Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI427

Отбасындағы бала тәрбиесі.

     Отбасы - ең алғашқы тәрбие негізін қалаушы орта. Жанұядағы тәлім-тәрбие  баланың тұлға болып қалыптасуында ықпалы өте жоғары болып табылады. Мысалы, отбасы мүшелерінің мәдени, рухани деңгейі баланың әртүрлі әлеуметтік құндылықтарды игеруіне әсерін тигізеді, және ол кейде керісінше әсер ететін кездері де болады.

        Отбасында балалардың бойындағы мүмкіншіліктерін дамытып, оны өмірде қолдануға, еңбектің қандай түрі болса да атқаруға даяр болуға, шығармашылық әрекетке, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп, шыңдап  отыруға тәрбиелеуі керек. Өмірде өз орнын табуға, ізгілікке, өздігіен ізденуге, өзін-өзі жетілдіруге тәрбиелеудің мәні зор. 

        Отбасындағы тәлім тәрбиенің басты мақсаттарың бірі баланың жасын, жеке ерекшелігін ескере отырып, болашақта алдынан шығатын қиындықтарға дайын болатындай тәрбиелеу. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін бала өмірге келген күннен бастап отбасында, өсе келе  қоғамдық ортада, балабақшада, мектепте тәлім - тәрбие беріледі. Отбасы адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы ата-ана екені сөзсіз. «Бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі»деп ата-бабамыз бекер айтпаған ғой. Әкеге, анаға баладан артық ешкім жоқ. Сондықтан да әр ата-ана өзінің баласының тәрбиелі, білімді, қатарының алды болғанын қалайтыны сөзсіз.

 Кейбір отбасында жанұя мүшелерін бетімен жібереді, балаға міндетті уақыт бөлінбейді, көңіл бөлінбейді, мұндай жағдайда ешқандай қарым - қатынас орын алмайды. Ал кей отбасында бедел орын алған қарым - қатынас қалыптасады. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар, онда бір адамның басқаларға басымдылық танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық қасиетінің дамуына жағымсыз,кері ықпал етеді. Қазіргі кезде заман ағымына қарай, қарым - қатынасқа ұмтылушылық бар, яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым - қатынасты көздейді. Әр отбасында орныққан қарым - қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың  тұлғалық, дара қасиеттері қаланады. Бала әрқашан да ата анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол отбасын өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана тек жақсылық жасаушы, дұрыс жолға бағыттаушы болып табылады.

          Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі бастысы баламен үйлесілімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтай отыра балаға көңіл бөлу, халықтың тәлімділік мұрасын бүгінгі күнмен сабақтастыру болып табылады. Осыған орай, отбасында еңбек сүйгіштікке, баланың жасына сай еңбек түрлеріне және қоғамдық пайдалы еңбекке баулуды үйретуіміз қажет. Ата - ана және әлеуметтік орта болашақ  азаматтың денсаулығын жастайынан сақтау үшін, салауатты өмір салтын нығайтуға ерекше мән беру бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып саналады. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да тез  бойына сіңіреді. Ғасырлар бойы қазақ отбасында сақталған тәлімдік дәстүрлер өте мол. Сол салт-дәстүрлер сабақтастығы бүгінгі бала тәрбиесінде жалғасын табуда. Отбасы тәрбиесі кешенді педагогикалық масаттылық арқылы іске асуда. 

         Бала тәрбиесіндегі мектеп алды даярлық тәрбиешілері мен ата-аналар ынтымақтастығының   әсері өте зор.   Жас ұрпақты саналы, сергек, ширақ етіп тәрбиелеу отбасы мен біздің  бірден бір парызымыз. Сонымен қатар біз ата-ананың бала тәрбиесінде үлкен жауапкешілікте екенін, тәрбиенің ұсақ-түйегі болмайтынын сезіндіре отырып, әр баланың өзіндік ерекшеліктерін дамытуымыз қажет. Отбасы мен мектеп алды даярлық қызметкерлерінің бірлестігі оқыту және тәрбиелеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылуына ықпал етеді. Бала тұлғасының қалыптасуы отбасындағы ғана іс емес, баршаның ісі, бұл біздің негізгі міндетіміз. Сондықтан отбасындағы тәрбие мен мектеп тәрбиесі өзара тығыз байланыста. Халықтық педагогикадан бастау алып, ғылымда дәлелденген нәтижелерге сүйене отырып, тәрбие құралдары мен әдістері дұрыс жүргізілсе, ізгілікті тәрбиенің негізі қаланар еді.

Көбінесе, ата-аналар жалпы өз өмірлері, алған білімдері барысында кездескен кедергілер мен жіберген кемшіліктерін есепке ала отырып , балаларын басқаша,өз тәжірибелері арқылы тәрбиелеуге күш жұмсайды. Бұл әрине, дұрыс емес.Тәрбие мақсатында сондай – ақ сол отбасының ұстанатын діни, этикалық ,  мәдени дәстүрлері де есепке алынады. Ата –аналардың, тәрбиешілердің тәрбие жұмысын жүргізуде бірізділік пен жоспарлықты сақтауы –кішкентай балаға сенімділік, тиянақтылық береді. Егер жақын адамдары балаға барлық жағдайда бірдей қарайтын болса, ол өзінен не талап етілетіндігі, нені істеуге болады, ал қандай нәрсеге рұхсат етілмейтіндігін анық түсінетін халге жетеді. Жалпы бала тәрбиесінде бірізділік сақталған жағдайда баланың өз іс- әрекетіне, тәртібі мен мінез – құлқына жауапкершілігі арта түседі. Өкініштісі, ата-аналар, әсіресе жас ата-аналар балада белгілі бір жағымды әдет –дағдыны жақсы қалыптастыру үшін бала табиғатына орай, үзбей ықпал жасап отыру қажеттігін жете түсінбей, өз сезімін, әрекетінің нәтежесін дереу сол мезетте – ақ көргісі келеді. Ата – аналар баланы тек қана сөз емес, тұтас алғанда отбасында, үй ішінде қалыптасқан ахуал, ересектердің мінез құлық, іс -әрекеттері де тәрбиелейтіндігіне мән бермейді.   Бала тәрбиесінде ата – анамен мен тәрбиешілердің жауапкершілігі үлкен орын алады. Себебі ата – анамен мен тәрбиешілер баланың мінез құлқын, өмірге көзқарасын қалыптастырады. Балалар үйде көрген тәрбиесін толықтырады. 

        Бала тәрбиесінің қай саласында болсын, ата – анамен мен тәрбиешілердің өнегесі үлкен роль атқарады. Егер баланың ата-анасы жақындарымен сыпайы қарым – қатынаста болса, жақсы кітап, кино, шығармалар жайлы әнгімелеп отырса, баланың эстетикалық танымын күшейте түсері анық. Жалпы көркем әдеби шығармаларды оқу барысында, жасөспірім ондағы кейіпкерлердің жағымды мінез-қылықтары мен жақсы қарым-қатынастарын ұнату, жағымсыз қылықтарын жаратпау арқылы өмір мен өнердегі келеңсіз жағдайларға қарсы күресуге талпынады. Сондықтан да баланы адамгершілікке, сыйластыққа тәрбиелеуде маңызы зор. Адамзаттың бәрі де анадан туып, соның бауырында өсіп ер жетеді. «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» дейді халқымыз. 

     Ойымды қорытындылайтын болсам, педагогикалық ұжым мен ата-аналар күшімен балаларды  еңбек сүйгіштікке, үлкендердің еңбегін құрметтеуге, тапсырылған жұмысқа жауапты қарауға, кемшілік пен қиындыққа төтеп бере алатын, адамгершілік әдеттер мен ізеттілікті  меңгерген, әлеуметтік жағынан да бейімделген баланы тәрбиелеуді көздегеніміз жөн. Ал ол үшін тәрбие беретін тұлғалар да, мекемеде соған сай болуы қажет.

408 0
Рахат Ергешбековна, Мәтібұлақ ауылындағы ОМ "МДШО КММ" МАД тәрбиешісі Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұлы Дала Ұстазы № 000259
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: