Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1829

Ұлт ұстазын ұлықтау

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді,» - деп дана халқым тауып айтқан. Халық қашанда өзіне, еліне пайдасы тиген адамдарды ардақтап, төрінен орын ұсынып, мәңгілік есте сақтайды. Ерлік істерімен, қазынаға бергісіз асыл жәдігерлерімен көпшіліктің жадында қалу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шынайы елі үшін, жері үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан боздақтар мен шынайы талант пен дарын иелері, өнерін халыққа арнаған тұлғалар ғана ел есінде мәңгі қалмақ. Ал халық өз кезегінде олардың ерлік істеріне тағзым жасаудан жалтарған да емеспіз.

Қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылған батырлар мен ақындар, жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері өте көп. Ел басқарған ағалардан Д.Қонаевты еске алсақ, батырларлардан Қабанбай мен Бөгенбайдай батырларды еске аламыз. Бұдан да өзге батырларымыз бен қоғам қайраткерлері жетерлік. Батырлық пен жазушылықты қатар алып жүргендердің басында Б.Момышұлы тұр. Ал білімі мен дарыны тасқандардан ше? 

Сөз өнерін жетілдірген тұлғаларымыз аз емес, білімі асқандарда баршылық. Ғылымның негізін қалағандардан Әбу Насыр әл-Фарабиды еске аламыз. Ақындықтың арғымағына міне шапқандардан   Абай мен Ыбырайды айтпау мүмкін емес. Ізденімпаз ғалымдарымыздан Шоқанға теңесері жоқ. Ал асыл сөзіміз бен тіліміздің дамуына көп көңіл бөлгенерден ерекше атап көрсететін тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Алдымен «А.Байтұрсынұлы кім?», «Оны неге ерекше ұлықтаймыз?», «Ол қандай ерлік істерімен суырылып алға шықты?» деген сұрақтарға жауап бере өтейік. 

Ахмет Байтұрсынұлы – 1872 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Ол қазақтан шыққан ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Осыдан-ақ А.Байтұрсынұлының атқарған істерінің мол екендігін аңғаруға болады. Белгілі жазушы М.Әуезов: «А.Байтұрсынұлы – қазақ халқының «рухани көсемі», «ұлт ұстазының» еңбегі сан саладан көрінеді», - деп қорытындылаған [1.8-бет]. Осы пікірмен келісе отырып, А.Байтұрсынұлының еткен еңбектерін төмендегідей салаларға топтастыруға болады:

  1. Білім беру саласы
  2. Терминология саласы.
  3. Қоғамдық сала

«Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі», - деп А.Байтұрсынұлының өзі айтқандай, білім қашанда алғы шепте [2.252-бет]. Әлемді тану әріп танудан басталады. Білімсіз маман болашағымызды бұлыңғыр етеді. Бұл ойды А.Байтұрсынұлының мына сөзі шегелей түседі: «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалған өнімді 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл – надандықтан келген кемшілік»[1.14-бет]. Өкінішке орай бұл мәселе тәуелсіз Қазақстанға отыз жыл толса да әлі шешімін таба алмады. 

А.Байтұрсынұлының ағартушылық бағыттағы істері тек оқу білімге ғана шақырып қоймай, оларды оқытудағы басты құрал оқулықтар екендігін де ұмыт қалдырған жоқ. Ол: «Қазақ балаларын оқытатын әзірге жосықтар (оқу бағдарламалары) мен кітаптар (оқулықтар) жоқ», - деп оларды жазу қажеттігін және оларды оқытатын арнаулы педагогтар қажет екендігін жеткізеді[1.15-бет]. Осы мақсатпен балаларға түрлі тақырыпта ой қалдырады деген ниетпен аудармашылық қабілетін шыңдап, «Қырық мысалды» аударса, төл туындысы ретінде «Маса» өлеңдер жинағын жазды. Тіліміз бен әдебиетіміздің дамуы үшін де көп еңбек сіңірді. 

А.Байтұрсынұлының атқарған істерінің басы ретінде қазақ ғылымына қосқан еңбегін атап айтуға болады. Қазақ лингвистикасы мен әдебиетіне сіңірген үлесі еліміздің терминологиялық білімін байыта түсті. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы Ө.Айтбаевтың мына сөзі нақтылай түседі: «Қазақ әдебиет тарихында ұлы Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында А.Байтұрсынұлының орны сондай» [4.136-бет]. Оның терминжасамдық ізденістерін «Тіл құрал» және «Әдебиет танытқыш» еңбектерінен анық көре аламыз. Ол қазақ лингвистикасындағы әрі әдебиетіндегі көптеген терминдерге қазақша балама беріп, оларды кең көлемде түсіндіре білген. 

Белгілі ғалым Р.Сыздықова: «Термин жасау – Ахмет Байтұрсынұлы көтерген тарихи жүктің бірі», - деп айтады [3.168-бет]. Бүгін де А.Байтұрсынұлы жасаған терминдердің барлығы болмаса да, біраз терминдері қолданылып жүр. Сонымен А.Байтұрсынұлы – қазақ ғылыми терминологиясының негізін қалаушы, жүйеге келтіруші. ХХ ғасырдың бірінші ширегінде ғылыми жүйелік концепция негізінде қазақ терминология ғылымының деңгейінде шеше білген жалғыз ғалым - А.Байтұрсынұлы. 

А.Байтұрсынұлы қаламымен бірге қоғамдық шаруаларды да қатар алып жүрді. Өзі өмір сүрген алпыс жылында қоғамнан да тысқары қалмай, қазақтың қамын жеп, қайғысын ойлап, қызмет етіп кетті. Ол бұқара халықтың көзін ашу үшін де редакцияда жұмыс істеді. Бұл туралы М.Әуезов мақаласында: «Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі... Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын... Ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын», - дейді [2.17-18-беттер]. 

«Қазақ» газетінің көмегімен А.Байтұрсынұлы іште булыққан бар ашуын шығарып, қазаққа пайдасы тисін деп барын салды. Ол үшін алпауыттармен текетіреске түсіп, талай істің бетін ашу үшін аянып қалмады. Жоғарғы соттарға да хат жолдап отырды. Сондай хаттарырының бірінде А.Байтұрсынұлы: «Сайлау қазаққа балалардың асық ұтысқан ойыны сықылды көрінеді. Қарауылшыл, зорлықшыл болса да, одақтасы ұтса екен дейді. Халықтың пайда, зарары асықтай елеусіз нәрсе ме?» - деп ашынып, ашуға міне жазады [2.211-бет]. 

Әр қазаққа түскен ауыртпалықты бір кісідей бөлісе білген А.Байтұрсынұлы азаттық таңын аңсап, ақ тілеулес замандастарымен «Алаш Орда» автономиясын» құрды, бар өмірін қазаққа арнап, сұм саясаттың құрбанына да айналды. Осы кезде еріксіз түрде А.Байтұрсынұлының мына өлең жолдары ойға келеді:

Қазағым, елім, 

Қайқайып белің, 

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың, 

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,   

Ұйықтайтын бар не сиқың?!

Қорыта келгенде, А.Байтұрсынұлы қазақ халқы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін барын салды, басын бәйгеге де тікті. Ол шекпен киіп, шен алып, атақ қууды емес, қолына найза алып, жаумен жаға жыртыспаса да, өмірінің соңғы сағаттарына дейін елі үшін күресуді, мәңгі халық жадында қалуды арман етті. 

«Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,

Кім қалды таразыға тартылмаған?» - деп А.Байтұрсынұлы өзі айтқандай, әрине, Ахмет қазақ үшін күрескен жалғыз тұлға емес, өзге де ержүрек азаматтарымыз да елімізге еңбек етіп кетті. Біз олардың барлығын есте сақтаймыз, барлығын ұлықтаймыз. Дегенмен оның алар орны ерекше. А.Байтұрсынұлына биыл 150 жыл толып отыр. Ол жүрегі «қазағым» деп соққан, өзі «халқым» деп күрескен жан. Оған қанша мадақ айтып, ұлықтасақ та, оның еткен еңбегін өтей алмаймыз. Ахметтей күрескер, батыр азаматтарымыз көп болсын!

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы.-3-т.-Алматы: «Алаш», - 2005.352 бет.
  2. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу / Құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 бет.
  3. «Түрік халықтары әдебиеті тарихының өзекті мәселелері: өткені, бүгіні және ертеңі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. – Тараз: «Сенім» 2005. 752 бет.
  4. «Ғылым мен инновация – жастар юолашағы» атты студенттердің ХІІ-ші Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары. – Тараз: ТИГУ баспасы, 4-5 желтоқсан 2019. – 300 бет. – қазақша, орысша І том.
154 0
Абдуалиева Гульнар Баянбековна № 23 орта мектеп КММ-нiң қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Нұр - Сұлтан қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000655
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: