Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI403

Болашақ музыканттарды даярлау

Республикамыздың музыкалық оқу орындарында: колледждерде, саз мектептерінде домбыра үйрету бағдарламалары қазіргі уақыт талабына сай жаңартылып, толықтырылып елеулі өзгерістер енгізілуде. Домбыра репертуары әр ел композиторларының шығармаларымен молайтылып, аспаптың орындаушылық мүмкіндігі де арта түсті. Соның ішінде күй шертудегі дәстүрлік ерекшеліктерді, ұлттық нақышты өз қалпында сақтауға барынша көңіл бөлінуде.

Күні бүгінге дейін домбыра тартуды үйрету мен оқытуда Л.Хамиди мен Б.Ғизатовтың «Алғашқы домбыра үйрену мектебі», Х.Тастановтың «Домбырада сабақ беру методы», А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі», «Құрманғазы», Қ.Ахмедияровтың «Сарыарқа», «Жігер», «Әсем қоңыр», А.Жайымов, С.Бүркітов, Б.Ысқақовтардың «Домбыра үйрену мектебі», А.Жайымовтың «Домбыра ойнау өнері», К. Сахарбаеваның «Атырау ән-күй мұхиты», «Домбыраға арналған хрестоматия», «Домбыра үйрету әдістері», Қазақстанның әртүрлі домбырашылық мектептерінің күйлерін жинап, зерттеген А.Тоқтағановтың «Күй-тәңірдің күбірі», «Күй керуені» және т.б. еңбектері музыкалық оқу орындарының студенттері мен оқушылары үшін негізгі оқу құралы болып келеді. Бұл көпжылдық еңбектер-қазіргі жас домбырашыларды өнерге баулып және оларға күй өнерін үйретуге арналған материал берумен қатар, әр кезеңде домбыра ойнауды нотамен меңгеріп, музыкалық  сауат ашуда оқу құралдары ретінде үлкен рөл атқарады. 

Домбыра сыныбын жүргізетін ұстаздың негізгі мақсаты - музыкант дайындау. Домбыраны үйретумен қатар шәкіртке эстетикалық тәрбие беріледі, олардың көркем шығармалардағы әдемілікті сезінуін, өз музыкалық қабілетін дамытуына, орындаушылық шеберлігін жетілдіруіне ұстаздың ықпалы мол. Оқушының домбыра тартуды меңгеруі табиғи логикалық жүйемен баспалдақты түрде алғашқы қағыстар, перне басу, әр түрлі дыбыс шығару әдіс-тәсілдерін, жеңіл ән әуендерін үйренуден басталады. Домбыраны оқыту барысында тек күймен шектеліп қана қоймай, сонымен бірге күйсандық сүйемелімен домбырада пьеса орындаушылық өнері кең қанат жайып дамыды. Ұлттық аспаптық музыка тарихында домбырада орындаушылық-мәдениетіміздің биік те көркем саласы. Домбыра күйлерінің мазмұндық, жанрлық қырлары дәстүрлі орындаушылықта төкпе және шертпе бағыттарында жарқын көрініс тапқан. Академик А.Жұбановтың саралауына жүгінетін болсақ, домбырашылық дәстүр: Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Абыл, Адай, Байсерке болып жеті мектепке жіктелген. Кейінгі зерттеулердің нәтижелері бойынша бұған Сыр бойы, Қаратау, Алтай - Тарбағатай күйшілік мектептері қосылды. Күй үйрету жүйесі осы аталған мектептердің күйлерін меңгеру арқылы жүргізіледі. 

Қазақтың музыкалық аспаптарында күй тартудың алуан түрі мен тәсілі бар. Қазақ домбырашылары күйді тарту тәсіліне, әсіресе, оң қолдың қимыл-қозғалысына айрықша мән беріп отырғандықтан, домбырада тартылатын күйлер оң қолдың қимыл-қозғалысына орай «қағып тарту», «шертіп тарту» және «іліп тарту»  деп аталатын үш түрге бөлінеді. Домбыра тартудың бұл түрлері домбырашының шеберлігіне орай бірнеше атаулармен сараланады. Оны күй тартудың «тәсілі» деп атайды. Мысалы, қағып тарту түрі-кезек қағу, қосақ серпу, сүйретпе қағу т. б. түрлерге бөлінеді. Шертіп тарту-дара шертіс, көсіп шерту, қымтап шертіс деген сияқты бірнеше тәсілге бөлінеді. Ілме қағыс-дара ілме, қосақ ілме, санама ілме сияқты тәсілдермен тартылады. Домбыраның қағыстары күйдің мазмұнын түсіндірудегі ең басты құрал, яғни, домбыраның қағысы-күйдің тілі. Сондықтан да оң қолдың қағысының неше түрлерін көрсететін, әрбіреуінің белгілі бір өзіне тән аты бар, көптеген әртүрлі терминдер мен дәстүрлі атаулар бар. Біз өз жұмысымызда. домбырашылық өнердегі оң қол қағыстарының дәстүрлі атауларын беруде домбырашы-зерттеуші Айтжан Тоқтағанның «Күй-тәңірдің күбірі» атты еңбегін кеңінен пайдаланамыз.

Домбыра үйрету әдістерінің жалпыға бірдей негіздері: аспап күтімі, отырыс, екі қол қойылымы, оны қозғалысқа келтіру. Болашақ домбырашы үшін, ең алдымен  денесін тіке ұстап еркін отырудың үлкен мәні бар. Отырған уақытта сол аяқтың тізесі аздап бүгіліп, оң аяқ сол аяқтың үстіне салынады. Ол ойнауға ыңғайланғанда атқа шабатындай аздап алға қомдану керек. Осы жағдайда ғана адамның күш жігері екі қолға жиналып, ойнауға біраз жеңілдік әкеледі. Домбыраны жақсы меңгеру үшін екі қол қойылымының маңызы зор. Қолдың қойылымы дегеніміз музыкалық аспапта ойнап үйрену барысында шәкірттің қолдары мен саусақтарының дұрыс орналасып қалыптасуы және оның аспапты ұстау тәсілі. Ойнаудың негізгі шарты-иық, білек, білезік, қол басы, саусақтардың бос болуы. Сол қол домбыраның пернелерін басқанда бос ыңғайлы болу керек. Ол үшін домбыраның сабы сол иыққа не жақын, не алыс болмасын. Сол қолдың шынтағы домбыраның басқа пернесіне барғанда жазылып кетпеу керек. Саусақтар домбыраның пернесінде жүре бастағанда сол қолдың барлық буыны бос болып, саусақтар еркін жүру керек. Шығарманың неше түрлі ырғақтық құбылыстары, жиі өзгеретін характері және оның техникалық үлгеруі оң қолға байланысты. Домбыраны қаққан уақытта оң қолды еркін ұстаумен қатар, оның буыны өте бос болуы заңды құбылыс. Шығарманың жүрісіне, характеріне байланысты оң қолдың ойнау техникасы да өзгеріп отырады. Мысалы, Құрманғазының «Түрмеден қашқан» күйінде көбінесе адымды қағыс болса, екінші Дәулеткерейдің «Құдаша» күйінде бұл қағыс келмейді. Бұл күй өзінің болмысына, екпініне байланысты бармақ және сұқ  қолмен қағылады. Өйткені, Құрманғазы күйлеріндегі оң қолдың қағыс ауқымы кең болуы төре күйлерінде кездеспейді. 

Домбырашының жалпы музыкатанымы аспапты игеру тәсілдерімен тығыз байланыста қатар дамып отыруы заңдылық. Сахнаға шығар алдында орындаушылық сенімділікті арттыру үшін, шығарманы әртүрлі ортада орындап көру керек. Концертте орындалатын шығарманы өне бойы концерт залында дайындаған жөн. Халық алдында жеке өнер көрсету, болашақ домбырашының орындау шеберлігіне сын болып, оның жауапкершілігін арттырады. 

          Болашақ музыкантты әдістемелік даярлауда ұстаздың кәсібіи шеберлігі мен жұмысты жүйелі жүргізуі үлкен рөл атқарады. Жоғарыда аталған мәселелер өз шешімін тапқанда ғана жұмыс нәтижелі болады.  

 

218 0
Лайла Онлабекова, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының, Бәйдібек ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің " О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебі" МКҚК-ның домбыра пәні мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 000217
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: