Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI509

Ізгі педагог Ахмет Байтұрсынов

Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 28 (15) қаңтарда Торғай уезіне қарасты Тосын болысының 5-ауылында Сартүбек деген жерде дүниеге келген. 

Ахметтің әкесін бауырларымен қоса уезд билеушілерінің зорлық-зомбылығына көнбегені үшін ұстап әкетіп, соттап жібереді. Олардың балаларын Ерғазы қамқорлығына алады. Ақтастың баласы Аспандияр мен Байтұрсынның баласы Ахметті Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне беріп оқытады. Бұған дейін Ахмет ауылдың мұсылманша сауатты адамдарынан хат таниды. Ахмет училищені 1891 жылы бітіреді. Ахметтің әкесі мен ағасы елге 17 жылдан соң оралады. Сол жылдардың ішінде Ахмет жоқшылық пен қиыншылықтың ауыр жүгін көтереді. Әйтсе де оқуын жалғастыруды тоқтатпайды. Ол оқу іздеп Орынборға барады. Онда Ыбырай Атынсарин салдырған оқу орны – «Учительская школаға» түседі. Осында төрт жыл оқып, 1895 жылы бітіріп шығады. Ағартушылық қызметіне кіріседі. Ахмет Байтұрсынов қазақ қауымының сауатын ашып, білім беру жолына түседі. 

Ахмет Байтұрсынов 1895-1909 жылдары Қостанай, Ақтөбе, Қарқаралы уездерінде бала оқытады, екі кластық училищелерде сабақ береді. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жаза бастайды. 

«Қазақ» атты газетке редактор болып тағайындалады. Бес жыл бойы (1913-1917ж.ж) осы газетті өз қаражатына шығарады. Ол 1917 жылы газеттен кетіп, «Алаш» партиясының жұмысына араласады. Әртүрлі мемлекеттік басқару істеріне, қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп, ұстаздық қызметін тоқтатпаған. Еліне адал қызмет етіп, халқының болашағы үшін бар өмірін сарп еткен ұлы тұлға.

Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының «рухани көсемі» болған тарихта айырықша орны бар зор тұлға, ірі қайраткер. А.Байтұрсынов қазақ халқының тілін, әдебиетін, мәдениетін зерттеуші ғалым. Өнер иесі – ақын. Ол қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, оқуын жалғастыруға күш жұмсаған ағартушы. Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралда қолайлы һәм сайлы болуы. Үшінші, мектепке керегі белгіленген программа. Ал енді «Жұртқа тәртіпті мектеп керек. Мектепке сайлы мұғалімдер керек» деп айтқаны мектептің адам өмірінде алатын зор міндеті барын, оны дұрыс қолға тапсыруды көрсеткені деп білеміз. 

«Халық жауы» деп атылған Ахмет Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек еліміз тәуелсіздік алған соң ғана шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А.Байтұрсынов шығармаларының жинағы (1989 ж.) шықты, «Ақ жол» кітабы 1991 жылы жарық көрді. 

Ахмет Байтұрсыновты М.Әуезов «қазақтың «рухани көсемі» деп атағаны әрине, бекер емес. Халықтың рухани өміріне жанашырлық танытып, әрдайым елмен бірлікте болған рухани ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылық қызметі ізгілікке толы болған. Ол атқарушылық қызметті де атқара жүріп, оқу-ағарту ісінен ешбір қол үзбеген қайраткер. Өзі үшін емес, халық үшін өмір сүрген рухани көшбасшы, өйткені Ахмет Байтұрсынов өз өмірін халық үшін құрбан еткен абзал азамат. Өз халқының өмірінің сан-саласына араласып, өз көзқарасын ашық ортаға салған қоғам қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлының ойы, сөзі, ісі әрдайым бірлікте болған. Сонысымен де ізгі педагог. Ахмет Байтұрсынұлының оның өмірі мен қызметі, рухани мұралары  ұрпаққа баға жетпес үлгі.  

 

 

354 0
Каракоз Адилбаева, №1 Ахмет Байтұрсынов мектеп- лицейдің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Түркістан облысы, Түркістан қаласы Ұлы дала Ұстазы № 000302
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: