Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI256

Қазақ халқының ұлы перзенті

Қазақ халқының ғылым-білімге көзін ашқан екі данасы, рухани тұлға тұтып ұлықтар екі ұстазы бар. Олар-қазақ әліпбиін дүниеге әкелген, түркі тілтануының атасы атанған Ахмет Байтұрсынұлы мен қазақ жерінде мектептер салып, ұлттық мектеп тәрбиесінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсарин. Қазақтың қара балаларының ақ қағаздай тап-таза санасына білім нәрін сеуіп, өмір атты асқар тауларға қанат қақтыруда Ы.Алтынсарин-ізашар тұлға. «Бір күн әріп үйреткен кісіге қырық күн сәлем бер» дегендей қай заманда болсын ұстазға деген құрмет жоғары болған.  Ы.Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық!» деп ұран салып, білім көшін жылжытумен қатар   адамгершілік рухта бағыт-бағдар беріп, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бала бойына дарытты. Ол өзі де жастайынан көп ізденіске талпынып, білім жолын қуған. «Үміт еткен көзімнің нұры-балам» деген атасы Балғожа мен анасы Айманның үмітін ақтап, 1857 жылы мектепті «өте жақсы» деген бағамен бітірді. Көп уақытын Григорьевтің кітапханасында өткізіп, өздігінен ізденіп, білімін одан әрі тереңдетті. Бар білімін халқының жарқын болашағы жолында қолданғысы келген Ыбырай 1861-1863 жылдары Торғай өңірінде алғаш бір сыныптық мектеп ашу ісін қолға алуын көзсіз ерлік деп санаймын. Ы.Алтынсарин алдында мектеп жабдықтары мен оқу құралдары, тіпті мектептің жаны-мұғалім де жоқ еді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан ұстаздың мектеп ашуына, алға ұмтылуына қозғаушы күш болған не? Неліктен халыққа білім беруге деген талпыныс оты сөнбеді? К.Д.Ушинскийге жазған хатында «Қазақтарға-осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру, қалай дегенмен де, аса қажет болып отыр» деп, білімге ұмтылудың қазақ халқы үшін зор маңызы бар екенін айқын көрсетті. Білімді педагогтың алдында қазақты салбөкселіктен серілтіп, самарқаулықтан серілту, білім қақпасының есігін аштырып, күнкөрерлік кәсіпке баулу мұраты тұрды. Осы мұраты жолында ағартушылық, жазушылық, ақындық, этнографтық қабілеттерін барынша пайдаланды. «Біз болмасақ-сіз барсыз, сіздерге берем батамды» деп үндеу қалдырған ақынның жастар келешегіне деген сенімі қастерлі істің қасиетті оты сөнбеуіне себеп болса керек. Көптен күткен арман орындалып 1864 жылдың қаңтар айында сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, балаларға орыс тілін үйрететін, пән негіздерінен білім беретін орда Торғай қаласында салтанатты түрде ашылды. [1;88-б.]

            Мектепте оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырып, баланың жеке тұлғалық қабілетін қалыптастыру мен дамытуға барынша септігін тигізді. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі.Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кіналауы керек» деп ұстаздар өнегесі мен тәрбиесі оқушының болашақ азығы болғандықтан, білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін білікті ұстаз керек екендігін ашып көрсетті. Сол үшін 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебін ашты. [2;288-б.]

 Өзінің очерктері мен әңгімелерінде халықты қолөнер, егін егу, бау-бақша өсіруге, жалпы алғанда, еңбекке баулып, алға ұмтылуға шақырды. Өзі де диқан сияқты адамдар жанына білім дәнін сеуіп, өмір сүре білуге тәрбиеледі Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлау үшін 1883 жылы Торғай қаласында қазақ даласында техникалық білім беретін алғашқы оқу орнын ашты. Бұл білім мекемесінде тері илеу, кірпіш күйдіру мен көзе жасау, ағаш ұсталығы, слесарьлық кәсіп бойынша мамандар дайындалды. [2;288-б.]

           Үстіңдегі киім, жеген тамақ, өнер-білім, бәрі-бәрі оқуменен табылатынын Ыбырай халық санасына жеткізе білді. Осылайша Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!» деп қараңғының қармауынан шығуға үндеген өлеңі бүкіл қазақ даласына таралып, адамдардың жасына қарамастан жан-жақты білім алуына мүмкіндік туды. 

Мал мен дәулет бір күнде жоқ болса, оқымыстының байлығы күннен күнге көп бола түсетінініндей Ыбырай Алтынсариннің елі үшін жасаған еңбегі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Көптеген шығармалары қазақ әдебиетінің тозбас қазынасына жатады. «Кел, балалар, оқылық!» атты өлеңі күні бүгінге дейін мектеп оқушыларының әнұранындай болып келе жатыр. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей тарихта ойып тұрып орын алған тұлғалар ұстазын ұлы әкесіндей сыйлаған. Мысалға, Жамбыл Сүйінбайды, Шәкәрім Абайды, қазақтың ұлы ханы Абылай Төле би мен Бұқар жырауды ақылшысы ретінде ұлықтаған. Адамзат тарихының ең ұлы қолбасшыларының бірі, Ежелгі Македонияның патшасы Александр Македонский «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ұстазымнан өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен. Мен Ы.Алтынсаринді күллі қазақ балаларының кемел келешегінің шамшырағы, рухани сәулеткері болған дархан даланың дары ұстазы деп санаймын.

 

Қолданылған дереккөздер тізімі:

1.«Алаштың ардағы» жинағы, Астана: Зерде,2008 жыл

2.Мұхтар Әуезов энциклопедиясы-Алматы, «Атамұра» баспасы,2011ж

3.Ы.Алтынсарин. Қазақ энциклопедиясы,т.І -121б

226 0
САНДУҒАШ БЕКБАТЫРОВА, С. Абланов орта мектебінің қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Ұлы дала ұстазы № 000222
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: