Оқушының домбыра тартуды меңгеруі табиғи логикалық жүйемен баспалдақты түрде алғашқы қағыстар, перне басу, әр түрлі дыбыс шығару әдіс-тәсілдерін, жеңіл ән әуендерін үйренуден басталады.
Домбыраны оқыту барысында тек күймен шектеліп қана қоймай, сонымен бірге күйсандық сүйемелімен домбырада пьеса орындаушылық өнері кең қанат жайып дамыды. Ұлттық аспаптық музыка тарихында домбырада орындаушылық-мәдениетіміздің биік те көркем саласы. Домбыра күйлерінің мазмұндық, жанрлық қырлары дәстүрлі орындаушылықта төкпе және шертпе бағыттарында жарқын көрініс тапқан. Академик А.Жұбановтың саралауына жүгінетін болсақ, домбырашылық дәстүр: Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Абыл, Адай, Байсерке болып жеті мектепке жіктелген.
Кейінгі зерттеулердің нәтижелері бойынша бұған Сыр бойы, Қаратау, Алтай - Тарбағатай күйшілік мектептері қосылды. Күй үйрету жүйесі осы аталған мектептердің күйлерін меңгеру арқылы жүргізіледі.
Қазақтың музыкалық аспаптарында күй тартудың алуан түрі мен тәсілі бар. Қазақ домбырашылары күйді тарту тәсіліне, әсіресе, оң қолдың қимыл-қозғалысына айрықша мән беріп отырғандықтан, домбырада тартылатын күйлер оң қолдың қимыл-қозғалысына орай «қағып тарту», «шертіп тарту» және «іліп тарту» деп аталатын үш түрге бөлінеді. Домбыра тартудың бұл түрлері домбырашының шеберлігіне орай бірнеше атаулармен сараланады.
Оны күй тартудың «тәсілі» деп атайды. Мысалы, қағып тарту түрі-кезек қағу, қосақ серпу, сүйретпе қағу т. б. түрлерге бөлінеді. Шертіп тарту-дара шертіс, көсіп шерту, қымтап шертіс деген сияқты бірнеше тәсілге бөлінеді. Ілме қағыс-дара ілме, қосақ ілме, санама ілме сияқты тәсілдермен тартылады. Домбыраның қағыстары күйдің мазмұнын түсіндірудегі ең басты құрал, яғни, домбыраның қағысы-күйдің тілі.
Домбыра үйрету әдістерінің жалпыға бірдей негіздері: аспап күтімі, отырыс, екі қол қойылымы, оны қозғалысқа келтіру. Болашақ домбырашы үшін, ең алдымен денесін тіке ұстап еркін отырудың үлкен мәні бар. Отырған уақытта сол аяқтың тізесі аздап бүгіліп, оң аяқ сол аяқтың үстіне салынады. Ол ойнауға ыңғайланғанда атқа шабатындай аздап алға қомдану керек. Осы жағдайда ғана адамның күш жігері екі қолға жиналып, ойнауға біраз жеңілдік әкеледі. Домбыраны жақсы меңгеру үшін екі қол қойылымының маңызы зор. Қолдың қойылымы дегеніміз музыкалық аспапта ойнап үйрену барысында шәкірттің қолдары мен саусақтарының дұрыс орналасып қалыптасуы және оның аспапты ұстау тәсілі. Ойнаудың негізгі шарты-иық, білек, білезік, қол басы, саусақтардың бос болуы. Сол қол домбыраның пернелерін басқанда бос ыңғайлы болу керек. Ол үшін домбыраның сабы сол иыққа не жақын, не алыс болмасын. Сол қолдың шынтағы домбыраның басқа пернесіне барғанда жазылып кетпеу керек. Саусақтар домбыраның пернесінде жүре бастағанда сол қолдың барлық буыны бос болып, саусақтар еркін жүру керек. Шығарманың неше түрлі ырғақтық құбылыстары, жиі өзгеретін характері және оның техникалық үлгеруі оң қолға байланысты. Домбыраны қаққан уақытта оң қолды еркін ұстаумен қатар, оның буыны өте бос болуы заңды құбылыс. Шығарманың жүрісіне, характеріне байланысты оң қолдың ойнау техникасы да өзгеріп отырады. Мысалы, Құрманғазының «Түрмеден қашқан» күйінде көбінесе адымды қағыс болса, екінші Дәулеткерейдің «Құдаша» күйінде бұл қағыс келмейді. Бұл күй өзінің болмысына, екпініне байланысты бармақ және сұқ қолмен қағылады. Өйткені, Құрманғазы күйлеріндегі оң қолдың қағыс ауқымы кең болуы төре күйлерінде кездеспейді.
Қазақ музыкасына ноталық жазба енбей тұрған кезде, әр адам өзінің қабілетіне, ынта-ықыласына қарай күйді үш түрлі тәсілмен үйренетін болған. Бірінші, қарап үйрену, яғни домбырашының қол қимылына көз қанықтыру арқылы үйренеді. Екінші, саусақ матастырып үйрену. Бұл тәсілмен күйге құмар баланы алдына алып, шуда жіппен сол баланың саусағын өз саусағына матастырады да, күй тартады. Бұл тәсілмен шебер домбырашының күй тарту мәнерін айнытпай үйренуге болады. Үшінші, күйді естіп үйрену, яғни күйдің сазын, иірім-қайырымдарын жаттап алып, әбден құлаққа сіңіріп үйренеді. Осынау дәстүрлі күй үйрену тәсілдері терең зерттеліп, оның әдістемесін қалыптастырып, музыкалық оқу орындарында кеңінен қолданудың маңызы айрықша.
Болашақ домбырашының қолын әр уақытта түзетіп, алғашқы күннен бастап, таза ойнауға дағдыландыру әр ұстаздың міндеті. Домбыраны техникалық жағынан жақсы меңгеруі үшін гамма, этюд және түрлі жаттығулар мен көркем шығарманы көбірек ойнатқан пайдалы. Музыкалық шығарманы орындау дегеніміз аспапта ойнаудың әдіс-амалдары арқылы көркем образдың сырын ашып беру. Мұндағы ұстаздың мақсаты-шәкіртке шығарманың түр-тұлғасын, қадір-қасиетін әуеннің, музыка мәнерінің ерекшеліктерін жан-жақты ашып жеткізу.