Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI419

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыру үшін жаңа әдістердің тиімділігі.

Қазіргі таңда елімізде білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттеріміздің бірі де бірегейі – болашақ ұрпаққа, жастарға терең, әрі сапалы білім беру.  Ал, білім берудің негізі  мектептердің оқыту үрдісін дамыту үшін білім саласына жаңа инновациялық технологияларды енгізу болып табылады. Білім беру саласына қажетті жаңарулар оқытушының шығармашылық жемісімен, қажымас ізденімпаз болуымен келеді. Ертеңгі күннің бүгінгі күннен асып түсуіне ықпал етіп,жалпы  адамзатты  алға қарай жетелеуші  күш тек білімге ғана тіреледі. Қазіргі кезде бұрын соңды тәжірибеде болмаған жаңаша оқытудың тәсілдерін тиімді қолдану арқылы, жетістікке қол жеткізіп, оқушының сабаққа деген қызығушылығы артып келе жатқанына жұмыс барысында анық байқалады.

Әр түрлі әдістерді пайдаға жарату арқылы оқушылардың білімге деген ынтасы күннен күнге артуда. Мысал ретінде, «Сұрақты қағып ал», «Серпілген сауал», «РАФТ», «Өрмекшінің өрмегі»,  «Құпия зат» әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтары артқанын айтуға болады. Қолжетімді ресурстарды дұрыс, әрі тиімді пайдалану мұғалім үшін де, оқушы үшін де өте тиімді. «Планшет» әдісін көбінде «Блиц-турнир» өткізгенде қолданады. «Блиц-турнирді» сабақтың соңғы бөлімі, қорытындылау кезінде  жиі өткізген дұрыс. Сұрақтар қою арқылы оқушының тақырыпты қалайша түсінгендігін анықтауға болады. Әрине, сабақ барысында тек аталған әдіс-тәсілдермен шектелмеуіміз керек,басқа да жаңа әдіс тәсілдерді қолдану қажет. 

Сондай-ақ іс-тәжірибеде  кеңінен қолданатын ұтымды әдіс-тәсілдің бірі «Сыртқы және ішкі шеңбер әдісі,«Шындық пен жалған әдісі» »«Ия немесе жоқ» әдісі. Мұғалімдер үшін сабақ уақытысы қысқа, көбіне ойлаған нәрсені іске асыру үшін жетіңкіремей қалады,ал бұл тәсілдер уақытты үнемдеуге өте тиімді. Үйге берілген тапсырманы тексеру үшін 4-5 минут уақыт жеткілікті болмақ.

«SWOT» деп аталатын әдіс  оқушының өзінің жеке қабілеттерін және өзге топ мүшелерін бағалауына өте тиімді. Әдебиет сабағында шығарманың кейіпкерлеріне мінездеме беру, олардың жақсы-жаман әдет-қылықтарын ажырата білу дағдыларын арттырады.

«Құрылысшы ойыны» - өте тиімді тәсіл. Әдеби шығармадағы мәтін бөліктерін тез жинау. Оқу шапшандығын және өз ойын еркін жеткізу қабілетін дамытудағы үлесі зор екендігіне көз жеткізуге болады.

«Көршіңмен сырлас» әдісі оқушылардың өз ойын жазбаша емес, ауызша білдіруіне үйретеді. Сұрақ қойып, ойлануына уақыт беру керек. Өз ойын партадағы көршісімен бөлісіп, ақылдасуын сұраңыз.Бұл әдіс оқушылардың бір-біріне деген қарым-қатынасын жақсартуына, сонымен қатар бір-бірінің жауабы арқылы, түсінбеген жерлерін түсінуге көмектеседі.

 «Температура өлшеу әдісі» топтық жұмыс барысында мұғалім топ жұмысын бақылау үшін «біз не істеп жатырмыз?» деген сұрақ қою арқылы оқушылардың жұмысы нәтижелі болу үшін бағыт, бағдар береді. «Сұраққа жылдам жауап» - тақырыпты терең түсіну және оқушылардың  сабаққа  зейін қойып тыңдауын, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады. Төмен дәрежелі сұрақтарға толық жауап қайтаруды тапсыруға болады. Мысалы, «Ажар, Мараттың берген жауабы дұрыс деп ойлайсың ба, қате болса, неге ?»

«Арман, Әсемнің жауабын қалай толықтырар едің ?»

«Самат, айтылған барлық жауаптарды қалай біріктіруге болады?» деген сияқты. «Сюжеттік кесте» - оқушылардың мәтінді қандай деңгейде меңгергенін бақылау үшін сұрақтарға сәйкес төрт сөзден тұратын сөйлем құруды тапсырыңыз.

«Хикаят картасы» әдісі оқиға желісін рет-ретімен суреттейді. Оқушылардың шығарманы толығымен оқытудың бірден-бір тиімді тәсілі.

«Бес сатылы эссе жазу»: 1. Тақырып бойынша негізгі идеяларды анықтап алу; 2. Шимай парақпен жұмыс; 3. Жұптық жұмыс.  Қателерді анықтау;

4. Жіберілген қателерді есепке ала отырып, қатемен жұмыс жүргізу; 5. Сынып алдында өзінің жұмысын көрсету, жариялау.

«Алфавит тізбегі» - оқушылар өткен тақырып бойынша алған білімдерін алфавиттегі әріптерден басталатын сөздерді кезекпен атап шығу керек.

Мысалы тақырыбыңыз Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» романы болса,

А-Азат болу Ә-әділетсіз Б-бала В-вагон Г-Горбачев Ғ-ғұлама, т. с. с

«Сұрақты тауып ал» әдісі - бірнеше сөйлем бір сұрақтың жауабы болады.

«Мұғалімге хат жазу» - сабақ аяғында оқушылар өтілген тақырып бойынша сұрақ қояды немесе түсінбеген, түсініксіз сұрақтар бойынша ұсыныстарын жазады. Бұл мұғалімдер үшін өте ыңғайлы. Себебі, оқушылар түсінбеседе, кейде түсінген кейіп танытады, білмеген тұстарын жасырып қалғысы келеді. Ал бұл әдіс арқылы, сыныптастарынан қысылмай, өзіне керек мәліметті толықтырып ала алады.

«Эссе жазу» - 5 минут ішінде өтілген тақырып бойынша,шағын ғана эссе жазу, өзінің не түсінгенін жазады. Сабақты қорытындылауға өте тиімді әдіс-тәсілдің бірі.

Менің ойымша, жаңа әдістер-өтілген сабақтың тиімділігін былайша көрсетеді: оқушы шығармашылық деңгейге мұғалім көмегінсіз, өз іс-әрекеті арқылы жетеді. Демек, мұғалім тек бағыт-бағдар беруші. Жаңа әдіс-тәсілдердің ұтымдылығы да осында. Технологияны пайдалану шығармашылық, дара тұлға қалыптастыруға көмектеседі. Біз сабақтың басында мақсат қоямыз,және соған сәйкес нәтиже күтеміз. Ал егер дәстүрлі форматта өткізіп жүрген сабақтарды жаңаша тәсілде өтілетін сабақпен салыстыратын болсам айырмашылықтарын бірден байқауға болады. Дәстүрлі сабақ кезінде – мұғалім тарапынан әрекет: жаңа тақырыпты түсіндіремін, кейіпкерлер туралы мінездеме беру арқылы  меңгертемін, шығарманың негізгі идеясын анықтап беремін, талдаймын, шығарма жазуды тапсырамын. Ал оқушының әрекеті: тақырып бойынша  мазмұнын айтып береді, кейіпкерлерге мінездеме береді, сабақ бойынша мұғалімнің түсіндіргенімен байланыстырып айтады, берілген тақырып бойынша шығарма жазады.

Жаңаша оқыту технологиясы негізінде өткізілген сабақ үрдісінде менің іс-әрекетім: Топқа бөліп, ой қозғау, тақырыпқа қызықтырып бағыттадым, шығармаға қатысты мақал-мәтелдер жинақтауды ұсындым, шығарманы талдауға пікірталас ұйымдастырдым, оқиғадағы өзекті мәселелерге оқушы көзқарасын анықтадым, шынайы өмірмен байланыстыру арқылы баға беруге бағыттадым. Және әртүрлі көрнекіліктер пайдалану арқылы: тақырып бойынша слайд, видео, қызықты ойын түрлерін көрсетіп, оқушының зейінін ашу.Ал оқушының белсенділігі: Топтық жұмыста ұйымдасып жұмыс жасады, мәтінмен өздері танысты, әр түрлі әдістер арқылы шығарманы саралады, жеке кейіпкерлерді талдады, олардың іс-әрекетін зерттеді, ой қорытып, оны қағаз бетіне түсірді.

XXI ғасыр, жаһандану заманының мұғаліміне қойылатын басты талап - қарқынды даму процесінде өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, жоғары білімді,  өз қалауы мен заман талабына сай өзін көрсете білуге бейімделген, нәтижелі бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Қабілеті жоғары тұлғаны қалыптастырудың көзі ғылыми негізделген сабақ арқылы сезім басқаруының еркіндігімен оқушыны белгілі жоғары нәтижеге жету үшін саналы болуын қамтамасыз ету. Тек сонда ғана, жас ұрпақ елімізде өз орнын тауып, бәсекеге қабілетті, көзі ашық, оң мен солын ажырата білетін азамат пен азаматшалар болатынына кәміл сенемін, және сол жолда аянбай еңбек етемін.

 

717 0
Динара Қайыңбаева, №164 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алматы қаласы, Алатау ауданы. Ұлы Дала Ұстазы № 000254
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: