Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI475

Интербелсенді оқыту арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру

  Егеменді еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты – жан-жақты дамыған, алдыңғы қатарлы елдермен теңесу. Ал оған жетудің басты жолдарының бірі –әлемдік білім кеңістігінен орын алу. 

 Мұның өзі ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындап, оны тың арнаға, жаңа сапаға жеткізу қажеттілігін міндеттейді. Сондықтан да білім мазмұнын байыту, оқыту үдерісін жетілдіру, инновациялық технологияларды дүниеге әкелу, жан-жақты дамыған, рухани бай, өз елін, халқын жанымен сүйетін тұлға қалыптастыру өз шешімін қажет ететін, кезек күттірмей, іс жүзіне асыратын мәселе болып отыр.

 

Білім – қазақ халқының болашаққа бару жолындағы үлкен стратегиялық қоры. Білім беру жүйесін заман талабына қарай өзгерту, дамыту, жаңа талаптарға бейімдеу  – қоғамдық мәні үлкен мәселе. Қазақстандық білім беру жүйесі тарихының жаңа кезеңі оқытудың жаңа жүйелері мен жаңа технологияларын зерттеуді, тиімділігін анықтап, оқу үдерісіне енгізумен ерекшеленеді.

Бүгінгі күні интербелсенді оқыту барлық  дерлік дамыған елдердің білім беру жүйелерінің басты әдістемесі ретінде танылып отыр. Бұл әдістеменің басты ерекшелігі ретінде үйренушіні белсенділендіру,оны өздігімен білім іздену деңгейіне жеткізіп, өмір бойы өздігімен  білім алатын дәрежеге шығару ұстанымдарын атауға болады. Елімізде де интербелсенді оқыту орта және арнаулы орта мектеп, жоғарғы оку орындарының сабақ беру әдістемесінен жан-жақты көрінуде.

       Интербелсенді (интерактивті) оқу/оқыту бірінші мезетте білім игеру процесіне қатысушылардың  тиімді қарым-қатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген «интерактив» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» - «әрекет жасау»дегенді білдіреді.

       Басқаша айтканда «интербелсенді» біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау,диалог құру.

       «Интербелсенді» дегеніміз диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші-үйренуші», «үйренуші-үйренуші», «үйренуші-өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас ( «әңгіме», «сұхбат», «бірлескен әрекеттер»).

       Интербелсенді оқыту білім игеру процесін келесідей ұйымдастыруға ынталы:

1) барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау;

2) әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе                   талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.

Сонымен интербелсенді оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанады. Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу,үйренудің) ортақ мағынысына және аяққы нәтижесіне өз үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, ойларымен алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену/оқу әрекеттері арқылы жете алатындығын анықтайды.                      

         Мұндай қарым-қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен қолдау атмосферасында өтіп, тек қана жаңа білім игеруге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге таным процесін өзара ынтымақтастық пен бірлесу деңгейлеріне көтереді, яғни қарым-қатынас пен оның негізгі нысаны диалогты танымның басты құндылығына айналдырады.

Интербелсенді оқыту келесі жұмыс түрлері мен әрекеттер арқылы жүзеге асырылады:

- бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл сыныптың)

- жеке және бірлескен ізденіс пен зерттеу жұмыстары,

- ситуативтік және ролдік ойындар,

- ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау (кітап,лекция,интернет,құжаттар,мұражай,басқа адамдар:мамандар т.б.)

- шығармашылық жұмыстар т.б.

Өз кезегінде бірлескен жұмыс әдістері өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың құралы болып табылады, олар дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік  дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды.

 Интербелсенді оқытудың негізгі қағидалары:

- Орта қалыптастыру;

- Бірлескен әрәкеттер арқылы үйрету/үйрену;

- Өмірмен байланыстыру;

- Өзінділік пен дербестікке баулу;

Мақсаттары  :

- Білім алушы оқып/үйренуде өз әрекеттерінің жемісті екендігін сезінетін жағдайлар жасау;

- Үйренушілер арасында ашық,еркін,шығармашылық қарым-қатынас орнату;

- Үйренушілерге білімді дайын күйде бермей,оны ізденуге бағыт-бьағдар сілтеу;

- Үйренушілерге білімнің өзіндік әрекеттер арқылы ғана тиімді түрде меңгерілетіндігін дәлелдеу;

- Үйренушілерді белсенді әрекеттерге баулып, олардың білім игеру әрекеттерін ұйымдастыру;

- Үйрету/үйренуді практикалық әрекеттерге негіздеу, пән мен тақырыпты күнделікті өмірде туындайтын проблемаларды шешу деп қарастыру;

- Үйренушілердің дайын жауаптарын қанағат тұтпай, оларды ой-толғаныс арқылы өзіндік пікір құрастыруға,проблема шешуде өзіндік тұрғыдан жауап табуға ынталандыру (егер шәкәрт жауап бере алмаса, дұрыс жауапты өзі беруге асықпай, оны басқа үйренушілердің табуына ықпал жасау);

- Үйренушілерге сыни және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыру (күмәндану, ақпараттан әртүрлі мағынаны  көре білу,өзіндік түсінікке ұмтылу,дәлелдеме келтіру).

 

Интербелсенді оқуды ұйымдастыру ережелері.

 

v Бірінші ереже. Сынып бөлмесін жұмысқа дайындау.

      Сынып бөлмесі оқушылардың  еркін түрде жұмыс жасауына қолайлы болуы керек. Мәселен әр сабақта оқушылар шағын топтар құрамын сан рет өзгертуі ықтимал, сол себепті де парталар мен үстелдер олардың емін еркін қозғалуына кедергі болмауы кажет.

    Тиімді жұмыс жасауы үшін аудиторияда тақта  немесе интерактивті тақталар, қол астында бор, қағаз (А-1 және А-4 форматтардағы),маркерлер болғаны дұрыс.

 

v Екінші ереже.Топқа бөлу.

      Әр сабақта оқушыларды шағын топтарға бөліп, сол арқылы олардың бірлесе жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасау керек. Оқушыларды шағын топтарға 4 адамнан бөлген тиімді. Олардың партаны жағалай бет қаратып отырғаны дұрыс.

      Топқа бөлу әдетте кездейсоқ  түрде жасалады. Алайда жыл бойы бір оқушы басқалармен барлық  сабақтарда топ құрамында жұмыс жасап шығуы керек. Мұндағы басты мақсат – оқушылардың бір-бірімен тиімді қарым –қатынас құрып, ортақ тіл таба білуіне ықпал жасау.

        Топқа бөлуді әрекетке негіздеп, қызықты етіп өткізген жөн.

 

v Үшінші ереже.Мақсаттарды және күтілетін нәтижелерді айқындау.

      Әр сабақтың басында бүгін қарастырылатын тақырып бойынша ұстаз өз тұрғысынан сабақтың мақсаттарын айқындап, оқушылардың  қандай білім, білік, дағды, әрекеттер күтілетіндігін жеткізеді. Сонан соң оқушылардың  өздері де сабақтан қандей нәтиже күтетіндерін құрастыруды талап еткен орынды. Бұл әрекет әр  оқушыда  өзінің сабаққа тікелей қатысы бар екендігі  туралы ойды нақтылап, оларды  «Сабақта мен қандай білім ала аламын? Ол үшін мен қандай жұмыс әрекеттер атқаруым керек?» деген сұрақтар төңірегінде ой-толғаныс жасауға шақырады.

 

v Төртінші ереже.Жұмыс ережелерін қабылдау.

      Сабақ басында жұмыс ережелерін қабылдап, оларды әрі қарай  қатаң ұстану оқушыларды тәртіпке шақырып, тиімді әрі үнемді түрде жұмыс жасауға қолайлы. Ол үшін әрбір шағын топ бұл мәселені 1-2 минут талқылап алғаннан кейін, олардың ұсыныстарын көлемді параққа (флип-чат, плакат) түрлі-түсті маркерлермен жазып, аудиторияның көрінетін жеріне іліп қоюға болады. Ұстаз тарапынан емес, өздері құрастырып қабылдаған ережелерді оқушылар мейлінше қадағалауға тырысады.

       Ережелер сан-алуан болуы мүмкін, мәселен, жұмыс регламенты, реті мен тәртібін анықтайтын, алайда олардың дені бірлескен жұмыста сыйласымды қарым-қатынас құруға  бағытталғаны жөн. Мәселен, «Біреу сөйлегенде оның сөзін бөлмейік!», «Кешікпейік!», «Қысқа да нұсқа сөйлейік!», «Уақытты үнемді әрі тиімді пайдаланайық!», «Берілген тақырыптан ауытқымайық!», «Біз үшін әрбір пікір құнды!», «Жекелей жұмыс жасағанда, бір-бірімізге бөгет жасамайық!»,т.с.с

 

v Бесінші ереже.Сеніммен жұмыс атмосферасын қалыптастыру.

      Оқушыларды психологиялық тұрғыдан интербелсенді оқуға дайындау қажет. Әдетте сабаққа келгендердің бәрі дерлік оқуға белсене араласып кетуге дайын емес, өйткені олардың өздерін ыңғайсыз әрі дискомфортты сезінуі мүмкін. Мұның себептері де баршылық:

- өзіне көтеріңкі жауапкершілік жүктеуі және содан қаймығу, жүрексіну,

- оң нәтиженің  шығуына күмәндану,

- жазалаудан немесе күлкі-мазаққа жығылудан қаймығу,

- еріншектік пен шаршағандық,

- назарын жинақтай алмау (мәселен үзіліс кезіндегі оқиғалардың немесе алдыңғы сабақтың әсері болуы)

Оқушылардың сабақ барысында барлық шарттылықтардан арылып, ойлау аппаратын белсенділендіріп, жұмысқа толық ниеттеліп, қызу кірісіп кетуін бірінші мезетте ойсергектер арқылы жүзеге асыруға болады.Ойсергектер арқылы аудиториядағы оқушылар өздерін жеңіл сезінеді, ашылады, әрқайсысы біртұтас ұжымның өкілі ретінде алда күтіп тұрған бірлескен күрделі жұмысты атқаруға дайындалады.

      Ойсергектер келесі мазмұнда болуы мүмкін:

      1.Жағымды психологиялық сезім,көңіл қалыптастыратын әрекеттер.

      2.Логикалық ойлауға негізделген тапсырмалар (есептер, мәселелер, жұмбақтар).

      3.Көңіл көтеретін ойын түріндегі іс-әрекеттер.

      4. «Өзіңді таны» тақырыбындағы тестер.

 

v Алтыншы ереже.Барлық оқушылардың  жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз ету

      Интербелсенді оқу аумағында өтетін сабақ мақсаттарының бірі бірлесе жұмыс жасау болғандықтан, әр қатысушының жұмысқа белсене қатысқаны абзал.  Оқушылардың білім игеру жұмысының, оның ішінде әсіресе бірлескен жұмыс әрекеттерінің қызықты әрі тартымды екендігіне көздерін жеткізгені дұрыс. Сол себепті де сабақтың басты тәсілі ретінде топтық жұмыстарды тану керек.

 

v Жетінші ереже.Тыңдай білу: барлық пікірлер тыңдалуы керек.

      Суырлып алға шығып сөйлегеннен гөрі тыңдай білген қиын да шығар.Топтық талқылау кезеңінде барлық оқушылардың өз пікірін келтіріп,басқалардың оны мұқият тыңдап, оның пікірін силап,санасатын жағдай жасап отыру қажет. Барлық  қатысушылардың пікірі тыңдалуы керек.

      Топтық бірлескен жұмыстан соң (талқылау,пікірлесу,ой қозғау,тапсырманы бірлесе орындау,т.б) әр топқа өз пікірі мен көзқарасын жариялау мүміндігін беру керек. Ол үшін топ атынан бір оқушы (сөйлеуші, спикер, капитан т.б) берілген уақыт ішінде өз ойлары мен ұйғарымдарын ортаға салады.

        

v Сегізінші ереже.Жазбаша жұмыстар.

       Оқушылардың сабақта қалай жұмыс жасағандығын,оның материалды қандай деңгейде игергендігін білу мақсатында сабақ соңында жазба жұмыстарын орындау керек. 

       Үйренудің басты мақсаты-тұлғаның дамуы,оның ішінде әсіресе ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдылардың өркендеуі. Ал жазу –ойлаудың шырқау биігі. Жазуда оқушы сонымен қатар «МЕН» тұрғысынан өзінің ішкі жан дүниесін ашып ,оны асқақтата түседі.Сол себепті де әр сабақта жазу жұмыстарын жиі қолданып отырған орынды. 

        Ал оқушының  бүгінгі сабақта  қандай дәрежеде білім алғанын, оның өсуі мен дамуын, яғни оның білімін бағалауды тек жазбаша жұмыстарды орындауынан ғана  объективті түрде білуге болады. Жазу жұмыстары оқушы білімін бағалаудың дәлелді нысаны. Математика сабағында бақылау жұмыстарын орындау арқылы өз жұмыстарын дәлелдей алады.

            

v Тоғызыншы ереже.Кері байланыс.

       Кері байланыс дегеніміз - сабақтың соңында оның тиімділігі мен қандай дәрежеде өткендігі туралы оқушылардың   пікірлері. Мұғалім оқушыларға бірнеше сұрақ қойып- олардың ойларын, қандай сұрақтары мен мұқтаждары бар екендігін, бүгінгі сабақ туралы пікірлері қандай екендігін анықтайды. Бұл жауаптар алдағы сабақтарды жоспарлауда қолданып, келесі сабақты оқушылардың пікірлері негізінде құрастыруға бағыттайды.

       Оқушылар «Сабақ қалай өтті: қызық болды ма?», «Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?», «Бүгін не нарсеге үйрендіңіз?», «Бүгінгі үйренгеніңіз Сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?», «Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді?», «Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз ,ұсыныстарыңыз бар?» деген сұрақтарға жауап береді. 

        Кері байланыс ұстаз бен оқушылар  арасында сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға бағытталады. Сонымен қатар ол өткен сабақты бағалау мен талдаудың ,келесі сабақты жоспарлаудың тиімді түрі болып табылады.    

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. «Заман  талабына сай физика сабағында АКТ-ны пайдаланудың мүмкінділігі мен тиімділігі» Х.М. Есенова 
  • “12 жылдық білім” атты Республикалық ғылыми - әдістемелік және ақпараттық – сараптамалық журнал, №7 2005 ж. және №2 2006 ж.
  • “Математика және физика” ғылыми - әдістемелік журналы, №1,2006 ж.
  • Математикадан  аймақтық олимпиада. Батыс Қазақстан білім беру жүйесінің ғылыми-әдістемелік орталығы. Орал, 1999 ж.
  • Ұстаздар сайты u-s. kz

 

 

1 084 1
УЛЖАН ЕСЕНБАЕВА, №49 Жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Шымкент қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000271
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *:

Айгерім
19 октября 2021 13:10
Өте керек ақпараттар