Қазіргі уақытта ғылым мен техниканың және мәдениеттің қарқынды дамыған кезеңінде жеке тұлғаның даму деңгейіне қойылатын талаптар артып келеді. Қазіргі заманғы адамның қабілеті сыни тұрғыдан ойлау, әр түрлі ғылымдар саласындағы білімді өз бетінше меңгеру қабілеттілігі, сондай-ақ оқу, математикалық сауаттылығына негізделген объективті шешім қабылдауымен сипатталады [1-2]. Осы орайда өз бетінше білім алуда химиялық эксперименттің маңызын атап айтқан жөн.
Химияны оқытуда химиялық эксперимент маңызды рөл атқарады. Оқыту мен таным құралы ретінде оның ерекшелігі бақылау процесінде және эксперименттерді өз бетінше орындауда оқушылар заттар мен химиялық процестердің қасиеттері туралы білімді тез меңгеріп қана қоймайды, сонымен қатар химиялық эксперименттер арқылы білімді бекітуді үйренеді және өз бетінше жұмыс істеу дағдысына ие болады. Эксперименттік жұмыс жүргізгенде және болып жатқан процестерді бақылай отырып, олар заттардың алуан түрін үйренеді, салыстыру, жалпылау және қорытынды жасау үшін фактілерді жинақтайды [3].
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, зерттеуді жүргізуге мүмкіндік беретін және оңтайланған шешімдер қабылдауды қамтамасыз ететін жолды іздеу қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты 9-сынып оқушыларының жеке қабілеттерін ескере отырып, әр түрлі деңгейдегі нұсқаулықтар арқылы оқушылардың экспериментті өз бетінше жоспарлау дағдысын дамыту мақсаты бойынша жұмыстар жасалды. Мектеп бағдарламасында химиялық эксперимент арқылы оқушы жүргізілген реактивтермен және құрылғылармен жұмыс жасауды үйреніп қана қоймай, сонымен қатар жұмысты жүргізуды жоспарлау, өзгерістерді бақылап, қорытынды жасап, алынған нәтижелерін талдауды үйренеді.
Ағымдағы оқу жылында жағдайға байланысты барлық сабақтар қашықтан оқыту форматында MS Teams платформасында өтті. Бұл орайда, тәжірибелік жұмыстар видеоресурс, виртуалды зертхана, онлайн симулятор түрінде жүргізілді, яғни осы құралдардың оқу мақсатына жету, өз бетімен экспериментті тиімді жоспарлауға қалай әсер ететінін анықтау керек болды. «Ерітіндідегі ион алмасу реакциялары» тақырыбын игеру барысында оқушыларда қарапайым химиялық реакциялар туралы білу, түсіну, қолдану дағдыларын меңгерген болуы керек. Бұл жерде оқушылар алдыңғы сабақтарда қарастырылған байланыс түрлерін ескере отырып, әр түрлі еріткіштерде заттардың еруі туралы түсінік қалыптастырылып, заттарды суда еріткен кезде олардың иондарға ыдырайтыны туралы және алдағы тақырыптарға дайындық ретінде реакция теңдеулерін иондық түрде жазуға үйренеді. Бұл тақырыпта оқу бағдарламасына сәйкес төменгі дағдыдан жоғары деңгей дағдыларына ауысу қарастырылған, яғни оқушы экспериментті өз бетімен жоспарлап қана қоймай, жүргізілген тәжірибелік жұмысқа талдау жасап, ион алмасу реакцияларын өз бетімен жазуға және қорытынды жасауға дағдыланады.
Сабақтың жоспарына сәйкес алдымен алдыңғы тақырыпты қайталаудан басталды. Қайталау барысында оқушылардың барлығы «ион», «диссоциация» ұғымдарын білетіні, сегіз оқушы диссоциациялану реакциясының жүру барысын түсіну деңгейінде, жеті оқушы диссоциациялану теңдеуін жазу арқылы «қолдану» деңгейінде екендігін көрсетті. Сонымен қатар бұл кезеңде оқушылардың жоғары деңгей дағдыларының төмен деңгейде екендігі анықталды. Сол себепті, сабақты пайымдау кезеңінде оқушыларды ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында «ион алмасу реакцияларына қандай жағдайлар әсер етеді?», «ион алмасу реакциялары қандай жағдайда соңына дейін жүреді?» сияқты сұрақтар ұсынылды. Алайда оқушылардың ешқайсысы нақты жауап бермегенімен, екі оқушы алдыңғы біліміне сәйкес реакцияның жүру жағдайына байланысты қайтымды және қайтымсыз болатынын еске түсіріп, ион алмасу реакцияларының осыған байланысты болуы мүмкін екендігін айтты. Ары қарай мұғалім және оқушылардың өзара диалогқа қатысуы арқылы жаңа тақырып талқыланып, осының нәтижесінде оқушылар өздерінің ойларын қалыптастырып, дамытты.
Зерттеу сабағының жоспарына сәйкес бұл сабақта эксперименттік жұмыс қарастырылған, сол себепті оқушыларға тәжірибелік жұмыстың тақырыбы таныстырылып, оқушыларға жұмыстың мақсатын, болжамын құрып, экспериментті өз бетімен жоспарлау ұсынылды. Ол үшін Padlet жүйесі қолданылды, осы арқылы оқушының әрқайсысының әрекетін жеке бақылауға мүмкіндік болды. Ары қарай оқушылардың жеке қабілеттеріне сәйкес олар топқа бөлінді, әр топқа видеоресурс таратылды. Сонымен қоса, оқушылардың қабілеттерін ескере отырып, саралап оқыту әдісінің рөлін айта кеткен жөн, бұл әр түрлі деңгейдегі нұсқаулықтардың көмегімен жүзеге асырылды. Мысалы, А деңгейлі оқушыларға реакцияға түсетін қосылыстар және реация өнімдері толық қарастырылған видео берілді, В деңгейлі оқушыларға реакцияға түсетін қосылыстар және оның формулалары көрсетілген видео берілді. Жоғары С деңгейлі оқушыларға тек қана реактивтердің атауы көрсетілген видео берілді. Сондай-ақ, топпен жұмыс жасау арқылы, оқушылар әркімнің ойын тыңдап қана қоймай, оларды ары қарай талқылау арқылы да ойлау қабілеттерін, оған қоса сөйлеу қабілеттерін дамыта алады. Сонымен қоса әр топқа аталған деңгейлерге сәйкес нұсқаулықтар берілді. Әрбір топ өзіне берілген тәжірибені MS Teams ашылған жеке жиналыстарда қарай отырып берілген тапсырманы орындады, яғни нұсқаулықты толтырды, осылайша оқушылардың барлығы оқыту мақсатына жету көзделді. Бұл жерде оқушылар эксперименттік жұмысты бақылап қана қоймай, сабақ барысында түсіндірілген, яғни ион алмасу реакцияларының қандай қосылыстар арасында жүргендігін болжап, химиялық реакцияның молекулалық, толық иондық және иондық теңдеулерін жазу, яғни алған білімдерін талдап, қолдануға негізделген. Сабақты талдау және бекіту кезеңі жеке жұмыс арқылы жүзеге асырылды. Бұл жерде оқытушының рөлі оқушыларға өз беттерімен материалды меңгеруге жауапкершілік алуға көмектесу болып табылады.
Ары қарай оқушылардың экспериментті жоспарлау дағдысын дамытуды бағалау маңызды болғандықтан, жұмысты жоспарлау барысында мұғалімнің кері байланысы арқылы оқушылар өзін-өзі бағалау жүргізілді. Зерттеу тақырыбы бойынша топқа берілген видеоматериалды игеруді бағалау үшін мұғалім алдын ала дайындаған критерийлер бойынша бірін-бірі бағалау жүргізілді. Бұл орайда оқушылар алған білімдерімен бөлісу мақсатында оны сыныпқа түсіндіруі, сонымен қоса олардың жұмыс парағын толтыруы барысында академиялық тілді қолданулары бағаланды. Мысалы, зерттеу тақырыбы бойынша видеоматериалда ион алмасу реакциясының соңына дейін жүретін жағдайлары, яғни тұнба, газ және су түзілуі бойынша жүргізілген тәжірибелік жұмыс берілген. Түсіндіру барысында оқушылар «электролит», «диссоциация», «ионға ыдырау», «ион алмасу», т.с.с. тіркестерді қолдануы керек болған. Сол себепті, экспериментті жоспарлаумен қатар академиялық тілді қолдануды жетілдіру қажет екені анықталды. Эксперименттік жұмысты көру нәтижесінде алған білімдерін бекіту мақсатында берілген жеке жұмыс дұрыс жауапты көрсету арқылы өзін-өзі бағалау арқылы жүргізілді. Бұл оқушылардың алған білімдерін қолдану деңгейіне қатысты болды және сол арқылы оқушылар химиялық реакция теңдеулерін молекулалық түрде жазумен қата, оларды толық иондық және иондық түрде жазуды үйренді. Осылайша, қалыптастырушы бағалау арқылы мұғалім әр оқушының оқу мақсатына жету үшін қандай да бір дағды, соның ішінде экспериментті жоспарлау дағдысы бойынша әлсіз тұстарын анықтап, сол «кемшілікті» жою мақсатында оларды өзін-өзі немесе бірін-бірі бағалау жүргізілді және осының нәтижесі мұғалімнің қалыптастырушы бағалау түрлеріне өзгерістер енгізуді көздейді.
Жалпы зерттеу сабағының нәтижесінде, келесідей негізгі қорытындыларды атап өткен жөн:
- әріптестермен жоспарлау барысында оқушылардың мәліметті қабылдау қабілеті, мүмкіндігі және білім деңгейлеріне байланысты жеке тапсырмалар дайындауға аса мән берген жөн, себебі осы арқылы оқу мақсатына толық жету жүзеге асырылады;
- оқытуда әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың оқу, зерттеу, жоспарлау және талдау жұмыстарына деген қызығушылығын оятып, белсенді қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге болады. Сабақтар бір типтес және көбінесе лекциялық түрде өтпес үшін, әсіресе қашықтан оқыту кезінде қолданылатын әдіс-тәсілдерді таңдауға аса мән берген жөн. Тәжірибе барысында және оқытуда әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігіне, оның оқушылардың интеллектуалды дамуына және оқытудың тиімділігіне оң әсер ететіндігіне көз жеткізілді;
- жалпы алғанда, «Ерігіштік және ерітінділер» бөлімі бойынша жиынтық бағалауда зерттеліп отырған сынып оқушыларының білім көрсеткіші орташа есеппен 87% құрады, алайда жоғарыда қойылған мақсат бойынша экспериментті жоспарлау дағдысы әлі де жалғасуда.
Эксперименттік жұмыс химияны оқыту кезінде теорияны тәжірибемен байланыстыруды жүзеге асырудың маңызды жолы болып саналады. Оқушылардың практикалық дағдыларын, оның ішінде экспериментті жоспарлау дағдысын дамыту уақытты талап етеді. Сол үшін мұндай дағдыны қалыптастыру кезеңмен жүргізілуі тиіс. Сонымен қоса, эксперименттік жұмыс арқылы химия пәнін оқытудың тиімділігін арттыру үшін әрдайым кері байланыс беріліп отырылуы керек. Химия пәнінде экспериментті жүргізуді жоспарлауды жүйелі түрде қолдану оқушылардың меңгерілген білімдері бойынша құбылыстарды бақылауға, эксперименттік дағдылары мен біліктіліктерін қалыптастырып, жетілдіруге, өзін-өзі бақылау, өз жұмысын жоспарлау дағдыларын дамытуға көмектеседі, яғни оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушылар топта жұмыс істегенді ұнатып қана қоймай, бірін-бірі тыңдауға және ести білуге үйренді, сондай-ақ зерттеу тақырыбы барысында оқушылар алдын ала дайындалған критерийлер бойынша өзін-өзі, бірін-бірі шынайы бағалауға үйренді.
Қолданылған әдебиеттер
1. Бекбаева Ж.С. Казахстанские исследования в области формирования критического мышления учащихся // Материалы Международной научно-теоретической конференции «Сейфуллинские чтения – 15: Молодежь, наука, технологии – новые идеи и перспективы», приуроченной к 125 - летию С.Сейфуллина. - 2019. - Т.І, Ч.2 - С.92-94
2. Решетников М. Т. Планирование эксперимента: учеб. пособие. – Томск: ТУСУР, 2000. – 121с.
3. Wang Jui-Sh., Pascarella E.T., Nelson Th.F. How clear and organized classroom instruction and deep approaches to learning affect growth in critical thinking and need for cognition // Studies in Higher Education. - 2015. - https://doi.org/10.1080/03075079.2014.914911