Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI519

Қазақ хандығының құрылуы-мемлекеттілік тарихының маңызды кезеңі

Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған. Сақтарды мемлекеттік ұйым болды десек, одан кейінгі ғұндар да мемлекет құрды. Ғұн билеушісі Модэ шаньюй Қытайдың өзін мойындатқан, қытайларды туысқандық және бейбітшілік жөніндегі шартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол шарт елу жыл бойы күшінде болып, қытайлықтар ғұндарға салық төлеп тұрған. Одан кейінгі Үйсін, Түрік, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттері бар. Бұлар тұтас ел аумағын қамтымаса да, қазақ жерінде мемлекеттіліктің болғанын көрсететін фактілер. Осылардың ішінде қазақ хандығы немесе қазақ мемлекеті ерекше орын алады. Өйткені, қазақ хандығы өзіне дейінгі мемлекеттілік тарихының заңды жалғасы. Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасу кезеңінің аяқталуында бір заңдылық бар. Этникалық процесс саяси процеске қозғау салды, ал саяси процесс этникалық үрдістердің ықпалымен жүріп отырды. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылды. Сол кезде пайда болған «қазақ» деген термин этникалық мәнге ие болды. Оған дейін де «қазақ» деген сөз болды, бірақ ол тек әлеуметтік мәнде қолданылған. Қазақ хандығының құрылуымен бірге қазақ жерінде түркі тілдес тайпалардың барлығы бір ғана қазақ деген мәнге сыйдырылды, сөйтіп, жаңа этнос пайда болды. Сол этностың атауымен мемлекет те қазақтардың мемлекеті немесе қазақ хандығы деп аталды. Ал территорияға келсек, 1530 жылдардың орта тұсында Зайнаддин Васифидің дерегінде қазақ халқының мекен етіп отырған аумағы «Қазақстан» деп жазылған екен. Парсы тілінде «стан» деген тірі денелердің мекен ететін аумағын көрсететін жұрнақ. Яғни, қазақ халқының мекендейтін жері – Қазақстан. Ең алғаш Қазақстан деген терминнің пайда болғаны да сол тұс. Қазіргі қазақ мемлекетінің негізін құраушы ұлт та – қазақтар. Осыған орай XV ғасырдың ортасында құрылған қазақ мемлекетін біз ұлттық сипаттағы мемлекет деп айтуға толық хақылымыз/1, 150 б./.

«Қазақ» атауы ғасырлар сынынан өткен сөз, халық арасында іріктеліп таразыланып бекітілген сөз, тазарып таңдалып орныққан сөз.

Сырт жақтан ешкім мұндай дәлдікпен мәні мен әлеуметтік мағынасын туралап көптеген ғасырлар жауынгер болып келген көшпелі халықты дәлме дәл сипаттайтын «қазақ» деген атауды айнытпай, дәл тауып қойуы мүмкін емес. «Қазақ» атауы халықпен бірге біте қайнап, ел ішінен пісіп кемеліне жеткен сөз, ал тарихи кезеңі келгенде, орнын тауып ел арасында тарихи заңдылықпен орныққан сөз. Сондықтан жаңадан жарық көретін қазақ халқының ұлттық идеясы «қазақ» атауының мәні мен мағынасына сай келуі керек.

Жалпы, ұлт болып қалыптасудың белгілері қандай? Британ ғалымы      А.Д.Смит оның төмендегідей бес белгісін атап көрсетті:

  1. Тарихи территориясы немесе Отаны болуы қажет
  2. Тарихи естеліктері
  3. Ортақ мәдениеті
  4. Заңды құқығы және қоғамдағы адамдардың міндеттері
  5. Теориялық тұтастығы ортақ экономикасының болуы

Осы тұрғыдан келгенде ұлт дегеніміз өзінің территориясы, экономикалық, әлеуметтік және саяси тұтастығы, яғни ұлттық мемлекеттілігі сақталған, әлеуметтік-экономикалық құбылыстармен тығыз байланысқан, өзіне тән мәдениеті, тарихы, тілі бар адамдар бірлестігі. Ағылшын және француз тілдерінде ұлт ұғымы елдің, мемлекеттің, тұрғыны деген мағына береді. «Ұлт-мемлекет» егіз ұғым [1, 150 б.].

Ұлттардың қалыптасу тарихын ұлтқа дейінгі, ұлттық өрлеу, ұлттық тұтастық деп үш кезеңге бөліп қарастырады. Қазақ ұлтының қалыптасу тарихын осы тұрғыдан қарастырсақ, ұлтқа дейінгі кезең түркі-моңғол кезеңі, ұлттың өрлеу немесе ұлттың қарқынды қалыптасу кезеңі XV ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі кезең, ұлттық тұтастық кезеңі ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бүгінгі күнге дейін. Аталған кезеңдердің әрқайсысына тән өзіндік қалыптасу тарихы, ерекшелігі бар. Ол арнайы ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді қысқаша тұжырымдайтын болсақ, ұлтқа деінгі кезеңде мемлекеттік экономикалық қатынастардың қалыптасуы, мәдени-тілдік тұтастықтың қалыптасуына қолайлы жағдайдың тууы тән. Ұлттық өрлеу – адамдардыңаймақтық немесе рулық санадан ұлттық санаға ойысу, ұлттық мүдденің бірінші орынға көтерілу кезеңі. Жекеленген адамдардың, топтардың тілге, дәстүрге, өз елінің өткеніне қызығушылығы жетіліп, дами келе, елінің ертеңіне, ұрпағының болашағына алаң болатын ақыл-ойын, күш-жігерін ұлттық мақсатқа жұмылдырған ұлттық интеллигенцияны тудырады. 

Қорыта келгенде, ұлттық үрдістегі өзгерістер мен қарама-қайшылықтар кеңестік кезеңде қалыптасқан теориялардың әлсіздігін көрсетті, ұлттық мемлекеттердің қайта түлеуі,  ұлт тарихын терең зерттеуді, методологиялық жағынан қайта жарақтандыруды қажет етіп отыр. 

 

 

 

 

 

 

185 0
Райгуль Таушаева, Ы.КАБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ, ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ Ұлы дала Ұстазы № 000312
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: