үшін педагог оқушылардың оқу белсенділігін арттырудың тың тәсілдеріне иек артуы керек. Атап айтқанда сын тұрғысынан ойлау, кішігірім ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану, өзгелермен тез қарым-қатынас орнату, дара және жұппен, топпен жұмыс істей білу, өзінің теориялық тұрғыдан білгенін тәжірибе жүзінде қолдануға көңіл бөлінгені абзал. 

Педагогикалық тәжірибеде мұндай жағдайда «Өрмекшінің өрмегі», «Қораптағы сұрақ», «Серпілген сауал» сынды ойын форматындағы әдіс-тәсілдердің қолданып өткен сабақтарға оқушылардың пәнге қызығушылығы жоғары болатыны дәлелденді. Біріншіден бұл әдістер оқушыларды команда болып жұмыс істеуге шақырады. Ал ол командалар білім деңгейі әртүрлі оқушылардан құралуы мүмкін. Бұл оқушылардың біріне-бірі үйретіп, бірін-бірі жетелеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ сабаққа оқушылардың барлығының белсенді қатысуына жағдай жасайды. Әдеттегі «бірсарынды» сабақтар да тек қана озат немесе жақсы оқитын оқушылар белсенділік танытып, өзге оқушылармен жеке жұмыс жасауға уақыт қалмайды.  Ал командалық ойынның элементтерін қосу бұл мәселені біржолата шешеді. Оқушылар командамен жұмыс істей отырып, өз  білімдерімен, тәжірибесімен бөліседі. Мұндай сабақтар кезінде тақырыпқа қатысты ресурстарды көптеп қолдану да өз нәтижесін берері анық.  Сабақ нәтижесінде оқу үлгерімі төмен деген оқушының өзінде білім алуға деген құштарлық пайда болуы мүмкін. 

Оқушылардың алған білімдерін есіне түсіріп, оны санасы мықтап бекітіп отыруда «Алфавит тізбегі» деп аталатын әдісті қолдануға болады. Бұл оқушылардың есте сақтау қабілетін шыңдаумен бірге олардың жедел шешім қабылдай алу қабілетін де ұштайды. Мәселен ұстаз «Қазақстан қалалары» тақырыбында сабақ өту кезінде «Алфавит тізбегі» әдісін қолданса оқушылар ұстаз айтқан әріптен басталатын қала атауын айтады. «Н» – Нұр-Сұлтан, «Т»-Тараз, «С»-Семей, «Ш»- Шымкент. Бұл әдіс те оқытудың заманауи тәсіліне жатады. Мұнда оқушылар өткен сабақта өткенді еске түсіріп қана қоймай өзінің жан-жақты білімін көрсетеді. Және ұстаздар осы тәсіл арқылы оқушылардың барлық санатымен жұмыс істей алады. Яғни санаулы уақыт ішінде педагогтың «Алфавиттің тізбегі» үздік, жақсы оқитын оқушылармен бірге оқу үлгерімі төмен оқушыларды да қамтуы мүмкін. 

Ал қазіргі сабақтарды қорытындылап, тақырып бойынша негізгі түсінік қалыптастыруда «Эссе жазу» әдісі де кеңінен қолданылып жүр. Бұл әдісте оқушылар  небәрі 3 минуттың ішінде өтілген тақырып бойынша өзінің түсінігін эссе форматында жазып береді. «Эссе жазу» әдісі сабақта алынған теориялық білімді бекітумен шектелмейді. Бұл әдіс оқушылардың тіл мәдениетін жетілдіріп, көркем сөйлеу, жазу, өз ойын жеткізе білу сияқты қабілеттерін шыңдайды. Әлбетте әр сабақты «Эссе жазу» әдісімен қорытындылау бірсарындылыққа әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан да мүмкіндігінше бұл әдісті жиі қолданбау керек. Керісінше оның  «Сұхбат алу» тәсілімен алмастыруға болады. Сұхбат алу үшін  ортаға үш оқушы шақырылады. Ортаға шыққан екі оқушы бір-бірімен бүгінгі сабақтың тақырыбы бойынша сұхбат құрады. Ал үшінші оқушы осы сұхбаттың барысы бойынша сабақтан түсінгенін әңгімелеп береді. Сәйкесінше бұл әдіс те оқушылардың бойындағы бірнеше қабілетті қатар шыңдауға жол ашады. Біріншіден оқушы тақырыпқа қатысты теоериялық білімін дәстүрлі емес форматта есте сақтайды. Екіндішіден оқушылар сұхбат алушы, беруші және баяндаушының рөліне еніп, тақырып бойынша сөз қозғауда көпшілік алдында сөйлеу дағдысы қалыптасады. Бұл бастауыш сынып оқушыларының өз ойын ашық айтуға  үйретеді. Ең бастысы сабақты қорытындылауға барлық оқушылар қатысады. 

Жаңартылған білім беру стандарты  оқушыларды жаттанды білімнен гөрі әр тақырыпқа тереңнен бойлап, логикалық ойлау шеберлігін шыңдауға үйретуімен ерекшеленеді. Әсіресе түрлі әдіс-тәсілдер оқушыларды берілген тақырып аясындағы тар шеңберден шығып, жан-жақтылыққа дағдыландырады. Сабақты қызықты әрі тартымды етіп өткізуде  «Маршрут» ойынын пайдалануды ұсынамын. Аты айтып тұрғандай бұл ойын үздіксіз тізбекті  реакциядан тұрады. Мысалы оқушылар  алдыңғы сөздің соңғы әрпі, кейінгі сөздің алдыңғы әрпі болып табылатындай етіп, бірінен кейін бірі торкөзге орналасады. Бұл ойында оқушылардың тапқырлығы сыналады. Олар аз ғана уақыт ішінде бірінші сөздің соңғы әрпінен басталатын сөз жазады. Бұл әдіс олардың жедел шешім қабылдау қабілетін сынаумен бірге сөздік қорын жетілдіруіне де ықпал етеді. Ойын барысында оқушылар бірін-бірі жаңа қырынан танып, жақсы қарым-қатынас орната алады. Ұстаздар да оқушылардың мүмкіндігіне көз жеткізеді. Сол арқылы жекелеген шәкірттерін шығармашылық ізденіске бағыттайды. Сайып келгенде бұл әдістер оқу белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Жалпы қазіргі білім беру жүйесі ұстаздардың алдына үлкен міндет қойып отыр. Соған сай педагогтар қауымы әр оқушыны жеке тұлға ретінде қарастыруға көшуі керек. Сәйкесінше бұл әдіс олардың таптырмас көмекшісіне айнала алады. Екіншіден қазіргі оқушылар смартфон, ноутбук, теледидар сынды  заманауи құрылғылармен мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ танысады. Демек мектеп табалдырығын жаңадан аттанған бүлдіршіндерді таңғалдыру қиын. Бұл орайда оларды таңғалдырудан бұрын білім алуға ынталандыру тұрғанын ескерсек, ұстаздар қауымынан заман талабына сай ізденіс ауадай қажет. 

Ал жаңартылған білім беру бағдарламасына сай оңтайлы тәсілдерді сабақта пайдалану дағдысын қалыптастыру баланың таным-түсінігін ықпал етеді. Сондай-ақ шәкірттерді өз бетінше ізденіп, білімін жетілдіруге дағдыландырады. Тіпті жекелеген  оқушылардың  шығармашылық жолындағы алғашқы қадамын басуына жағдай жасайды. Ең бастысы оқушылардың білім алуға деген ынта-ықыласын ашып, «енжар оқушы» түсінігін «белсенді сынып» ұғымына алмастыруға  болады. Сабақ барысында жаңа технологиялармен бірге әдіс-тәсілдерді қолдану оқушыларды командамен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады. Бұл қасиет олардың кейінгі өмірінде де кәдеге жарайтыны анық. Заман талабына сай көзі ашық, көкірегі ояу білім мен тәрбиені бойына қатар сіңірген азаматтарды қалыптастыру үшін ұстаздар өздерінің  кәсіби біліктіліктерін шыңдап, құзыреттілігін арттыру арқылы ғана өздері көздеген  нәтижеге қол жеткізеді. 

2 462 0
Айгуль Иманалиева, Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Ұлы дала ұстазы № 000015
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: