Оқытушының маңызды міндеттерінің бірі - болашақ домбырашыны өз бетінше жұмыс жасауға дағдыландыру, үй жұмысын ұйымдастыра білуі және оны өзіндік шығармашылық еңбекпен игеруінің мәні өте зор.
Шәкірт шығармаларды өз бетімен меңгеруге дағдылану арқылы білім алып, іскерлік пен ынтасын арттырып, өзін рухани дамытып, байытады. Сонымен қатар, есту, есте сақтау шығарманы әр тональдықта ойнай білуге, нотаны бірден оқып ойнап кету қабілеттерін үнемі қадағалап, дамытып отырса, ол домбырашының шығармашылық мүмкіндігін аша түседі. Ұстаз сабақ өткізу барысында шәкірттеріне шығарма немесе күй туралы ауызша атап емес, оны өзі жоғары көркемдік дәрежеде орындап көрсетуге болады. Мұның өзі оларға шығарманы немесе күйді тез меңгеруіне жігерлендіреді және оның характері мен формасы есінде қалады. Ұстаздың орындап көрсетуі әр уақыт жетістіктер әкеле бермеуі мүмкін. Шәкірт өз алдына қойған мақсатына өз күшімен, өз ізденісімен жете алады. Әр ұстаз өз шәкіртін ойлауға, ойдан туындаған жай-жағдаяттарды сабақ барысында өз бетімен қолдана біліп, онан нәтиже шығаруға үйретсе ғана, мақсатының орындалғаны деп білуге болады.
Домбырадан сабақ беру барысында ырғақты түсіндіруге өте көп көңіл бөлінуі қажет. Оқушыны ырғаққа тәрбиелеу – жалпы шығарма екпінін сезінуді жетілдіру, тактідегі ұзақтықты тез қабылдауды қамтиды. Оқушы сабақ кезінде біртіндеп жаңа ырғақтық суреттерді меңгере беруі керек. Оқу жоспарын жасаған кезде оқытушы бұл жұмысқа сабақтың көпшілік уақытын бөлуі керек. Бастапқы оқыту барысында оқушының дәлме-дәл санап ойнауын қадағалап отырған жөн. Ырғақты қалыптастыру кезеңінде оқытушы оқушының қай кезде дұрыс санамай отырғанын ескеріп, оны тез түзетуге шара қолдануы керек. Сондай-ақ, оқушының орындаушылық тәсілдерді меңгеру барысында сан түрлі ырғақпен жаттыққаны жөн.
Академиялық және ашық концерттер шәкірттерді сахнаға халық алдына батыл шығуға тәрбиелеудің бір түрі. Өнер көрсетуге дайындық тек қана шығарманы шебер меңгеру емес, бұл, орындаушының мінез-құлқының қалыптасуы. Сонымен қатар, бұл концерттер олардың дайындығын тексеру, егерде кемшілік жері болса түсіндіріп, оған жол сілтеу және олардың орындаушылық өнерінің музыкадағы қабілетінің барысын тексеруін өсу сатысын салыстыру деп түсіну керек. Домбырашының жалпы музыкатанымы аспапты игеру тәсілдерімен тығыз байланыста қатар дамып отыруы заңдылық.