Поиск статей:
ESI
Рейтинг:

Менің сүйікті мамандығым және инновациялық әдіс-тәсілдерім

Қызығы да, қиындығы мол мамандық ол-ұстаздық. Ұстаз үнемі шәкірттерімен қарым қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған адам. 

Кең ауқымды ұстаз – жас ұрпақтың сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан ертеңгі мемлекеттің тірегі болмақ тұлғаларды тәрбиелеуде. Менің де осындай үлкен жауапкершілікті мойныма артқаныма   отыз екі жыл болыпты. 

         Математика пәніне қызығушылығымды оятқан жан-ӘКЕМ. Мен шопанның баласымын. Оны мақтанышпен айта аламын, әкем керасин шамның түбінде «сен-жарық, мен- қараңғы»деп(өзінің оқи алмағандығы мен менің сауаттылығым), дойбы ойнау арқылы логикамды дамытты. Мал бағу арқылы жүн өнімін есептеу және шөп шығыны жайлы тапсырма беріп, ауызша есептеуді үйретті.1980 жылы М.Әуезов атындағы педагогикалық училищесіне грамотамен барғандықтан, қазақ тілі, математикадан әңгімелесу (собеседование) арқылы қабылдандым. Онда Байгушев Мүбарак Түгелбаевич атты тамаша математика пәні мұғалімі дәріс берді. Математикадан техникум, училищелердің арасында ұйымдастырылған олимпиадаларға бірнеше рет қатыстым. Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтына қабылдау емтиханын математикадан «5»-ке тапсырып, жоғары білімді мұғалім болу асқақ арманыма қол жеткіздім. Жүрек қалауымен ұстаздықты таңдап, адам бағдарын жасаушы ретінде қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адамды үлкен мақсаттарға жетелесем – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні болып табылады. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін жоғарғы педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұлы шыңға апарар әр баспалдақтан өту үшін өмір бойы оқып, талмай ізденіп, кемел ұстаздыққа қол жеткізуің керек деп ойлаймын. Бұл - менің ұзақ жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын діңгегі. 

          «Біздің басты байлығымыз – адам, және адамдағы бар жақсылық мұғалімнен» -деп Елбасымыз айтқандай, бүгінгі таңда біздерге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Өйткені, Мәңгілік Елге айналар Қазақстанның болашағы – қазіргі жас ұрпақтың жарқын болашағына тікелей әсер етуші біз – ұстаздармыз. Сондықтан да әрдайым ізденіс үстінде жүріп, кез келген қиыншылықты еңсеруге тырысып, әрбір оқушыны зерттеп, зерделеу мақсатында жаңа технологияларды әр сабағымда тиімді қолданып отырамын. Жаңа заманның жаңа мүмкіндіктерін пайдалануға, жаңашыл, жаңа формациялы ұстаз болуға тырысамын.  Жаңашыл ұстаздың бойында  жауапкершілік, сенімділік, күш-жігер, рух болуы тиіс. «Қыран түлегіне қайрылмас қанат сыйлайды, ұстаз түлегіне алға бастырар талап сыйлайды»-дейді халық даналығы. Ертеңгі мемлекеттің кескін-келбеті бүгінгі білімнен бастау алады. 

           Осы орайда көмекке келер қадам-біліктілік көтеру курстары. Жаңашылдығымен болған- педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы болды.     Екінші (негізгі) деңгей бағдарламасы   бойынша мұғалімдерді оқыту, «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептегі педкадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін оқыту, ҚР- да орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Математика» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын аяқтадым. Сондықтан жаңа идеяларды қолдана отырып білім сапасын, оқушы саналығын, өмірге деген бейімділік, өзгемен санасу, өзгеге сену деген сияқты қасиеттерді тез арада, аз күш жұмсап, көп нәтижеге жету үшін өз тәжірибемде біршама жұмыстарды жүйелеудемін. Атап айтсам, мектепішілік «Үздік сабақ» байқауларының бірнеше рет бас жүлдегерімін, 2016 жылы Республикалық «Білім және Ғылым» шығармашылық бірлестігінің фестивалінде «Ең үздік іс-шара әзірлемесі» бағыты І орын Диплом, 2017 жыл «Үздік әдістемелік жұмыс» қашықтықтан өткізілетін Республикалық кәсіби сайысына "Үздік сынып сағатын әзірлеу" номинациясы , І дәрежелі диплом. 

       «Сабақ беру- үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер»- деп Ж Аймауытов айтқандай әр мұғалім өз шеберлігін шыңдау үшін үнемі ізденісте болу керек. Өз пәнінің терең білгірі ғана емес, ақпараттық-компьютерлік технология құралдарын жан-жақты игерген, ақпараттық құзырлылығы қалыптасқан маман болуы қажет. Сабақ барысында инновациялық технологияларды қолдану шеберлігімнің арқасында 2018 жыл қыркүйек «Рухани жаңғыру аясында «Шағын жинақталған мектептегі үздік сабақ» аудандық байқауы І орын алып, облыстық кезеңге жолдама алдым,   16.11.2018 жыл облыстық байқау «Ұстаз-өзгерістер елшісі»  жобасында 17 қатысушы арасынан ІІ орын иелендім.Оқытудың озық технологиясын меңгеру мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Осы орайда, 25.01.2019 жылы Катонқарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылы  «К.Демитов атындағы орта мектебі» КММ-де  «ШЖМ-де оқу тәрбие үдерісінде жаңартылған оқу бағдарламасы аясында оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдерін қолдану тиімділігі» облыстық семинар-практикумда «Біріктірілген сыныптарда сабақ жүргізудің тиімді әдіс-тәсілдері» атты тақырыпта шеберлік сыныбын өткіздім. Әріптестеріммен іс-тәжірибеммен бөлістім. Шығармашылық кездесу жұмысыма шабыт берді, алға ұмтылуға бағыттады. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын, өз пәнімді жақсы көремін. Математикалық байқау олимпиадаларға үнемі қатысып отырамын КИО мен Педстарт , аудандық математика пәні мұғалімдері олимпиадаларының жеңімпазымын. Бойымдағы білім, білігімді алдымдағы шәкірттеріме беріп, білім нәрімен сусындатуда да еңбегімнің жемісін де көріп келемін. Атап айтсам, шәкіртім Маметреева Сана мемлекеттік грантта оқып, СПИ-ді , әрі магистратураны үздік бітіріп, қазір Семейдегі Назарбаев интеллектуалды мектебінде математика пәнінің мұғалімі және оқушым Тайбазаров Нұрлан ҰБТ- де математикадан 26 ұпай алып, СПИ-де мемлекеттік грантта оқып, оны және магистратураны үздік аяқтап, Ақтаудағы Назарбаев интеллектуалды мектебінде еңбек жолын жалғап, қазір Семейдің Назарбаев интеллектуалды мектебінде математика пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. Осындай озық ойлы оқушыларыммен мақтанамын. Қазір де мектеп табалдырығында Манапова Нұрай, Нариманов Біржан, Рысқалиева Жансая, Әбішев Мейіржан, Сайлаубеков Әлижан атты білмекке құмар оқушыларым аудандық, облыстық олимпиадаларда өз нәтижелерін көсетіп жүр. КИО олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атануда. Сондай-ақ, Нұрсұлтан қаласындағы «Зерделі» ақыл ой дамыту орталығының директоры Ы. Мәуіт мырзаның да сабақтарынан дәріс алып,5-сынып оқушылары арасында өткізілген математикалық онлайн олимпиадасының жеңімпаз атанған оқушылар да бар.

Ұлы Абайдың шәкірті ақын Көкбай:

Замана заманына жағын дейді,

Күнделікті өмірге бағын дейді.

Бүгінгі ой ертеңгі ойға жарамайды, 

Таппасаң мезгіліңнің бабын  дейді,- деген сияқты шәкірт бабын келтіру үшін ұстаз өзі де бапталу керек деп ойлаймын. Шыңдалу үшін әртүрлі вебинар мен семинарларға қатысып, математиканың қыр сырына қанығып жүрмін. Мысалы үшін, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» РҒПО ұйымдастырған « Математикадан олимпиада есептерін шығару тәсілдері» (2018 ж Семей қаласы) және «Математикадан олимпиада есептерін шығару жолдары» (2020 ж онлайн) тақырыптарындағы республикалық семинар.Осындай ізденімпаздығымның,саналы дайындықтың  арқасында биылғы жылы біліктілік тестілеуден (101 ұпай) жоғары көрсеткіш танытуым соның айғағы. 

         Сапалы білімге қол жеткізу үшін оқушы қызығушылығын оята білу керек. Ұлы ақын сөзімен ойымды сабақтар болсам, ұйықтаған ойды түртетін біздің іс-әрекетіміз болмақ. Бүгінде мен заман ағысына сай біліммен қаруланған, ой өрісім жоғары, үздіксіз ізденісте жүрген, жан-жақты дамып, қалыптасқан қатардағы мұғаліммін. Ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы, оқушы талабы үнемі өсуде. Сол себепті де жеке тұлға ретінде жаңалықты қабылдай отырып, нәтиже шығаруға ұмтылдым. Бүгінгі күнде балалар жаттанды нәрсені қайталамай, өз ойын еркін дәлелдеп айтуға, бір-біріне құрметпен қарап көмектесуге, топ ішінде өзін «жеке тұлға» екенін санап, көшбасшы болуға, өз беттерінше ізденіп жұмыс істеуге, бірін-бірі бағалап, қорытынды жасауға қалыптасты. «Тамыздығын тапсаң, тас та жанады» дегендей әр мұғалім өз ісіне шығармашылықпен, сүйіспеншілікпен қараса, оның алдынан талантты, білімді оқушы шығары хақ. «Ұстаз шәкіртіне күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек» демекші, жаңашыл мұғалімнің бойында сергектік, байқағыштық, сезімталдық, байсалдылық, әділдік, ұстамдылық, сабыр сақтау сияқты қасиеттер тоғыса келе, олар мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана біз ойлаған мақсат-мүддемізге жетіп, «ұлы ұстаз» деген ардақты атаудың шын иегері болатынымызға кәміл сенемін.

      Қорыта келе айтарым, жаңарған мектеп, жаңашыл ұстаз ұстанымымен биіктерге самғай берейік! 

           Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз іргелі болсын! Қазақ елі мәңгілік жасай берсін!

621 0
Бақыт Тлеубай, «С.Бекбосынов атындағы орта мектебі» КММ-нің мәтематика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Архат ауылы Ұлы дала Ұстазы № 000335
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: