Бүгінгі дәуірдегі экономикалық-әлеуметтік саяси өзгерістермен байланысты еліміздің болашағына белсенді атсалысатын, өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, дәстүрімен, өнерімен терең танысқан зерделі ұрпақты тәрбиелеу қажеттігі өзекті мәселеге айналды. Осы орайда жасөспірімдердің музыка әлемін түсініп қабылдауында, талғампаздығын тәрбиелеуде, эмоциялық сезімталдығын қалыптастыруда, білімді, мәдениетті болып өсуіне әсер етуде музыка өнерінің алатын орны ерекше.
Осы орайда еліміздегі білім беру мекемелері келер ұрпақтың бойындағы білім мен өнерді қатар ұштауға белсенді атсалысуда. Әдетте вокал үйірмесіне қатысатын немесе мектептегі музыка сабағында балалар мен жасөспірімдерге жасына сай ән таңдау қажеттілігі туындайды. Әсіресе, кішкентай балалар үшін репертуар ерекшелігі – ән сөзінің мазмұны мен тақырыбына байланысты болады. Бұл жастағы балаларға қазір өте көп тараған махаббат туралы әндерді айтқыза алмайсың. Сондықтан оларға туған жер, атамекен, отан, ана, әке, балалық шақ, соңғы қоңырау, мектеп, ұстаз, табиғат, ұлттық мерекелер, Ұлы Отан соғысына арналған патриоттық әндерді үйретеміз. Бұл әндердің мәтін мазмұны өнегелі тәрбиеге, адалдық пен отансүйгіштікке, жақсылыққа баулып, баланың бойында адамгершілік пен парасаттылық дағдыларын қалыптастырады
Ата-аналар балаларын түрлі үйірмелерге түрлі себептермен әкеледі. Бірі тұйық баласы ашылсын десе, екіншісі тілінде мүкісі бар ұл, қызы дұрыс сөйлеп кетсе дейді. Ал баланың бойынан сәл де болса өнерге қабілетін байқағандар әнші болса екен деп жетектеп келеді. Қалай болғанда да, ұстаздың міндеті – сол балалардың бәріне бірдей талаптарына сай білім мен өнерді үйрету. Сондықтан осы жолды таңдаған әр баланың алдымен жаттығулар жасату арқылы жұмыс істеу жұмыстары жүргізіледі. Аспап ойнауда ең маңызды нәрсе – сол аспапқа зер салып, қызығушылықпен одан әрі арттыру . Жаттығулар жасаған кезде шығарманы дұрыс орындауға көңіл бөлеміз. Балаларға шығарманы дұрыс орындау мен үйрету мәселесіне үлкен мән беруіміз тиіс.Қандай да бір шығарманы орындау барысында әнді орындаған кезде бала сол әннің мазмұны мен мағынасын жүрекпен сезініп, эмоциямен орындауына, динамикасына ерекше көңіл бөлінеді.
Ән өнеріне баулыған кезде бала жалығып, қызығушылығы азайып кетпес үшін оларды түрлі байқауларға қатыстырып, сахнаның дәмін сезіндірудің маңызы өте зор. Байқау алдындағы қарбалас, түрлі сахналық әдемі костюмдер дайындау, көрермен алдына шығар алдында қалай дұрыс жүру керек, ән ырғағына сай қалай билеу қажеттігін түсіндіріп, оларды түрлі сайыстарға дайындау кезінде бала қатты өседі, шыңдала түседі. Сахнада ән айтып, өзіне деген қошеметті көргеннен кейін сол киелі орынға тағы да шыққысы, тағы да елді таңқалдырғысы келе бастайды. Бұл да өнерге баулудың ең тез, әрі тиімді жолы.