Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI435

CLIL: тіл мен пәнді кіріктіріп оқыту тәсілі қалай пайда болды?

Қазіргі таңда жастарға бұрын-соңды болмаған білім алуға мүмкіндіктер өте көп және жастар дәстүрлі емес оқу тәсілдерін таңдайды. Шетел тілін үйрену үшін ғаламтордың беретін мүмкіндіктерін ескерсек, осыған дейінгі қолданылған оқу тәсілдерін өзгерту жайлы ойлардың туындауы өте орынды.

Әлем елдерінің білім саласында CLIL тәсілі тілді меңгеру мен қатар пәндік білім алудың тиімді жолы ретінде білім саласына тереңдеп енуде.

CLIL термині салыстырмалы түрде жақында пайда болғанына қарамастан (1994 жылы), бұл тілді оқыту саласындағы мүлдем жаңа құбылыс емес. Адамдар көп тілді қоғамда мыңдаған жыл бұрын өмір сүрді. Осындай қоғамда адамдар тобының екі тілділігі және кейбір жағдайларда көп тілділігі өмір сүру құралы болды. Тарихқа үңілсек, өмірде табысты болу, әлеуметтік қарым-қатынас, жаңа іскерлік идеяларды жүзеге асыру, өзге салаларды зерттеп білу секілді міндеттерді орындау үшін көптілді ортада бірнеше тілді білу өте маңызды рөл атқарды. Бұл әсіресе бай-бақуатты адамдарға қатысты өте қажетті үдеріс болған. Мысалы, XIX ғасырдың соңында бақуатты отбасы үшін өзге тілді меңгерудің екі тәсілі ғана болған, бірі баланы шетелге жіберу, екіншісі шетелдік тәрбиешілерді жалдау. Мұндай тілде еркін сөйлейтін адамдармен тікелей қарым-қатынас тек грамматикалық ережелерді ғана емес, сонымен қатар өмірде күнделікті қарым-қатынас үшін қажетті лексиканы меңгеруге ықпал еткен. Тіл пәндерін оқыту үдерісімен салыстырғанда осындай тікелей өмірмен байланысты жағдаяттарда тілді үйрену қарқынды нәтиже берген. Сонымен бірге, олардың көпшілігі шет тілдерін тек қана оқытылатын тілдегі нұсқаулықтар арқылы емес, түпнұсқа тілде сөйлеуші шетелдіктермен күнделікті тілдік тәжірибе арқылы үйренген. Кейіннен көптілді елдерде екі тілді үйрету білім жүйесіне енгізіле бастады. Мысалы, Люксембургте балалар неміс тілін бастауыш сыныптан бастап оқыды, ал француз тілін орта деңгейден бастайтын болған. Мұның барлығы 1843 жылы билингвалды оқыту стандарттары әзірленге дейін орын алды. Билингвалды оқыту стандарты қабылданғаннан кейін француз тілі бастауыш мектепте оқытылатын болған.

CLIL пайда болғанға дейін пәндік мазмұн арқылы шет тілін үйрену принципін Орталық Еуропаның екі көрнекті мұғалімі ұсынған. Олардың біріншісі – баршамызға танымал педагог Ян Амос Каменский болған. Ол шет тілдерін тиімді оқытудың маңыздылығын атап өткен. Екінші көрнекті педагог - Маттиас Бел, словак мұғалімі. Ол грамматикалық мектепте мұғалім, кейін директор лауазымын атқарған. Неміс, венгр, словак және чех тілдерінде сөйлейтін көптілді аймақта орналасқан мектепте жұмыс істеу кезінде ол шет тілдерін үйретуді жеңілдетуге тырысты.

Маттиас Бел үшін тіл - оқу бағдарламасының пәндерін меңгеру құралы болып табылады. Ол: "Сөздерді әлем мен қоршаған ортаны, шындықты тану үшін үйрет" дегенді ұран еткен. Ол мысалы латын тілін үйретуде оқушыларға түрлі жағдаяттарды қолданатын болған. Берілген жағдаятты латын тілінде түсіндіріп, талдау жасату арқылы сол тілде ойлауға үйреткен. Әртүрлі жастағы оқушыларға жас ерекшеліктерін сай келетін бағдарлама жасайтын болған. Көрнекіліктер ретінде суреттер, схемалар, визуалды бейнелегенген әңгімелер арқылы оқушылардың белсенді қиялын дамытты. Сондай-ақ, Маттиас Бел оқушыларды аймақтағы барлық тілде сөйлеуге үйреткен. Барлық тілдерде коммуникативті құзыреттілікті (неміс, венгр және чех тілдерінде) дамытып, бірнеше тілді оқытудың жаңаша әдістемесін ойлап тапқан. Ол грамматикалық ережелердің санын минимумға дейін азайтты және оқушылардың қызығушылықтарын тілдерді, соның ішінде мәтіндерді оқып жатқан елдердің мәдениетіне, географиясына, тарихы мен заңнамалық мазмұнына аударды. М. Бел қарапайым оқу құралын жасады, ол әртүрлі мазмұндағы мәтіндері бар бірнеше кітап болатын. Осы кітаптар бойынша оқушылар жаңа сөздерді оқып, оларды күнделікті тіршілікте қолдануға үйренді. Бұл тәжірибе тілді граматикалық құрылымдарға негіздеп емес, мазмұнға бағыттап үйретуге болатын үдеріс екендігінің дәлелі болды.

CLIL-ге көшу ХХ ғасырдың екінші жартысы, 1970 жылға дейін тіл мен мазмұнды зерттеуге арналған бағдарламаларды құру қажеттілігі географиялық, демографиялық және экономикалық сипаттағы алғышарттарға ие болды. Көбінесе мұндай бағдарламалар белгілі бір лингвистикалық аймақтарда (елдердің шекараларында немесе үлкен қалаларда) қолданылды. Оларды қолданудың мақсаты - балаларға тілдік сипаттағы нұсқауларға сүйене отырып, ана тілдерімен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы шет тілін меңгеруге көмектесу болатын.

Екі тілді бағдарламаларды қолдана бастаған алғашқы елдердің бірі - Канада. Шамамен 1965 жылы Квебек аумағында тұратын ағылшын тілінде сөйлейтін ата-аналар тобы балаларына әлеуметтенуге мүмкіндік беретін балабақшаларға арналған оқу бағдарламасын құруды қажет деп тапты:

1) француз тілінде сөйлеуді, оқуды және жазуды үйрену;

2) оқу пәндері бойынша тиісті нәтижелерге қол жеткізу (ағылшын тілін қоса алғанда);

3) француз және ағылшын тілді канадалықтардың мәдениетін бағалау және құрметтеу. Олар билікке осы мәселені шешу туралы өтінішпен жүгінді. Нәтижесінде Квебек мектептерінде оқушыларды «тілдік ортаға ену» оқыту арқылы шет тілін оқыту бағдарламалары пайда болды. Ағылшын тілінде сөйлейтін оқушылар француз тілінде сөйлейтін балалармен бірге француз тілінде (математика, география) пәндерді оқыды. 1970-1980 жылдары "тілдік ортаға ену" термині екі тілді оқытудың синонимі ретінде қолданыла бастады.

Кейіннен оқу пәндері мен жергілікті емес тілдерді оқыту үшін әзірленген тілдік иммерсия бағдарламалары Канада, Америка және басқа елдерде кеңінен таралды. 1960-1998 жылдар аралығында 300 мыңға жуық канадалық балалар осы типтегі бағдарламалармен оқытылды. 2007 жылға қарай АҚШ-тың жалпы білім беретін мектептерінде 10 тілде білім беретін 317 билингвалды тілдік бағдарлама пайда болды.

1966 жылы Англияда шет тілдерін үйренудің тағы бір тәсілі пайда болды: LAC (Language Across the curriculum) – шет тілін үйрену кезінде пәнаралық байланыстарды қолдану. Бұл технологияны құру идеясы мұғалімдерде пайда болды. Ағылшын тілі сабақтарындағы пікірталастардың рөлі қаншалықты маңызды екендігі туралы ойлана бастаған мұғалімдер оқушылар ойдың тілде қалай тұжырымдалғанын, қоғамда тілдің қандай функцияларды атқаратынын, адамдардың шет тілін қалай меңгеретінін талқылаудан бастағаны дұрыc деп есептеген. Зерттеушілер оқушылар өздері сөйлейтін және мектепте оқитын тілді зерттеуге көбірек қатысуы керек деген қорытындыға келді. LAC-ті дамытудың алғашқы қадамдары эксперименттерге және теорияны ұйымдастыруға негізделген. LAC идеясы өте дәйекті және қисынды болды, бұл оның Англияда, Австралияда және Канадада тез таралуына әкелді. Америка Құрама Штаттарында тәсіл тек ішінара қолданылды: жазу дағдыларын дамыту үшін WAC тәсілі қолданылды. АҚШ-та мазмұнды және тілді бір уақытта оқытуды интеграциялау әдісі ретінде пәнге бағытталған тәсіл (CBI – Content-Based Instruction) және екі тілді оқыту бағдарламалары қолданылады.

Мазмұн және тілді кіріктіріп оқыту CLIL тәсілі бір мезетте екі тәсіл бағытты: пәндерді оқыту үшін екінші немесе үшінші тілді қолдану; мазмұн және шет тілі бір мезетте оқытуды жүзеге асырады. CLIL-бұл жаңа оқыту түрі емес, шет тілін пәндік негізде оқыту – бұл CLIL секілді инновациялық технологияға дейін де көптеген әдістер қолданылған. Барлық CLIL –ге дейін қолданылған әдістер тілді меңгеру және пәннің мазмұнын оқытуды мақсат етеді. Төменде қолданылған әдістер мысалы берілді:

• CBI – Content-based instruction-мазмұға негізделген бағдарлама;

• CBLI – Content-based language instruction-мазмұнға негізделген тілдік бағдарлама;

• CBLT – Content-based language teaching мазмұнға негізделген тілді оқыту;

• Dual-focused language education/ дуалдық негіздегі тілдік білім;

• LAC – Language across the curriculum/ пәндік бағдарламаны тіл арқылы оқыту;

• TFL – Teaching through a foreign language /шетел тілі арқылы оқыту;

• TBE – Transitional bilingual education /ауыспалы билингвалды білім беру;

• WAC – Writing across curriculum/ пәндік бағдарламалар аясындағы жазылым.

Жоғарыда аталған интеграцияланған оқыту бағдарламаларының жетістігі тіл саясатын дамытуға мүдделі еуропалықтардың назарын аударды. 1978 жылы Еуропалық комиссия мектепте оқу бірнеше тілде жүргізілуі керек деген ұсыныс жасады. 1983 жылы Еуропалық парламент шет тілдерін оқыту сапасын жақсарту үшін жаңа бағдарламаны жылжыту туралы бұйрық шығарды. Бағдарлама тез тарала бастады, кейбір мемлекеттік мектептер шет тілінде сабақ бере бастады. Мысалға Еуропалық Одақ елдері де шет тілі арқылы пәндерді интеграцияланған оқыту бағдарламаларын енгізіп, үлгі алды.

Аталған тіл мен мазмұнды бірге оқыту тәсілдерінің ішінде CLIL терең зерттеліп, қазіргі таңдағы тілді және мазмұнды оқытудың тиімді тәсілдерінің біріне айналды. Бұл жайлы шетелдік зерттеушілер де өздерінің пікірлерін білдірді. Мысалы Дейл CLIL –ді билингвизм идеяларының, когнитивті оқыту және конструктивизм теориялары мен шет тілін меңгеру идеяларының нәтижесі деп қарастырады. Ал Койл, Худ және Марш билингвальды оқыту мен тілді тереңдетіп оқыту әдісінің ықпалына мазмұн арқылы тілді үйрену идеясын кіріктіру қажет деп есептейді.

Интеграцияланған оқытудың әртүрлі технологияларының (соның ішінде CLIL) пайда болуының алғышарттары әртүрлі факторлар болды: Тарихи, социологиялық, білім беру сипаты. Алайда, канадалық тілдік иммерсия моделін еуропалық CLIL моделіне көшіру әрекеті сәтсіз аяқталды. Мұны Еуропалық оқытушылар Еуропа мен Канада арасындағы мәдени және тілдік айырмашылықтарды

ескермегендігімен дәлелдеуге болады. Тілдік батыру бағдарламалары Словакия сияқты елдерде тамыр алмады, онда білім беруде өте маңызды рөл атқарған ана тілін қолдануды арттыру қажет болды. Еуропада шет тілінде оқытылатын пәндер саны Канададағы оқытылатын пәндер санынан айтарлықтай ерекшеленді. Сондықтан CLIL-билингвалды оқытудың жеңілдетілген нұсқасы. Соңғы екі онжылдықта CLIL негізінен бастауыш және орта мектептерде таратылды. Алайда, Еуропаның кейбір университеттерінде ағылшын тілінде курстардың немесе бағдарламалардың даму тенденциясы орын алды. Ішінара олар тақырып пен мазмұнға бағытталған тәсілге (CBI) ұқсас болды.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Cenoz J. Content-based instruction and content and language integrated learning: the same or different? // Language, Culture and Curriculum, 28 (1). 2015. С. 8–24.

2. Cenoz J. , Genesee F. , Gorter D. Critical analysis of CLIL: Taking stock and looking forward. // Applied Linguistics, 35. 2014. С. 243–262.

3. Coyle D. Developing CLIL: Towards a theory of practice. In: CLIL in Catalonia. From Theory to Practice. APAC Monographs 6. 2005. С. 5–29.

4. Dalton-Puffer C. Content and Language Integrated Learning: From Practice to Principles? // Annual Review of Applied Linguistics, 31. 2011. С. 182–204.

5. Long M. H. The role of the linguistic environment in second language acquisition. In Ritchie, W. C. & Bhatia, T. K. (Eds. ), Handbook of language acquisition: Vol. 2. Second language acquisition. 1996. С. 413–468.

352 0
ҚЫЗЖІБЕК АБДРАМАНОВА, Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері Нұр-Сұлтан қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000236
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: