Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1770

Мұғалімдердің шығармашылық жұмысын жетілдіру арқылы кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыру

Қазіргі жас ұрпаққа саналы да сапалы білім алуының бірден-бір себебі оқу орнындағы білім беру процесіне мұғалімдердің шығармашылық жұмысын жетілдіру арқылы кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыру екендігі белгілі. Сондықтан жаңа педагогикалық инновацияларды дер кезінде қабылдап,өңдеп,нәтижелі пайдалану - әрбір ұстаздың негізгі міндеті.

Бүгінде шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Тіпті бір қатар дамыған елдерде бұл идея ұлттық қағидаға айналған.

Осы орайда  «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» яғни әлем­дік экономикалық дағдарыс кезеңіндегі ұлт болашағының, қа­зақстандық дамудың сара жолын тағы бір мәрте айқындауы бүгінгі күннің басты талабы екендігін көрсетті[1]. Десек те оқыту екі жақтың да, мұғалім-оқушы, бірдей еңбек етуін талап ететін үдеріс, сондықтан ұстаз өзінің іс-әрекетін ұйымдастырып, тек оның орындалысымен ғана қанағаттанып қоймай, оқушының да белсенділігін, білім игерудегі әрекетін дамытуға ықпалын тигізуі қажет. Қазіргі біздің қоғам осы бағытта жұмыс атқаратын шығармашылық қабілеті бар, талантты іскер мамандарға мұқтаж. Осыған сәйкес жас ұрпақтың қабілеті мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру, осы арқылы өзіне деген сенімін нығайту, бір сөзбен айтқанда, өз жолын өзі таңдауына түрткі болу - міне, бүгінгі таңның басты өзекті мәселесі болып отыр[2]. 

Қазіргі  міндет-ойы  ұшқыр, шығармашылық  қабілеті    жоғары, өмірге икемді      жан-жақты   дамыған  тұлғаны    тәрбиелеу. Ал  білім  беру орын балаға   бірден-бір    әсер ететін орта. Сол себепті   жеке    тұлғаны қалыптастыру   міндеті   жүктеліп, білім  алушының   жеке     қабілетін дамытуда, дарынын     ашуда   және қоғамдық белсенді әрекетін жүзеге асыруда, ұстаздардың іс-әрекеті   мен озық тәжрибесі, қабілеті мен    шеберлігі шешуші роль атқарады

Қазақстанның әлемдік өркениетке қол созып, бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруінің негізгі тетігі - білім. Білімнің жаңа үлгісі өзіне сәйкес жаңа мұғалімдерді талап етеді. Ол шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға, педагогикалық қызметтің барлық келеңді-келеңсіз жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез келген педагогикалық жағдайды өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениеті, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын педагогикалық үдерістің нәтижесін жаңарта алатын мұғалім болуы керек[3]. 

Осы тұрғыдан алып қарағанда мұғалімдердің шығармашылық жұмыстарын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Мұғалімдердің шығармашылық жұмыстарының нәтижесі олардың шығармашылық іс-әрекеті, яғни баспасөз беттерінде жариялаған жарияланымдары, ашық сабақтары, олимпиадалар мен байқауда жеткен жетістіктері, құрастырған авторлық бағдарламалары мен дайындаған әдістемелік әзірлемелері арқылы көрінеді. 

Мұғалімдердің кәсіби құзіреттіліктерінің қалыптасуын анықтауда А.К.Макарованың «кәсіби құзіреттілік – бұл педагогикалық іс-әрекет іске асырылатын, мектеп оқушыларын оқыту мен тәрбиелеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізген еңбегі» - деген пікіріне сүйенуге болады. Мектепте оқу пәні мұғалімінің педагогикалық кәсіби біліктілігін көтеруі тек кәсіптік құзіреттілікті арттырудың шарты болып қана қоймай, ол сонымен бірге өзін-өзі жетілдірудің алғы шарты болуы қажет. 

Ғалым, академик Ш.А.Амонашвили мұғалімнің кәсіби қызметі мен рөліне ерекше назар аударған. «Мұғалімге елдің болашағын қалыптастыруда ең басты рөл берілген» - деп айтқан болатын.  «Барлық мамандықтың ішінде мұғалім мамандығы ең ардақты, ең қиын және ең маңызды» - мамандық деп мұғалім мамандығының тұғырын биіктете көрсеткен. Мұғалімді шығармашылыққа ынталандыратын факторлардың бастысы – өзі оқытатын пәніне деген шығармашылық көзқарас, пәндік материалдың дамытушылық және тәрбиелік мүмкіндіктерін көре білу. Егер тәжірибе ғылыми біліммен нәрлендірілсе, оның жаңашылдық деңгейі де жоғары болады, демек шығармашылық әлеуетті дамыту мүмкіндігі басым деген сөз. Ғылыми шығармашылық зерттеу, эксперимент барысында мұғалімде жаңа теорияларды қалыптастыруда, оларды ғылыммен құнарландыруда, әрекетті жобалауда және рефлексиялауға деген қажеттілік те пайда болады. 

Шығармашылық - жаңаны жасаудағы процесс, креативтілік – адамның ішкі ресурсы, әлеуеті. Креативтілік - адамның шапшаң, нақты ойлау, жоғары қызығушылықтарға негізделген бай қиял және проблеманы жылдам түсіну қабілетімен танылады. Креативтіліктің негізгі шартының бірі – адамның өзін-өзі ұстауы мен өзіне деген сенімділігі. Креативтілік тек қана ойлау операцияларының сапасымен ғана емес, тұлғалық сипатымен, шығармашылық кезеңдеріне қажетті білім, білік, дағдыны меңгеру деңгейімен ерекшеленеді. Бүгінгі күні мұғалімдердің шығармашылық іс-әрекетін кәсіби тұрғыда ұйымдастыруда жүзеге асырылып отырған іс-шаралар ауқымын арттыру қажет. Осыған сәйкес мектеп мұғалімдері пәндік-әдістемелік бірлестіктер негізінде жекелеген ғылыми-зерттеу тақырыптары аясында шығармашылық жұмыстармен айналысуда. Ендеше қоғам талабына сай кәсіби мұғалім болу заман талабы болып тұрғаны анық. «Ұстаз қандай болса қоғамы сондай» демекші білім беру сапасын арттыруда мұғалімнің кәсіби қызметін жетілдіру заңдылық, қай қоғамда да көкейкесті. Сондықтан да бүгінгі таңда мұғалімнің кәсіби құзіреттілігін үздіксіз жетілдіруде мынандай міндеттер жүктеліп отыр. 

1. Мамандығы бойынша негізгі дайындығының болуы. 

2. Адамдардың адамға, қоғамға қатынасын реттейтін құқықтық және этикалық нормаларын білуі. 

3. Қазіргі білім беру технологиясын пайдалана отырып жаңа білім алуы және өз еңбегін ғылыми негізде ұйымдастыра білуі. 

4. Компьютерлік техника мен ақпаратық коммуникативік технологияны меңгеруі. 

5. Ғылыми іскерлік, қоғамдық, саяси және тұрмыстық тілдер ауқымында мемлекеттік және шетел тілдерінде сөйлесе білуі. 

Осы жоғарыда айтылғанның бәрі басқару қызметіне стратегиялық және инновациялық ойы дамыған, басқару мәселелерін шешуге қабілеті жеткілікті, жаңа технологияларды игерген, белгілі бір топ, ұжым құрамында жұмыс істей алатын, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын, қарым-қатынас мәдениеті жоғары, бір сөзбен айтқанда кәсіби құзіретті ұстаздың қалыптасуын үздіксіз дамытуды қажет етеді. 

Шығармашылық – бұл ізденіс, кез-келген іске үлкен жауапкершілікпен, терең көзқараспен қарау. Оны жаңартуға, өзгертуге, толықтыруға ұмтылу. Шығармашылық ой еңбегі және дене еңбегі арқылы жүзеге асады. Шығармашылықпен айналысу барысында адамның таланты, қабілеті ашылады. Оның рухани жан дүниесі байиды және іс-әрекетіндегі белсенділігі артады. Ал адамның белсенділігінің артуы оның өмірдегі кедергілер мен қиындықтарға бой алдырмауына көмектеседі. Шығармашылық адамның тұлғалық сапасын шыңдайды. 

Шығармашылық көзі – танымдық қызығушылық, интеллектуалдық қабілет, білім, ойлау стилі, тұлғалық мінездеме, мотивация және қоршаған орта. Кәсіби білім берудің заманауи жүйесінде акмеологиялық тұрғыда кәсіби мотивацияны нығайтуды, шығармашылық әлеуетті ынталандыруды, педагогтың кәсіби қызметінде жетістіктерге жету үшін тұлғалық ресурстарды анықтауды және игілікті қолдануды қамтамасыз етуден тұрады. 

Шығармашылық дегеніміз - адамның өмір шындығына, өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі. Ең бірінші кезекте мұғалімнің «өзіндік жаңалығы» болуы қажет. Ғылым жаңалығын түрлендіруде өз үлесін қосу арқылы жасаған нәтижелі жұмысы өзгелердің тәжірибесін толық көшірмей, жаңа ортаға икемдеп, өзіндік іс-әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу керек. Қазіргі кәсіптік-педагогикалық қызмет қандай мұғалімді талап етеді. Мұғалім – оқушылардың жеке тұлғасын дамытуға басымдық беретін, күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларда еркін бағдарлай алатын, шығармашылық процестерді басқара алатын, адам туралы ғылымның жетістіктерін, оның даму заңдылықтарын, компьютерлік оқыту өнерін терең меңгерген жан-жақты дамыған шығармашыл тұлғаны талап етеді. Ал, білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген және білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды тауып, оларды таңдап сараптай алатын, отандық және шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті айтамыз. Осыған сәйкес педагогтың кәсіби кемелденуін қалыптастыруды ғылыми негіздеуде бірнеше күрделі мәселелері орын алуда: 

- педагогтың кәсіби кемелденуіне қол жеткізудегі акмеологиялық бағыттың әдіснамалық негіздері жеткілікті зерттелінбеген және ғылыми тұрғыдан негізделмеген. 

- педагогтың кәсіби кемелденуінің қалыптасу сатылары айқындалмаған. 

Педагогтың кәсіби кемелденуін қалыптастырудың сатылық механизмін мынадай кезеңдер арқылы қарастыруға болады. 

Бірінші кезеңде акмеологиялық қатынас негізінде жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие процесінде кәсібиліктің мәнділігін көрсету. 

Екінші кезеңде педагог мамандарды акмеологиялық бағыт негізінде дайындаудың бағдарланған жүйесінің ғылыми негізін қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. 

Үшінші кезеңде педагогтың шығармашылық зерттеушілік жұмыстарды орындауда технологиялық жүйелер көмегімен нақты әрекеттерді орындау арқылы жоғары деңгейдегі іскерліктер мен дағдыларды меңгеруді қамтамасыз етеді. 

Төртінші кезеңде педагогтың әдіснамалық мәдениетін қалыптастыру толық жүзеге асуы тиіс, педагогтың теориялық білімдерімен практикалық іскерлік-дағдылары жоғары нәтижелікке бағытталады әрі оның түрлі педагогикалық құбылыстарға қатысты қызмет жүйесі тұрақталынады [4]. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің мектепке әсері оның оқу үдерісіне ізгіліктік және демократиялық бағыттарды енгізуді қажет етуінен айқын көрінеді. Оқушы тұлғасының өзіндік дамуына, танымына, өзін-өзі жетілдіруіне бағытталған оқыту талабы мұғалімнің тек пәндік-білімдік тұрғыдағы біліктілігіне ғана емес, ерекше тұлғасына, шығармашылық даралығына деген сұраныстарды алға қойып отыр. Бүгінгі мұғалім ойлау икемділігі дамыған, жан дүниесі терең, өмірге көзқарасы жоғары болуға тиіс, өйткені өзіндік рухани өсуін өзі басқара алатын адамның қолынан ғана шығармашылық жасампаздық келеді. Ондай ұстаз педагогикалық жаңалықтарды қабылдауға даяр, сондықтан өз әрекеттеріне өзгеріс енгізе алатынымен, ізденістік жұмыстар жүргізуге бейімделгендігімен, әр оқушының рухани өсуіне, өзіндік мүмкіндігін дамыту үшін жағдай туғыза алатындығымен құнды. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1. Тұрғынбаева Б.А. Ұстаздық шығармашылық.- Алматы, 2007ж 
  2. «Педагогика» Ш.Х.Құрманалина,Б.Ж.Мұқанова т.б.«Форлиант»   Астана-2007ж.

3. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. 2007 жыл 27 шілде. 

4.ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2010.ж

5. «Педагогика» М.Жұмабаев.

 

755 0
Болетова Нурзия Абилхайовна М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің математика және физика пәні мұғалімі Шымкент қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000750
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: