Қобыз аспабы қазақ аспаптың музыка мәдениетінде ерекше орын алады. Мыңдаған жылдар бойы халық қобыз аспабын киелі санап, құдіретті күшке балаған. Баяғыда бір дүниенің жын-шайтанын бағындырған бақсының басты қаруы қобыз болған. Бақсылар қасиетті аспапты бөгденің қолына тигізбепті.
Сөйтіп, сөз болып шыға алмаған ішкі күңіреніс зарды бабаларымыз осы аспаппен жеткізген дейді. Қобыз аспабының тарихы тек қана бақсылық дәстүрмен шектелмейді. Ол жыраулар шыгармашылығынан да үлкен орын алады. Жырау ұрыс алдында қолына қобыз алып, аруақтарын шақырып, жауынгерлерді желеп жебеуін сұрап, ұрыстың ақырын болжаған.
Сонау Шыңғыс хан жорықтары, батырлар жорығы, көптеген хандар шайқасы, бостандық үшін болған шайқастар қобыз күйлерінде бейнеленген. Қобыз дәстүрінің тарихы тағдыры өте күрделі болды.
1930 жылдардың аяғында қазақ оркестрінің құрылуына байланысты қобыз қайта жанданды. Қобыз аспабының бар қасиет - қадірін халыққа жеткізе білу, сыр-сипатын ашып көрсету, ғасырдан-ғасырға жалғастыра беру өскелең ұрпақ үшін өнегелі іс, ардақты да асыл парыз болып табылады. Қобыз адамның қуаныш-күйінішін, ой-қиялын, сезімін музыка тілімен өте зерделі суреттейтін ұлттық аспап. Оның құрылысы, ойналу тәсілі күрделі.
Қоңыр сазды тылсым үні адамның жан дүниесіне табиғи әсер қалдырады. Қобыздың жетілдірілген түрі төрт ішекті, ысқышпен тартылатын прима қобыз ел ішіне кең таралған. Дыбыс ішекті тырнақтың көбесімен басу арқылы шығады. Мұндай тәсіл қазіргі заманда ешбір музыка аспабында жоқ, бұл тек қобыз аспабына тән.
Прима қобыз үнге бай, техникалық мүмкіндігі мол аспап. Қобыз сияқты аспапты ойнап үйрену тәсілі өте қиын, аспапқа балаларды жастай оқыту қажет, олардың бойына аспапқа деген қызығушылық ояту керек. Балалар табиғатқа, адамға қатысты неше түрлі құбылыстарды музыкадан сезетін болса, ойдың белсенділігі дамиды.
Біз де қобыз аспабының ұстаз - мамандары талабы, дарын ұшқыны бар жас жеткіншектерді осы бір киелі қобыз аспабының қыр-сырын түсініп, шебер ойнайтын орындаушы даярлаудағы жұмысымыз жемісті болса дейміз. Өткен мен бүгінгі тарихымызды жалғастырар рухани дәнекер қобыз аспабының мәртебесін биіктету парызымыз. Қобыз аспабында ойнауды сауатты түрде үйрету, балалардың талантын ашып болашақтағы кәсіби өнер жолына баулу, сол арқылы еліміздің саз әлемін өркендетуге үлес қосу.
Қобыз ойнаудағы басты, күрделі жұмыстардың бірі - ішек басу. Өйткені, барлық позицияда сол қол саусақтарының ішек басуға икемді, оңтайлы болуы, позициядан позицияға жұмсақ жеңіл көшуі болашақта аспапты жақсы меңгерудің бірден –бір жолы. Қобызшы саусақтарын позицияға қойғанда скрипкадағыдай бірінші позициядағы ноталарды бірден толық баса алмайды, сондықтан әр нотаны ойнағанда саусақпен ішек басып үйрену керек.Оқытушы әдістемелік нұсқауларға сүйеніп, алғашқы сабақтардың дұрыс орындалуын үнемі тексеріп, керек жерлерінде оқушыларға қобыз ойнау өнерінің тәсілдеріне түрлі жаттығуларын өзі көрсетіп отырады.Қобыз ойнау тәсілі қиын, үйрену жолы ауыр аспап болғандықтан қолдарын үнемі тексерумен менгеру керек. Гаммалар, штрихтардың түрлері, позиция, оның көшу жолдары сияқты маңызы зор (халық аспаптарында көп пайдаланыла бермейтін) сабақтардың аспапта жақсы ойнау тәсілдерінің пайдасы көп екенінің еске сала кету керек.
Балаларға музыкалық- эстетикалық білім беріп, оларды музыканың мәдениетті тыңдармандары ретінде, ұлттық өнерді насихаттай алатын ұлтжанды ұрпақ етіп тәрбиелеу, қиындыққа төзімділік пен еңбек ізденісіне үйрету. Қазақ халқының ауыз әдебиетін алсақ та, тарихын алсақ та сыр мен жырға толы өте бай мәдениет. Дүниеде болып жатқан тарихи құбылыстарды өнер адамдары әр түрлі салада бейнелеген. Әнші әнге қосқан, жырау термеші жырлап өткен, суретшілер бейнелеп жеткізген, әдебиетшілер алмас қылыштай тілдеріне тиек еткен. Ал енді қобыз өнері күйге балап, әсем сазбен жеткізген. Халқымыздың ұлттық музыка аспаптарының ішінде қобыз-құрылысы оңайлау тәсілі күрделі, қоңыр сазды тылсым үні адамның жан дүниесіне табиғи әсер қалдыратын ерекше аспап.