Ойын бала үшін нағыз өмір. Олай болса тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастыра білу қажет. Ол балаларға жақын болуға, олардың ойындарының сүйікті қатысушысы болуға тиіс. Ойын көбінесе серуен кезінде ұйымдастырылады.
Сондықтан аулада арнаулы құрылыстар, ғимараттар, кемелер, автобустар, көптеген құрылыс материалдары күректер, доптар, секіргіштер болуға тиіс. Ойын сонымен бірге оқу қызметі кезіндегі оқытумен де тығыз байланысты. Ойын ешқашан да өзінің қызықтылығын жоғалтпайды, тек оның мазмұны, сипаты өзгереді. Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті - рольді, драматизиялық, дидактикалық, құрылыс ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді.
Ойын түрлері:
- Дидактикалық ойыны
- Шығармашылық ойыны
- Сюжеттік-рөлдік ойыны
- Қимылды ойындар
- Ұлттық ойындар
Сюжетті – рольді ойындар мектепке дейінгі балаларға тән, ең сипатты ойындар болып табылады. Ол балалар өміріне елеулі орын алады. Сюжетті-рольді ойындарының ерекшелігі сол, оны балалар өзі жасайды. Ойынның дербес әрекеті айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар ұзақ та қысқа да болуы мүмкін. Сюжетті – рольді ойында бейнелеу құралы роль мен ойын әрекеттері болып табылады.Сонымен қатар баланың құзыреттіліктерін дамытатындай рөлдік, сюжеттік ойындарға үлкен мән берілуі тиіс. Ойын үстінде бала сұранысы мен тәрбиешісінің тапсырмасы өзара ұштасады.
Мысалы: Сюжеттік — рөлдік ойын: «Менің сүйікті кейіпкерім!». Баланың сүйікті кейіпкерлері болатыны, өзінің соған ұқсағысы келетіні белгілі, ол баланың сол кейіпкер рөлін атқаруы оның моральдық танымы мен түсінігіне әсер етеді де, баланың жеке ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері өрістейді, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың творчестволық талантын кеңейтеді.
Драматизиялық ойындарда мазмұн, рольдер, ойын әрекеті қандай да бір әдеби шығарманың, ертегінің т.б. сюжеті мен мазмұнына сәйкес болады. Ол сюжетті - рольді ойынға ұқсас. Драматизия ойынында балаға қандай да болсын айқын тәсіл көрсетпеу керек ол үшін ойынның шын мәнінде ойын болғаны дұрыс.
Құрылыс ойыны - балалар әрекетінің бір түрі. Оның негізгі мазмұны қоршаған өмірді алуан тірлі құрылыстарды және соларға байланысты іс-әрекеттерді бейнелеу болып табылады. Құрылыс ойыны бір жағынан сюжетті - рольді ойынға ұқсас келеді және соның бір түрі деп қаралады. Құрылыс ойындарда олар қоршаған заттардың, құрылыстардың көшірмесін жасап, құр бейнелеп қана қоймайды, сонымен бірге өздерінің шығармашылық ойын, жобалық міндеттерінің өзіндік шешімін енгізеді.
Дидактикалық ойын кішкене балаларға тән оқыту формасы болып табылады. Ойын өлең мен қимылды ұштастыру негізінде жүргізіледі. Мысалы: «Сиқырлы қақпақ» деген ойында ересек топтарда тәрбиеші балаларды зат туралы айта білуге үйрету, олардың жүйелі сөйлеу қабілетін дамыту міндетін алға қояды. Ойын міндеті - қақпақтың астында не бар екенін білу. Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған оқу қызметі балаларға көңілді жеңіл болып келеді. Сондықтан дидактикалық ойынды іріктеп алуға нақтылы оқу қызметінің мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескертуге ерекше назар аударған жөн.
Үстел үсті ойындары лото, домино, тапқырлық ойындар: «Қайда не өседі?» «Бұл кімге керек» пазылдар, леголар қимыл белсенділіктерін, ептілікті талап ететін ойындар. «Ұшатын қақпақтар», «Қаздың балапаны» мозайка типтес ойындар жатады. Ересек топтағы балалар қағазға басылған үстел үстінде ойналатын ойын қызықты келеді. Оларға табиғат құбылыстары, көліктің алуан түрлері «Кім не біледі?», «Немен жүреді?» , « Немен жүзеді?» , « Немен ұшады?» бейнеленген, ертегілердің кейіпкерлері қимыл көрсетеді.
Қимыл-қозғалыс ойындарында балалардың қозғалысын жүгіру, секіру өрмелеу т.б қимылдарға жаттығуына және жетілдіруге мүмкіндік береді. Қимыл ойындары барлық жүйке - психикалық дамуына, жеке басының аса маңызды салаларының қалыптасуына да үлкен әсер етеді. Қимыл ойында ережелерді ұйымдастырушы роль атқарады, олар ойынның барысын, жүйелілігін, ойнаушылырдың қарым-қатынасын, баланың мінез – құлқын анықтайды. Сол сияқты ойындар да топта жас ерекшеліктеріне сай жүргізіледі. Ойын балаларға оқу қызметінде де, серуенде де өте қажет, тіпті бала жай дем алып отырғанның өзінде де ойын үстінде болады.
Мектеп жасына дейінгі жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін фактордың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халықтың ұлттық ойындары. Ата – бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, баланың көзқарасы, мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған.
Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Түйілген орамал », «Тақия тастамақ», «Асық ату», «Ақ сандық – көк сандық» ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Яғни, таңертеңгі қабылдау кезінен кешке баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлерімен біртұтас сабақтас жүргізіледі. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл –қозғалыс ойындарын өткізу көзделеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда Монтессори әдісін қолдану арқылы баланың небір қасиеттерін ашуға болады.Баланың сөйлеу тілі 6 жасына дейін қарқынды дамиды. Яғни ол тек қана сөйлеп қоймай, заттарды ұстап, сипаттап, көріп, танып, ойланады, қоршаған ортамен тығыз байланыста болады. Ол үнемі ізденісте, жаңа бір ұғымды танып білуге осы әдіс арқылы құштар болады. М. Монтессори ойындары баланы шығармашылық және логикалық ойлауға, сөйлеу қабілетін, қиялын, ұсақ қол моторикасын қалыптастырады. Баланы айналадағы адамдармен араласу дағдысын меңгертеді.
Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ойындарды жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылған оқу қызметінде, серуенде, күннің екінші жартысында, жеке және топтық жұмыста ұйымдастырудың маңызы зор.