Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI471

Қонақжайлылық

Қонақжайлылық – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерінің бірі.  Қонақжайлылық – адамдар арасындағы бір-біріне деген сыйластықты, құрметті, қамқорлықты білдіретін кісінің адамгершілігі мен имандылығын айқындайтын қасиет.

 Қазақ халқы – ежелден қонақ десе ішкен асын жерге қоятын халық. Үй иесі бұрын танысын, танымасын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Жол жүріп кеп жатқан жолаушы жалынбай ауылдың кез-келген үйіне түсіп, қонақ болған. Қазақ «Қырықтың бірі — Қыдыр» дейді. Мұнысы қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді деп есептеген. «Қонақты қуа берсең құт қашады» деу де содан. 

Әр ұлтта өз мәдениетіне сай әр түрлі әдет-ғұрыппен сипатталады. Қазақ халқының бойындағы кеңдік пен дархандық, жомарттық қасиеттер елден ерекше қонақжайлық дәстүрінен айқын көрінеді. Қонаққа лайықты құрмет көрсету, қабақ шытпай қарсы алып, үйіндегі барын дастарқанға қойып күту – ежелден қалыптасқан дәстүр. Бұл тұрғыда «Қонақты құдайындай күту» әр шаңырақтың парызы саналады. 

          Қазақ отбасында балалар жастайынан қонақжайлылыққа тәрбиеленеді. Өйткені халық дәстүрі бойынша қонақасы берілген соң, қонақтан әңгіме сұрайды, өнері болса ән салғызып, күй тартқызады, ертегі, қиссалар айтқызады. Қонақ әңгімесіне балалар әрқашан құмар болады. «Адам болар бала қонаққа үйір» деп халық тегін айтпаған. Өйткені әр қонақтан естіген жаңалықтарын есінде сақтай білген жастың өмірді білуі, түсінуі кеңейіп, дүниеге көзқарасы қалыптасады. Көптеген нақыл сөздерді, пайдалы кеңестерді үйренумен бірге, жаманшылықтан жиренуге ден қояды. Олай болса қонақжайлылықтың тәрбиелік мәні аз емес.

          Қонақ күту – халқымыздың ең жауапты ісі. Сонымен қатар, қазақ халқының қонақ күту дәстүрi ел-жұрт арасындағы iзгi қарым-қатынастарды нығайтуға, ағайын-туысқандардың, көршi-қолаңдардың алыс-берiсiне, үлкендi-кiшi болып сыйласуына, өскелең ұрпақты жастайынан көпшiл, мейiрiмдi, үлкендi құрметтеп, кiшiге қамқоршы болуды үйретуге өте зор ықпалын тигiзген. Жалпы қазақтың қонақжайлығына қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер өте көп. Олардың біразы ұмыт қалды. Қонақжайлылық қазаққа ғана тән ұлы қасиеттердің бірі, сондықтан оны жалғастыру қай заманның ұрпағы үшін де маңызды...

1 274 0
ЛӘЗЗАТ ПАЗИЛОВА, Есіл ауданы « Балдырған-2» балабақшасының тәрбиешісі Нур – Сұлтан қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000267
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: