Ғаламтор материалдарын қарап, жаңа оқу жылына дайындалып отырғанымда, осы тақырып көзіме оттай басылды. Өзім де әже атанған жасқа келіп, «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің,»-деген халықтық қағидаға бас иген шағымдамын. Әсіресе, қазір немере-шөберелерінің ортасында ана қаздай мамырлап жүрген анашымды күнде сағынып, телефоннан даусын естігенге мәз болып отырғанда, жүрек түбінде «Осы кісінің алдындағы парызымды өтей алып жүрмін бе?» деген ой мазалайды. Анам – Сәулехан Бөлеубайқызы – өте қарапайым, артық-ауыс сөзі жоқ, кісіге сыртынан ғайбат сөз айтпайтын адам. Ол 1938 жылы 6 наурызда Маңғыстау ауданының тарихи орталығы саналатын Бозашы жерінде, Қызан аулында, дүниеге келді. Атамыз Тілепіұлы Бөлеубай Бәйімбеттің Мұрат жары тақтасынан, өте ісмер, етікші адам болыпты. Нағашы әжем Ідаяның құшағында өстік, көп сөзі жоқ, ісіне берік, ақылына көркі сай ана. Суретке түсуді ұнатпайтыны есімде қалыпты. Нағашы аға-апаларым – Әнебай, Әзімбай, Келдіхан, анамның әпке-сіңлілері– бәрі де өскен-өнген отбасының ақылшы даналары, ел ағалары мен ақ жаулықты әжелері. Осындай нағашы жұртпен табыстырған Әкеме алғысымыз шексіз.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды,»- дегендей, қыз ұзату, келін алу тойларымызда анамыз көмегін аямай, зейнетақысынан ығыстырғанын тықпалап отырғаны. Анамды жұмыстастарым да қадірлеп, хал-жағдайын сұрап отырады. Жетпіс-сексен жасқа келген жандардың қай-қайсысы да еліміздің аяулысы, қамқорлық күтетін қарттары, кешегі өмірден өткен замандас-құрбыларының тірі куәсі, көзі ғой.
Әкем – Қоразов Бектұрған 1935 жылы 1 мамырда Маңғыстау ауданы Жыңғылды жерінің Ұланақ аулында шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі майданда қаза тапқан. Балалық шағын соғыс жалмаған үйелмелі-сүйелмелі 1 қыз, 3 ұлды анамыз Сұлупан қатарынан қалдырмай бағып-қағып, оқытып, тәрбиелеген. Үлкен апамыз Бедерхан құнанорыс Жолболдымен бас қосып, бауырларына бас-көз болып, анасына көмектескенін әкеміз жыр қылушы еді. Содан ба, бауырлардың ынтымағы, бір-біріне қол созуы – біздің отбасымыздың тұрақты қасиеті.
Әкемнің ғалым-зоотехник деген екінші мамандық алуға оқуға аттануы, бір жағынан, заман ағымынан қалғысы келмеген талабы болса, екіншіден, анашымның қамқорлығына сенгені болу керек.
Әкем, ең алдымен, бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін. Үлкен жиын-кеңестерден қалмаса да, ұлдарына суретке түсіру, фото шығару, домбыра, гитарадада ойнауға мүмкіндік тудырды. Бәріміз де жоғары білім алдық. Ауданға, ауылға келген жазушылар мен өнер адамдары, оқу министрлері талай анамыздың қолынан дәм татып, алғысын берген. Көркем әдебиетке деген құштарлығымызды әкеміз оятты. Жұмысқа бара жатып не келе жатып, кітап дүкенінен міндетті түрде кітап сатып алады. Газет-журнал мақалаларын дауыстап оқып, - Кемпірлук, тыңда!-дегенде, бәріміз құлағымызды тіге қоямыз. Қазір Ақтау қаласындағы экономикалық лицейдің тіл-әдебиет пәні мұғалімі болсам да, әкешімдей шешен, айтқыш бола алмай жүргенімді мойындаймын.
Әкем- әрі ұстазым, әрі әріптесім. География, мал шарашылығы негіздері пәнінен сабақ бергенде, дауыс мәнері, ұстамдылығы мен сөзге тапқырлығы есімізден кетпейді. Ал, өзім оқыған Есір Айшуақұлы мектебінде әкемнің басшылығымен алғашқы еңбек жолымды бастағанымды, талап қоя білетін парасатты жаннан мол ақыл-кеңес алғанымды мақтаныш етемін. Адамдарды жақсы тани білетіні, тиімді ұсыныс-пікірлері кім-кімді де қуанышқа бөлейтін. Жас ұстаз келіндерге жұбайларының көрнекіліктер жасау мен бала тәрбиесінде қолғабыс тигізуін қатты қадағалайды
Әкеміздің әдемілік пен тазалыққа құмарлығы, өз ісіне қызығушылығы мен бастаған істі тиянақты аяқтай білуі – бәрімізге өнеге болды. Асықпай, тақпақтай сөйлейтін, парасатты да таза жанның соңынан келіндер сәлем етіп, жанына шипа табады екен. Халқымызда осындай ырым бар. Бізге үнемі аға-апаларымыздың киім киінісі мен жеңгелеріміздің дәмді тамағын мақтап отыратын. Басқаны сыйлау, жақсы қасиет-үлгісін үйреніп алу, тек жақсы жағын ғана көре білу – бізге арғы аталарымыз бен нағашыларымыздан келген, анамыз бен әкемізден жұққан, қанмен келген адами қасиеттер. Бір жаққа барып келсе, өзі байқаған жаңалықтарды айтып, көргендерін қызықтыра айтатын. Газет-журнал материалдарынан қиынды жинап, керегінде пайдалану, Бұқаралық Ақпарат Құралдарынан, соңғы кезде жарық көрген шығармалар бойынша пікірлерін басқаға жеткізу – бәріміздің бойымызда мәңгілік қалыптасқан. Әкеміздің ең үлкен ғажайып қасиетінің бірі – тілшілігі, жазуға бейімділігі. Ол кісінің бізге жазған хаттары, менің оқуда жүргенде жазған сағынышты сәлем хаттарымыз әлі сақтаулы. Әдемі жазуы, алтынға бергісіз ақыл-кеңестері әлі күнге дейін сырласқандай, қоңыр даусын естігендей әсер береді. Мейрамқызы Сымбат деген сіңлім де мақалаларын жариялап, Кіші Ғылыми жобалар қорғаудан аймақтық жүлдегер атанып жүр.
Осындай әке-анадан тәлім-тәрбие алған жандардың таңдаған жарлары да өздеріне лайықты болатыны сөзсіз. Келіндеріміз бен күйеу балаларымыз да өздеріміз танитын үлгілі отбасынан шыққан, ананың адал ақ сүтін емген жандар болып шықты. Әлемдегі барлық әкелер мен абзал аналардың өмірдегі бар асылы, аппақ арманы – сәбилерінің ер жетіп, ел тұғырын биікке көтерер азамат болуы; дүниеге өздеріндей ақылды ұл-қыз әкеліп, отағасы мен отанасы болуы. Мұндай берік отбасынан Мәңгілік Елдің ұлтжанды да білікті, өркениетке ұмтылар өрендер қалыптасады. Қазақ Елінің бүгіні мен ертеңі де жарқырай беретіні осыдан.
Бүгінгі отбасы тәрбиесіне, ұрпақ дамуына мемлекетіміз өте жақсы көңіл бөледі. Міне, теледидардан «Жан анам» бағдарламасын тыңдап, ауылдағы анамның соны көріп мәз болып отырғанын сеземін. Әже, ана туралы әндер мен әкелер туралы хабарлар үлкен мен кішіге күш берері сөзсіз. Аман болыңдаршы, аяулы аналар мен ардақты әкелер! Сіздер біздің көш бастаушы, жарыққа жол сілтер құбыламызсыздар!
Журнал: