Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1827

Жаңартылған білім беру аясында қазақстан тарихы пәнін оқытудың ерекшеліктері

Қазіргі заман сұранысының негізінде білім жүйесінің жаңа болмысы қалыптасуда. Білім берудің әдіс-тәсілдері түбегейлі өзгеруіне байланысты инновациялық үрдістің қарқындылығы артуда. Бүгінгі күннің талабы-ұстаздық әрекеттің жеке тұлға дамуына жағдай туғызуы. Осыған орай білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген, ілгері кеткен оқыту әдіс-тәсілдері арасында конструктивті теориялық оқытуға негізделген әдіс-тәсіл кең таралып отыр. 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы жеке адамның дарындылығын таныту сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі.

Қазақстан Республикасында оқытудағы Кембридждік бағдарлама кеңінен насихатталып, осы негізде кешенді бағдарламалар жасалып,сол бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы «тарих» сөзі бізге араб тілінен енген. Негізгі мағынасы «әңгімелеймін» деген түсінікті білдіреді. Сондықтан да тарих сабағы үнемі белсенді қозғалысқа толы болады. Сабақ барысында мұғалім-оқушы, оқушы-оқушы арасында үнемі байланыс, яғни диалог жүреді.

«Қазақстан тарихы» пәнінің мақсаты оқушылардың бойында тарихи сана, қазақстандық патриотизм, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрмет, өз ата-бабаларының жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту, зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамыту болып табылады. 

Осы мақсатқа жету төмендегідей міндеттерді шешу арқылы қамтамасыз етіледi: 

– Қазақстан аумағындағы ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру; 

– Қазақстанның тарихи дамуы барысында қалыптасқан ұлттық құндылықтар жүйесі туралы білім беру; 

– Қазақстанның тарихи дамуының негізгі оқиғалары, құбылыстары мен үдерістердің мәні туралы түсінік қалыптастыру; 

– тарихи оқиғаларды, құбылыстар мен үдерістерді және тарихи тұлғалардың қызметін отандық тарих тұрғысынан сын тұрғысынан талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыру мен дамыту; 

– қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістерді бағдарлай алу үшін тарихи білімдерін қолдана білу дағдыларын қалыптастыру; 

– пәнді оқыту үдерісінде оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларын дамыту үшін жағдайлар жасау, соның ішінде ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтермен және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру дағдыларын дамыту [1, 95-б.].

Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады. Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез-келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаның үйлесімді қалыптасуына және зияткерлік дамуына қолайлы білім беру ортасын тудыру – жаңартылған білім мазмұнын енгізудің нәтижесі болуы керек. Білім беру мазмұны – жеке адамның біліктілігі мен жан жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі (кешені). 

Білім берудің мақсаты, оның ұйымдастырушылық құрылымы, технологиялық жағынан жабдықталуын, оқыту әдістемесі қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындайды. Бұған дейін білім беру үрдісінің негізгі бөліктері: 

Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. 

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдану болып табылады [2, 264-б.].

Ұлттың тарихи санасын жетілдіру және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы бағдарламаларды іске асыру үшін болашақ ұрпаққа тарихи білім беру мазмұны мен әдістемелерін жетілдіру жұмыстарын атқару керек.

Білім беру жүйесін бәсекеге қабілеттілікке жеткізу міндеттері мен білім мазмұнын жаңарту аясында жалпы білім беретін мектептердегі «Қазақстан тарихы» пәнін оқытудың жай-күйін, білім беру нәтижесінің сапасын, оқушылардың дайындық деңгейі мен жетістіктерін зерделеу мақсатында ақпараттық-талдамалық жұмыстар жүргізілді.

Оқу бағдарламасы білім стандартының пәндік тақырыптарын нақтылайды, оқушылардың жас ерекшеліктеріне, оқу үрдісіне, пәнаралық және пән ішіндегі байланыстармен оқу пәнінің тараулары және ұсынылған оқытылатын тақырыптардың жүйелілігі мен пән бойынша курстың тарауларына оқу жүктемесінің көлемін береді.

Жаңартылған білім беру жүйесінде тарих пәнін оқыту оқушылардың дайындық деңгейлеріне қойылатын талаптарды айқын белгілейді. Пәндік нәтижелер екі аспектіде көрсетілген: білуі және меңгеруі тиіс [3, 7-б.].

Тұтастай оқу бағдарламасы оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, тарих пәні бойынша толыққанды, жүйелі білім беру, оқушылардың қызығушылығын ояту, білім, білік, дағдыларын қалыптастыру, салыстырмалы талдау жасай білуге мүмкіндік береді.

Жаңартылған білім беру жүйесінде «Қазақстан тарихы» оқулығына төмендегідей талаптар қойылады:

– оқулық мазмұнының оқу пәнін оқыту мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі; 

– оқулық мазмұнының типтік оқу бағдарламасының негізгі мазмұндық желісіне сәйкестігі; 

– оқу басылымы мазмұнын баяндаудың жүйелілігі, бірізділігі, қисындылығы [4, 245-б.].

Оқу басылымында нәтижелерге жетуді тексеру аппаратын ұйымдастырудың тиімділігі: 

– бақылау және тест материалдары. Оқу басылымында қосымша материалдың: хрестоматиялық, құжаттық материалдар, ғылыми әдебиеттерден үзінділер, көркем суреттеулер, әңгімелеулер, биографиялық, ғылымтанушылық, статистикалық деректер, т.б. бар болуы;

– Оқу басылымы мазмұнында пәнішілік және пәнаралық байланыстардың бар болуы. 

– Оқу басылымы мазмұнының оқушылардың алған білімі мен тәжірибесін адами қызметтің әртүрлі саласында, қарым-қатынаста және әлеуметтік қатынастарда (функционалдық сауаттылық) өмірлік міндеттерді шешуде пайдалану қабілеттілігін қалыптастыруға бағыттылығы. 

– Оқу басылымы мазмұнының оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамытуға бағытталуы. 

Оқу басылымы мазмұнының оқушылардың логикалық ойлауын, интеллектуалдық әлеуетін және шығармашылық белсенділігін дамытуға бағытталуы. Оқу басылымы мазмұнының патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік қалыптастыруға бағыттылығы. Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениеттерінің көптүрлілігі мен бірлігінің көрініс табуы [5, с. 74]. 

Болашақ зиялы азаматтарды тәрбиелеу үшін Қазақстан тарихын тереңдете оқыту арқылы олардың танымдық белсенділіктері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал жасауға болады. Ол үшін білім алушылардың ғылыми қоғамдарын ұйымдастыру және республикалық ғылыми жарыстарға белсене қатынасуына мүмкіндіктер жасауға тиіспіз. 

Білім алушыларға қазіргі заманғы білім мен жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тәрбие бере отырып жеке тұлғаны қалыптастыру осылайша басты бағыт ретінде ұсталынады.

Осы ұстанымдарды негізге ала отырып, орта ғасырдағы Қазақстан тарихын тарихи білім мен сана қалыптастырудағы негізгі бағыттарын былай айқындаймыз:

1. Тарих мұғалімі ретінде орта ғасырдағы Қазақстан тарихының мазмұнын меңгерту арқылы білім алушылардың жеке интеллектуалдық дамуын бақылау, оның еркін дамып, қабілеттерінің ашылуына тиімді жағдай жасау.

2. Білім алушылардың осы пәнге деген ынтасы мен қабілетін зерттеу, қызығушылықтарына бағдар беру.

3. Дәстүрлі қоғам тарихының мазмұнындағы құндылықтар арқылы олардың ұлттық санасын қалыптастыра отырып, өз ойын еркін жеткізе алатын ойлау, сөйлеу дағдыларды игеруіне мүмкіндік жасау.

4. Ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды кезеңі ретінде орта ғасырдағы Отан тарихының өзекті мәселелерін танып-білуге арналған ғылыми ізденістеріне бағыт беру.

Білім беру, жан-жақты дамыту, тәрбиелеудің бір тұтастығын қалыптастыруда тарихи тұлғалардың өнегесі мен олардың мұрасын кеңінен пайдалану [6, 15-б.].

«Қазақстан тарихы» пәнін оқыту үдерісінде оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдысын дамыту үшін, соның ішінде ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтермен және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды қолдану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру үшін қажетті жағдайлар жасалуы қажет.

Қазіргі ақпараттық қоғамда өндірістің дамуының негізгі құралы болып ақпараттық ресурстардың қажеттілігі көрінеді. Сондықтан білім беру саласы да өзінің дамуы үшін жаңа қадамдарға баруда. Осыған байланысты адамға ақпараттар кеңістігінде дұрыс бағытты таңдауға мүмкіндік жасай алатын оқытудың инновациялық технологиялары пайда болуда.

Қазіргі таңда ХХІ ғасырдағы сабақ, яғни заманауи сабақ шын мәнінде қандай болуы керек деген сұрақ білім беру процесіне қатысушылардың көпшілігін – мұғалімдерді, ата-аналарды, оқушыларды толғандыратыны сөзсіз. Қазіргі сабаққа не әсер етеді? Мұғалімдердің шеберлігі, әдіс-тәсілдердің жиынтығы, әлде оқытудың техникалық құралдарының болуы ма? Бұл сұрақтарға педагогикалық әдебиеттерден бір жақты жауап таба алмаймыз. Бұл салада көптеген авторлардың пікірі бір жүйеге саяды: яғни заманауи мектеп пен заманауи сабақ білім алушыларды өмірдің барлық үрдістеріне қатысуға дайындауы, өмірге бейімдеуі керек. 

Заманауи сабақтың мақсаты пән бойынша терең білім беру емес, өз пәні арқылы оқушыға белгілі бір құзіреттілікті қалыптастыруды қамтамасыз ету болып табылады. Яғни, заманауи сабақ барлық уақыт осы мақсатқа бағытталатын үйрену ортасы. Осындай сабақта оқу процесіндегі жауапкершілікті оқушы өз қолына алады, оның өз бетінше жұмыс істеу икемділігі қалыптасады, сабақтағы оқушы белсенділігі мұғалім белсенділігінен жоғары болады. 

Сабақта мұғалім қолданған оқытудың ұтымды әдістері арқылы баланың білімге деген ынтасы артады, таным білім көкжиегі кеңейеді. Бірте-бірте ұстаз дәрісін тыңдаушы оқушы белсенді ойлай алатын, ізденімпаз шәкіртке айналады. Сонымен, заманауи сабақтың негізгі құрылымына тоқталатын болсақ, сабақтың ұйымдастырушылық кезеңі мұғалімнің сабақ басындағы жұмысқа жағымды эмоционалдық ахуал қалыптастыруына бағытталады, оқушыларға сабақтың тек қана тақырыбы (мазмұны) ғана емес, сонымен бірге оның мақсаты, олардың қызметін ұйымдастыру формалары хабарланады, оқу- әдістемелік материалдармен жұмыс істеу бойынша нұсқау беріледі. 

Келесі кезең – оқушының жаңа ақпаратты өзбетінше меңгеру кезеңі. Бұл кезеңдегі ақпарат оқушы оны білімге айналдыра алатындай болып дайындалуы қажет. Ақпарат – оқу мен ойлаудың негізі. Ақпаратсыз біз ойлап, шешім қабылдай да алмаймыз, мәселені шешіп, шығармашылық қызметпен айналыса да алмаймыз. Тек жеткілікті ақпаратты жинай отырып, біз тұжырымдаманы өңдеп, қорытынды жасап, жоғары интеллектуалды деңгейде ойлай аламыз. Оқу тапсырмасын орындау кезеңінде тапсырмалар әрбір оқушыға анық, айқын және түсінікті болуы керек. 

Сабақта тапсырма әр уақытта нақты іс-әрекеттен басталады, екінші оқу материалының мазмұны ұсынылады, үшінші – күтілетін нәтижесі болуы керек. Сабаққа бүкіл сабақ бойы ең жетік оқушынының көңілін аулайтындай оқу тапсырмалары дайындалуы қажет. Тапсырмалар міндетті және күрделі тәртіпте беріледі. Ақпаратпен таныса отырып оқушылар тапсырмаларды орындауға кіріседі. Бұл ретте оқушылардың барлығы тең жағдайда бір мезгілде бірдей тапсырмаларды орындайды. Негізгі ереже: мұғалім дайын жауапты бермейді, жауапты оқушы өзі табуы керек. Сабақтағы мұндай әрекет оқушыға білімді өз бетімен меңгеруге үйретеді, ол алғашқы тапсырмадан бастап, бүкіл сабақ барысында жұмыс жасайды [7, 18-б.]. 

Келесі тапсырмаға көшуі үшін мұғалім тапсырманың дұрыс-бұрыстығын тексереді, тапсырманың орындалғаны тіркеледі, тек содан кейін ғана оқушы өзінің жетістігін өзін-өзі бағалау парағына белгілейді де келесі тапсырманы орындауға көшеді. Сабақта оқушы орындаған тапсырмалардың саны оның интеллектуалдық және шығармашылық қабілетіне байланысты болады. Бұл жерде бағалау бойынша пікірталас болмайды, оқушылар өз жұмысын өздері бағалайды. 

Сабақты қорытындылау кезеңінде сабақ мақсатына жеткен-жетпегені анықталады, сабақтағы оқушылардың қызметі бағаланады. Дәстүрлі сабақтың соңында барлық оқушының білімі бағаланбайтын еді. Жаңа мазмұндағы сабақта сабаққа қатысып отырған әрбір оқушы баға ала алады. Ол үшін мұғалім алдын-ала орындалатын тапсырманың бағалау критерийлерін дайындайды, орындалатын тапсырманың дұрыстығын сәйкестендіру үшін үлгілік жауаптар әзірлейді. 

Мектепте «Қазақстан тарихы» пәнін оқытуды тиімді жүзеге асыру үшін оқыту үдерісі тарихи концептілер негізінде ұйымдастырылады. Тарихи ойлау дағдылары бірте-бірте прогрессия мен олардың кеңеюін есепке ала отырып, әр сабақтың үстінде дамытылуы тиіс. Белгілі бір тарихи концептілерге фокус жасау арқылы құралған оқыту нақты оқу материалының негізінде оқушылардың бойында тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай әдіс зерттеуге негізделген оқуды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады. Пәнді тарихи концептілер негізінде оқытудан күтілетін нәтижелер төмендегі кестеде келтірілген.

Оқушылардың оқу-танымдық әрекетін күшейту олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейді. Оқушылар жоғары жетістіктерге жетуі үшін мұғалімдер сабақта белсенді оқуды қолдайтын оқыту тәсілдерін қолданады. Оқу үдерісінде оқушының белсенділігін арттыратын әдіс-тәсілдерді шеберлікпен қолдану оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту құралы болып табылады.

Сабақтың түрі сабақтың дидактикалық мақсаттарына байланысты таңдалады. Жеке, жұптық, топтық және ұжымдық оқу жұмысы арқылы оқыту түрлері сабақтың барлық түрлеріне ортақ болып табылады: 

– жеке жұмыс – оқушының жұмысты өз бетінше орындауы; 

– жұптық жұмыс – «оқушы-оқушы», «оқушы-мұғалім» тәртібіндегі жұмыс түрі; 

– топтық жұмыс – топтың құрамына байланысты (3-5 адам) шағын топтық және бүкіл сыныптық жұмыс. Мұнда топтың барлық мүшесі бірігіп бір тапсырманы / тақырыпты немесе оның бір бөлігін орындайды; 

– ұжымдық, яғни ауыспалы жұптар арқылы ұйымдастырылған жұмыс. Мұнда әрбір оқушы жеке тақырыпты / тапсырманы орындап, жұптағы екінші оқушымен талқылайды. Әңгімелеу мазмұндаудың негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады. 

Мұғалім әңгімелеу арқылы материалдың мазмұнын түсіндіреді. Қазақстан тарихы пәнін оқытуда әңгімелеу сабақ уақытының аз бөлігін алып, әдістемелік талаптарға сай келуі тиіс: 

– әңгіме қысқа болуы керек (5-15 минут); 

– әңгімелеу барысында жаңа терминдерге арнайы тоқталып, тақтаға жазу және қажет жағдайда оқушылардың дәптеріне жазып алуларына мүмкіндік беру керек;

– сабақта қолданылатын көрнекіліктер мен карталарды алдын ала дайындап, көрінетін жерге іліп қойған дұрыс; 

– мұғалімнің сөздері түсінікті және сөздерді орынсыз қайталау, бұрмалау болмауы керек, 

– мұғалімнің әңгімелеуі эмоционалдық тұрғыда әсерлі болуы тиіс; 

– мұғалім оқулықта берілген мәтінді сол күйінде қайталап айтуына болмайды. 

Оқу үдерісінде мұғалім оқушылармен серіктестік қағидаттары негізінде тиімді тәсілдер қолдану арқылы оқушылардың танымдық әрекеттерін ұйымдастырушы болып табылады. Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер пәннің ғылыми мазмұнын ашуға негізделеді. 

Қазіргі кезде шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің тынымсыз ізденуі нәтижесінде оқу-тәрбие жұмысының тиімділігін арттырудың жаңа технологиялары өмірге келді. Сонымен қатар сыни тұрғыдан ойлау бағдарламаса бойынша жүргізілген сабақтар іздеудің мән-жайына қаныға, білімді тереңінен айтуға төселеді, дәлелдер келтіру, дәлелдеу тәсілдеріне жаттығады, теория мен практиканың бірлігін игереді, жеке және топпен бірлесіп мәселе түйінін шешу жолдарын табуға жаттығады, өз жолдастарының пікірімен санасуға, өткір сындарды тыңдап одан тиісті қорытындылар жасай білуге машықтанады. 

Қорыта айтқанда, пән бойынша жаңартылған білім беру мазмұнындағы сабақтар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өзбетінше меңгеруге мүмкіндік береді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша сараптамалық материалдар. Сараптамалық жинақ. – Астана:   Ы. Алтынсарин атындағы  Ұлттық білім академиясы, 2015. – 125 б. 

2. Сманқұлова Ж.Е. Жаңартылған оқу бағдарламасындағы тиімді педагогикалық технологиялар // Научный журнал «Хабаршы Вестник Казахского национального педагогического университета имени Абая. Серия «Исторические и социально-политические науки», 2018. – 264-267.

3. Сманкулова Ж.Е. Қазақстан тарихы пәні бойынша электронды оқулықтарды оқу құралдары ретінде қолдану // Қазақстан тарихы, – 2017. – №5. – Б. 7-9.

4. Абдугулова Б.К. «Қазақстан тарихынан әңгімелер» курсын оқыту әдістемесі // Материалы международной научнопрактической конференции «Международные отношения в Центральной Азии: история и современность». – Алматы, 2017. – Б. 245-249.

5. Аналитические материалы по обучению предметам «История Казахстана» и «Всемирная история». Аналитический сборник. – Астана: Национальная академия образования им. И. Алтынсарина, 2015. – 125 с.

6. Төлегенов А.К., Сүлейменов А.Б. Қазақстан тарихы пәнінен жаңартылған бағдарлама бойынша оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру. – Алматы, 2018. – 40 б.

7. Абдугулова Б.К. Тарихты оқытудағы ақпараттық технология» курсын оқытуда компьютерлік технологияны пайдаланудың әдістемелік жолдары. – Алматы: Ұлағат, 2018. – 340 б.

 

2 240 0
Нұржан Бүтінбаев «Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі» ММ «Ораз Жандосов атындағы орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен және Қостөбе бастауыш мектебімен» КММ тарих пәні мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 000557
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: