Поиск статей:
ESI
Рейтинг:

Білімді ұрпақ тәрбиесі – ұлттың жарқын болашағы

Бүгінгі күннің басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын білімді ұрпақты тәрбиелеу. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді мақсат етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді деген сенім мақсатымызға айналып отырғандай. Ал, оған қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу.    

Саяхатшы, зерттеуші А.Янушкеевич: «Мен қазақ ақынының суырып салма өнерін, асқақтата салған әнін тыңдап, ерекше әсерге бөлендім, бұдан бірнеше күн бұрын екі ел егесінде шаршы топтың алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген едім, сонда мен тумысында Демосфен, Цицерондарды естіп, білмеген жандардың жезтаңдай ділмарлығына таң-тамаша болған едім. Ал, бүгін менің алдымда не оқи, не жаза білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап отыр. Жаратқан иесі мұндай өнер берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес…» деп атап көрсеткендей, атамыз қазақ бір ауыз сөзбен қуантып, бір ауыз сөзбен жауын орнынан тұрғызбай тастаған шешен, қайсар, кеңпейіл халық болған. Қара қылды қақ жарған төрелігін халық мойындаған. Атақты орыс зерттеушісін таң еткен шешендер мен ақындар сияқты Жиренше шешен айтып кеткен «жақсылар» қатарында бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейтін әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ойып орын алады. Үш жүздің басын біріктіріп, адал төрелігімен халық қалаулысына айналған, есімі өшпес үш бидің өмірі мен өнегесі – біздің  асыл мұрамыз. Қазақ даласы Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қағидаларын бұлжытпай орындауға, оған бағынуға мойынсұнғаны да белгілі. Ал сол заңдар негізін қалауға ұйытқы болған – үш бидің төрелегі екенін қазіргі ұрпақ әдебиет беттерінен оқып-танысуда. Жауапкершілігі молқандай iсте болмасын бидiң сөзiне артықшылық берiлдi. Би шешiм қабылдарда қиналып, билiк айтудан бас тартса, оған айып салынбады. Егер ол терiс билiк шығарса, онда ол қияметте, құдай алдында жауап бередi делiндi. Осыдан-ақ қазақ халқының билерді ерекше құрмет тұтқанын білуге болады. Би кез келген адамға басу сөз айта алды. Куәлiкке құдайдан қорқатын, күнәсi жоқ, көпке қадiрлi адамдар шақырылды. Антын бұзып, iске нұқсан келтiрген немесе елге зиян келтiрген адамды абыройсыз деп, қоғамнан аластатылды. Кез келген дауды аса білгірлікпен шешіп, жауласқан екі елді бітіге келтірген билер философиясын әлі күнге дейін мойындайтынымыз шындық. Ал сол билердің өзі бұл істеріне қаншалықты баға берген екен? Соған көз жүгіртсек…

Төле би халықпен қоштасқанда былай деген: “Оңаша ойға батып, өткен — кеткенімді таразыласам, менің кесім-бітімімнен де кемшілік табылатындай. Ердің құны екі жүз байтал болсын дегенім дәл, әділ билікке жатпайтын тәрізді. Олай дейтінім, ер болғанда мынау жақсы жігіт, мынау жаман жігіт деген жоқпыз. Ер деп адамның құнын жалпыға бірдей есеп қылып айттық. Оның ішінде неше түрлі адам бар. Бір адам бар еліне пайдасы тиген, жақсылық істеп, атағы шыққан, мейлі хақ, мейлі би атансын, әділ болса халық қадірлеген. Бұл да адам. Екінші бір адам бар, туысы жаман. Елді жаудан қорғап, ажыратпақ түгіл, шөгіп жатқан түйеге міне алмайды. Қаңғып, не далада мал ұрлап жүріп адасып, не шөлдеп өліп қалады. Мұның да құны екі жүз байтал. Сондықтан, мен ережемді осы екеуінің, жақсы мен жаманның бағасының бір-ақ баға болып кеткеніне қапалымын. Меніңше, бұл әділдік емес. Осыны өздерің қайта бағалап, қайта кесемін десеңдер, еріктерің, халқым. Екінші, қыздың құны қырық жеті қара дедік. Қыздың да қызы бар. Айтулы ай десе аузы, күн десе көзі, қараса түрі, сөйлесе лебізі, тегі мен заты, аты мен атағы, сезімі мен ақылы бірдей келген арулардан халық аузында аңыз болып жүрген Ләйлі, Қыз Жібектердің құны қырық жеті қара. Екінші бір қыз бар, дөң жауырын, алакөз, кісі бетіне қараса ұрсатұғын, адам көрсе жынды болғандай арқа-басы құрысатұғын, бір адаммен сөйлесіп, мейірленіп, сыйласа алмайтұғын. Әкесі мен шешесіне сүйкімсіз, тілін алмайтұғын, ауыл үймен ұрсысып, аяқ-табақ қатынаспайтұғын. Мұның аты да қыз. Мұның құны да қырық жеті. Халқым, мен сендерге ереже айтқанда осы жағын ойламаған екенмін…”  Иә, халқы үшін төрелігі заң болып қабылданған ұлы тұлғаның осы сөзінен әр ісін байыптап, ақыл таразысына тартып, өзіне де баға бере алатын ұлылықты байқаймыз.                                                                        

«Жер астында жатқанды қазбай қарап тіл табар» деп саналы сөзді сары алтыннан артық бағалаған халқымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды асыл қоймасындай сақтады. Өнерлі халық – өміршең халық. Демек, күні бүгінге дейін ғасырлар бойы дамып қалыптасқан халық ауыз әдебиетінен, халықтық салт-дәстүрлерінен, ұлттық педагогикалық ойлардан құралған бұл халықтық салт-дәстүрлеріміздің ғылыми-педагогикалық мәні өте зор екені рас. Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық сана­сының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабатты­лыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған. халық өз ұрпағына қайырымды­лықты ес білгеннен үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы оны тұрмыстық салтқа, адамгершілікке, дәстүрге енгізді. Ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өскелең арман-мұраттарымен сипатталады. Қай халықтың болмасын табиғатына тән, өзгеде қайталанбайтын қасиеттері, мінезі, діні, тілі болуы ұлттық рухпен тікелей байланысты. Оны асқақтататын – ұлттық тәлім-тәрбие. Оның негізі ана тілінде. Қазақ тілі халқымыздың ұлттық болмысын, әдет-ғұрпы мен салтын, дәстүрін, ұлттық жадын қалыптастырушы негізгі құрал ретінде ұлттың тілі мен діні, біліктілігін болашаққа жалғайды. Ал, осы асыл қазыналар билердің ұлағатты сөздерінен бастау алатынын көп жан түсіне бермейді. Ескіліктің көлеңкесіне айналып бара жатқан осындай ойлы сөздерді неге қайта жаңғыртып, ұрпақ санасынан ойып орын алатындай дәрежеге көтермеске деген көкейдегі сауалдың орын алатыны да шындық. Алайда, «заманына қарай адамы» деген түсінікпен өзімізді шектеп отырғанымыз өкінішті. Баланың тәрбиесіне ықпал ететін негізгі төрт нәрсе бар: отбасы мен өскен ортасы, балабақша, мектебі мен достары. Міне, бұлар үйлесім тауып, адам тәрбиесіне сергек қараса, ұлтқа қауіп төнбес еді. Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы болуы керек. Сондықтан ұрпағымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ел қамын ойлайтын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Билер ұлағаты арқылы ұлттық тәрбиеге мән беру – сіз бен біздің қоғам алдындағы парызымыз. ХХІ ғасыр азаматының бойында өркениетті өмірге талпынатын, ата-баба дәстүрін жалғастыратын, кіндік қамы тамған туған жерін, асқақтаған көк тулы Отанын сүйетін, үлкен-кішіге мейірімді, ізетті, текті, дені сау азамат және азаматша болып өсулеріне тілектеспін!

Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Абай Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар. Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген. Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек. Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді. Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «… Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық. Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік. Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы жарқын болашақ қамтамасыз етілмек!

275 0
Нарбекова Шарапат Маратовна Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің физика пәні оқытушысы, магистр Шымкент қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000754
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: