Технология, коммуникация және ғылым салаларындағы елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, әрбір адамзатқа XXI ғасырда табысты болу үшін қажетті білім мен дағдыларды алға тартады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық, коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Қазақ елінің болашағы бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ.
Ендеше, ертеңгі қоғам мүддесіне лайықты, жан жақты жетілген, бойында ұлттық тәрбие, ұлттық сана қалыптасқан, білімді, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру басты міндетіміз екенін үнемі назарда ұстап жүруіміз қажет. Бүгінгі таңда білім беру мазмұны жаңару үстінде. Мектеп қабырғасынан бастап ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, олардың дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар, ұрпақ өсіргіміз келсе, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттауымыз тиіс.
Олай болса, басты мақсат - жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани - мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу. «Елiмiздiң, ертеңі - бүгiнгi жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында», -– деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш, абзал азамат болып өсуі үшін ұлттық құндылықтарды оқу–тәрбие үрдісіне тиімді пайдалану әрбір ұстаздың міндеті болып табылады.
Мен де өз алдымда білім нәрімен сусындап келе жатқан жас ұрпақты қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушыда сапалы және терең білім іскерліктің болуын, олардың шығармашылықпен жұмыс істеуін, ойлауға қабілетті болуын талап етемін. Әр ұлт балаларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту процесінің негізгі мақсаты - арнайы педагогикалық әдістермен мақсатты жүйелі түрде пайдаланып оқушылардың интеллектін, шығармашылық ойлауын, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін қалыптастыру, өз бетімен білім алу және тілдік дағдыларын дамыту болып табылады. Оқушылардың өз бетімен жұмысын қалыптастыру оқушының пәнге деген қызығушылығынан және қажеттілігінен туады. Жеке, жұппен, топта жұмыс жасау арқылы оқушылар өзара әрекеттестікке түседі.
Өз білімін көтеру жекелеген оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу дағдысын дамытып, шығармашылық белсенділігін арттырады. Сондықтан сабақтарымда дамыту қажет құндылықтар мен дағдыларды ескере отырып жұмыс жасаудамын. Оқушылардың сапалы білім алып қана қоймай, сонымен қатар өзара достық қарым-қатынаста жұмыс жасай отырып, айналасындағы басқа оқушыларға қамқорлық көрсетіп көмек көрсетуіне мән беремін. Топта жұмыс жасауды жолға қойып, әр түрлі топта ынтымақтастықта жұмыс жасауы оқушылардың бірін-бірі тыңдау мәдениеттілігіне алып келеді. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағындағы оқушыларды «академиялық тілде» сөйлетуге тырысамын, өз ойын анық айтуға және өзгенің пікірімен санасып, өзгені тыңдай білуді талап етіп отырамын.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы шеңберінде оқушылардың бойында қалыптастыру қажет дағдылар мен құндылықтар мұғалімдерге ұсынылып отыр, тек соны әр сабағымызға тиімді қолданып дұрыс кіріктіре отырып жоспарласақ ұрпағымыздың заман талабына сай озық ойлы шәкірт тәрбиелеріміз хақ.
Сонымен қатар «Мәңгілік елдің» 7 құндылығы да мектепте қолданыс табуда. «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан ХІІІ ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты - Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Оқушыларымыздың өз елінің тарихы туралы ақпаратты жаңғыртып қана қоймай жастардың бойына қазақи құндылықтарды сіңіріп, қазіргі жаһандық даму жағдайында оларды батыс мәдениетінің негізінен алыстатып, өзіміздің рухани бай мұрамыздың құндылықтары тұрғысынан тәрбиелеу - алда тұрған басты міндеттердің бірі.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру мақсатында балаларды тәрбиелеуде және оқытуда ғасырлық тарихи дәстүрі бар қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің негізгі идеялары мен құндылықтарын қалпына келтіріп, кеңінен пайдалануымыз керек деп ойлаймын.
Қорытындылай келе, мен бұл өзгеріске өзімнің оң көзқарасымды білдіргім келеді. Өйткені өзгертілген сабақ жоспарының нәтижесі көңіл толарлықтай. Мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы, бағыттаушы рөлінде болады. Әр оқушы өздігінен жұмыс істеуге мүмкіндік алады, өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік береді, жауаптар тыңдалады. Оқушының жеке қабілеті анықталып, іштей бір-бірінен қалмауға тырысады.
Тапсырманың күрделену деңгейіне қарай оқушының ойлау, орындау қабілеті артады Өзін-өзі тексеруге дағдыланады. Мұғалім жекелеген оқушыларға көмектесуге мүмкіндік алады. Жеке басты құрметтей отырып, білім алуға жағдай жасау қазіргі оқытудың негізгі талабы. Оқушылардың бәрінің ойлау қабілеті бірдей емес. Сондықтан бұл мәселеге психологиялық тұрғыдан қарап педагогикалық әрекет, әдістемелік шеберлікпен жұмыс жасау керек. Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөзі ойға оралады «Шеберліктің белгісі түрлі әдісті болу» бір сабақтың әр кезеңінде түрлі әдістерді орнымен пайдалану арқылы көп нәтижеге жетуге болады.
Мұғалім өз білімін, білігін, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруы және жаңа педагогикалық технологияны меңгерген болуы қажет. Қазіргі мұғалім педагогикалық жұмыста жүйелі іс-әрекет жүргізетін, өзгерістерге тез төселе алатын, жаңаша ойлай білетін, оқушылармен тіл табыса алатын, іске шебер болуы керек.
Ал оқушы дүние танымдық қабілеті жоғары, ізденімпаз талапты, өз алдына мақсат қоя алатын және сол мақсатқа жету жолына іс-әркет жасайтын, өзін-өзі реттей алатын, тақырыпты өз бетінше түсіне алатын, жан-жақты дамығын болуы керек. Осылай қалыптасқан оқушы ғана сапалы білім иесі атанса оны жетелеген мұғалім табысты ұстаз болары хақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында сөйлеген сөзі. – Астана қ., 2016.- 26 сәуір.
2. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін түсіндіру бойынша әдістемелік құрал. – Астана:Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016. Б.17-18, Б 25.