Қазіргі кезде Қазақстанда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру деңгейіне жетуге ат салысуда. Қазақтың дара тұлғасы Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деген болатын. Қоғам барған сайын күрделене түсуде. Жаңа ғасырға сай өзгеше қабілет, қасиетке ие ұрпақ қалыптасып келеді. Ал осының барлығы тікелей білім-ғылым саласына байланысты. Сондықтан білім беруді жетілдіру, ақпараттандыру, білім алушылардың танымдық, шығармашылық қабілетін арттыру, оқу дағдысын жетілдіру мәселелері көтерілуде.
Мұғалімнің шығармашылық шеберліктерін шыңдауда педагогикалық оқулардың, семинарлар мен түрлі байқаулардың, шығармашылық есептің, іскерлік пен ізденімпаздықтың берері мол. Шығармашылыққа байланысты танымдық істерді нақты іс - әрекетке ұластыру, озат тәжірибені тиімді пайдалану - әрбір мұғалімнің басты міндеті. Осыған орай кез келген мұғалім өзінің бағыты мен алға қойған мақсатына жету үшін оқытудың жаңа технологияларын дұрыс таңдай білуі қажет.
Оқу технологиясын тиімді пайдалану да мұғалімнің құзыреттілігін көрсетеді. Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр мұғалім алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіби мақсаты мен шеберлігіне орай таңдап алады.
Білім кеңістігіндегі барлық жаңа технологиялар - оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен танымдық белсенділігін дамытуға, эстетикалық көзқарастарын пайымдауларына, өзін-өзі бағалауына бағытталған. Педагогикалық технология – тәжірибеде іске асырылып, соңында нәтижеге жеткізетін педагогикалық жүйенің жобасы. Яғни, әрбір мұғалім кез келген жаңа технологияны тәжірибеде жүзеге асырып, оның тиімділігіне көз жеткізе отырып жұмыс жасаса, ақырында сапалы білімге қол жеткізеді.
Осы айтылғандарды өзімнің педагогикалық тәжірибеммен сабақтай отырып, ұстаздарға «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясын сабақта пайдалану өте тиімді екенін айтқым келеді. Қалыптасқан дәстүрлі сабақ бойынша оқушы тек қана мұғалім мен оқулыққа ғана тәуелді тыңдаушы ғана еді, енді осы технологияны пайдалану нәтижесінде өз ойын еркін білдіріп, нақты дәлелдей алатын тұлғаға айналғандығын жүргізілген тәжірибеден байқадым.
Сондықтан, сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтерін сабақта пайдалану - оқушының өз бетінше білімді игеруіне, өз ойын еркін жеткізуіне, дүниетанымын кеңейтуге мол мүмкіндік беріп, нәтижесінде оқушының жеке тұлғасын қалыптастыруға жол ашады.
Сын тұрғысыан ойлауды дамыту жобасының мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген құбылыс пен заттарға, әрекет пен мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, көптеген пікірдің ішінен біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйрету. «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясының элементтерін қолдану арқылы балада: «Тыңдасам, есімде қалмайды, өзім жасасам, ұмытпаймын, өзім оқысам түсінемін» деген пікір қалыптасады.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы үш кезеңнен тұрады:
• Қызығушылықты ояту
• Мағынаны ашу
• Ой толғаныс
Кезеңдерге қысқаша тоқтала кетсек.
Қызығушылықты ояту – үйрену процесі бұрынғы білетінімен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан сабақта қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ой қозғау мен миға шабуыл арқылы жүзеге асады.
Бұл кезеңнің «Топтау», «Түртіп алу», «Ойлану», «Жұпта талқылау», «Болжау», «Әлемді шарлау» т.б. сол сияқты стратегиялары бар. Бұл кезеңнің тағы бір мақсаты – оқушының белсенділігін арттыру. Жаңа материалдарды оқып-үйрену үшін оқушы белсенділік таныту қажет, сонда ғана мұғалім нәтижеге жетеді. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны өзінде бұрыннан қалыптасқан білімімен ұштастырады.
Мағынаны тану кезеңі – оқушының ойлануы мен жаңа материалды үйренуіне бағытталады. Тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Бұл кезеңде оқушының өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушының оқығанын терең түсінуде, ойына басшылық етуде, өз ойын еркін білдіруде тиімді үйретуші құрал болып табылады.
Үшінші кезең ой толғаныс кезеңі деп аталады. Бұл кезеңнің мақсаты күнделікті оқыту процесінде оқушылардың толғанысын ұйымдастырып, оқушыны өзіне және өзгеге сын көзбен қарап, баға беруге үйрету.
Оқушылар не үйренгендерін саралап, салмақтап оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін, ой елегінен өткізеді. Бұл кезеңде оқушылар өз ойларын қайта түйіп, саналары жаңа өзгерістермен толығып, білім арқылы өзінің өзгергенін сезінеді, өзіне өзгеше сенім, тәрбиелік, даналыққа бастау алады.
Кезеңде «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Еркін жазу», «Семантикалық карта», «Т кестесі» т.б. стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясының негізгі қағидалары:
• Ойлауға уақыт беру және дәлелді талап ету;
• Ойын ашып айтуға рұқсат беру;
• Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;
• Белсенді іс - әрекетін қолдау;
• Жауабының дәлелді, дәйекті болуын талап ету.
Сын тұрғысынан ойлаудың іс - әрекетінің нәтижелері:
• Оқушы белсенділігінің артуы, дұрыс шешім қабылдауы;
• Көзқарасымен бөлісуге үйренеді;
• Басқалар алдында өз ойын ашып айтуға;
• Білім, іскерлік, дағдысы қалыптасады;
• Дарынды оқушыны дамытады;
• Өзін және басқаларды сыйлауды үйренеді,
• Бірлесе оқи отырып жеке ерекшеліктерді мойындауды үйренеді.
Мұғалім оқушыларды ұлы адамдардың шығармаларымен таныстырмас бұрын, әрбір ұстаздың ой-өрісі кең, парасатты, білім деңгейі жетік болуы қажет, бір сөзбен айтқанда сол тақырып бойынша құзыретті болу. Сонда ғана ойлаған мақсатқа даңғыл жол ашылады.
К.Д.Ушинский оқушыларды сабаққа тарта білу, олардың оқуға қызығушылығын арттырып, білімге құмарту керектігіне баса көңіл бөлді. Оның пайымдауынша, қызығушылық - сапалы оқудың негізгі жолы, ешбір қызығусыз, тек қана зорлық күшімен жүргізілген оқу оқушы бойындағы білім алуға деген құштарлықты жояды.
Неміс педагогы И.Ф.Герберт өзінің оқыту теориясының негізіне әрбір саладағы қызығушылықты алған. Адамдағы қызығушылықтар қоршаған дүниені танып білуге немесе қоғамдық өмірге араласуға байланысты болады.
Білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени – ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі – адамның ділін, дінін, адамгершіліқ қасиетін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту.
Қорыта айтқанда, сын тұрғысынан ойлау технологиясы оқушылардың қызығушылығы мен білім сапасының көтерілуінде, шығармашылықпен жұмыс жасауында, ойлауы мен талдау жасауында, өз көзқарастарын қалыптастыруда мұмкіндігі мол педагогикалық технология. Осы технологияны сабақта қолдану арқылы мұғалімнің де, оқушының да рөлдері өзгереді. Технология бойынша балаға білім дайын күйінде берілмей, білімді өзі игеріп, талпыныс жасайтыны. Сабақ барысында тек жұмыс жасап қана қоймай, өздігінен ізденуге, шығармашылықпен жұмыс жасауға жол ашады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Т. Бегалиев. Педагогика. – Тараз: ТарМУ, 1999 ж.
2. К.Ж. Бұзаубақова. Жаңа педагогикалық технологиялар. – Тараз: ТарМУ, 2003 ж.
3. Б.А. Тұрғынбаева «Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе». – Алматы, 2005ж.
4. Тұрлығұл Т. Мектепте Қазақстан тарихын оқытудың әдістемесі. – Алматы, 2010.
5.Нұрғазина Г.Е. Қазақ әдебиетін оқытуда сын тұрғысынан ойлау технологиясы: 6.Оңғарбай А.М. Тарих сабағында сыни тұрғыдан оқыту технологиясы. – Алматы, 2013.