«Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол» Н. Ә. Назарбаев.
«Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» делік, ендеше осы еліміздің қуатты болуы үшін біз қандай үлес қосып келеміз? Жастық шағымызда алған білімімізді ел болашағы үшін қалай қолданып жүрміз?
Міне, қазіргі таңда әрбір жүрегі «елім» деп соғатын азамат осы сұрақты өзіне қоюы керек сияқты. Мені де бұл сұрақ мазалайтыны рас. Абай атамыз, «егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір рет, болмаса жұмасына бір рет, яки болмаса айына бір рет өзіңнен өзің есеп ал» деп айтпақшы, мен де өз-өзіме есеп бергім келді. Осы тұрғыда ең алдымен жаңа жұмысты бастамас бұрын атқаратын қызметін жайында терең зерттеп алу маңызды. Яғни, әдіскер деген кім, оның негізгі бағыты қандай, мақсаты не?
Менің білуімше, әдіскер – теориялық білімі терең, педагогикалық үдерісті кеңінен талдай алатын, ақпараттарды сараптап, қорытынды шығарып, оны жұмыс сапасын жақсартуға дұрыс бағыттай алатын іскер маман. Әдіс - таным құралы десек, әдіскер – жаңа біліммен қаруланамын, өзін-өзі жетілдіремін және үйренемін деп келген тыңдаушыға мақсатына қол жеткізуге дұрыс бағыт бере алатын ұстаздардың ұстазы. Әдіскердің құзыретіне жоғары мәдени қарым-қатынас, терең білім, жан-жақты шығармашылық жатады. Ертеректе арнайы білімі жоқ болса да, кей қарияларымызды «көреген кісі», «білімді кісі» деп атап жататынын еститінбіз. Қазіргі заман әдіскері сол көне қарияларымыз сияқты арнайы мамандық иесі болмаса да, еңбек пен шеберлікті үйлестіре алатын, жаңалықтың жаршысы болуы маңызды.
Педагогикада «Кім көп біледі дегенді емес, кім жақсырақ біледі дегенді анықтауға көп көңіл бөлу керек» деген қағидат бар. Әдіскер жұмысы да осы қағидатқа негізделген сияқты. Білім беру мазмұнының жаңаруына орай елімізде жаңа бағдарламалар, жаңа жобалардың енуі педагогтер үшін еңсеруі қиын кедергілерді туындатты. Осындай өзгерістер аясында мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруда олардың маңдай тері еңбектерінің жемісін көруге көмегін тигізетін әдіскердің атқарар еңбегі қашанда ауқымды, маңызды, қажетті және жауапты іс болып қала бермек.
ҚР «Білім туралы» Заңында «әдістемелік кабинет-білім беруді басқару органдарының білім беру процесінің ұйымдастырушылық-әдістемелік қамсыздандырылуын, нәтижелерін талдау мен бағалауды, педагог кадрлардың шығармашылық өсуіне және олардың кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруіне жәрдемдесетін инновациялық педагогикалық тәжірибені жинақтау мен таратуды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі» деп атап көрсеткендей, Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында Педагогикалық шеберлік орталығымен бірлесе құрылған әдістемелік орталығының қызметі де педагогтердің инновациялық потенциалын желілік өзара әрекеттесу негізінде дамытудың сапасын жақсарту үшін жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл әрине бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыруға көмектеседі. Осы орайда, әдістемелік қолдау көрсету мақсатында, ең алдымен, орталық әдіскері облыс педагогтерінің кәсіби дамуындағы қажеттіліктерін анықтады.
Алынған сауалнама негізінде педагогтердің
33%-ы жоспарлау,
26%-ы бағалау,
14%-ы саралау,
17%-ы Сабақты зерттеу,
10%-ы белсенді әдіс-тәсілдер бойынша әдістемелік қолдау шараларының ұйымдастырылғанын қалайтындығы байқалды.
Осы қажеттіліктерге сәйкес әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен жыл бойына түрлі формадағы 661 шара өткізіліп, облыс педагогтерінің 67%-ы қамтылды. Шаралар бірыңғай ақпараттық кеңістікті құруға, облыстағы тұтас оқу үрдісін қамтамасыз етуге, мұғалімдердің кәсіби шыңдалуына, соның нәтижесінде оқушылардың жеке өсуіне ықпал етуге бағытталды.
Әдістемелік қолдауда Педагогикалық шеберлік орталығының тәжірибелі тренерлері және Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік педагогтері, сонымен қатар инновациялық мектептердің белді мұғалімдері тартылды. Орталық әдіскері әрбір мұғалімнің біліктілігін, кәсіби шеберлігін жан-жақты арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастырып қана қоймай, педагогтердің ғылыми, кәсіптік, әдістемелік, мәдени деңгейін сапалы көтеру бойынша да жұмыстар та атқарады. Осы орайда облыстың үздік мұғалімдерінің тәжірибесін тарату мақсатында СРМ порталында ай сайын үздіктер қызметі жарияланып отырды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің Дарига Мұнарбаева, Гүлнұр Мақсұтова, Зауре Ермаханова, Нұркен Абджалиев сияқты өз ісінің шеберлері және инновациялық мектептерден Жанна Кунарова, Сағатбек Карапаев, Ақнұр Утепбергенова, Жаңагул Алдамжарова есімді шебер ұстаздардың еңбегі республика мұғалімдеріне үлгі болары анық. Педагогтерден алынған кері байланыстар нәтижесінде мұғалімдердің оқушылар қажеттілігі мен жас ерекшеліктеріне сәйкес оқу мен оқыту үдерістерін тиімді жоспарлау және ұйымдастыру, сыныпта жағымды психологиялық ахуал туғызу, мұғалім мен оқушы арасында сенімді қарым-қатынас орнату, саралау тәсілдері арқылы белсенді оқу ортасын құру, оқушыларды сыни және креативті ойлауға бағытталған әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану және зерттеушілік дағдыларын дамыту бағытында қажетті әрі пайдалы әдістемелік көмектер алғандығы анықталды.
Жаңа оқу жылына Әдістемелік орталық жаңа мақсаттар қойып, Іс-әрекеттегі зерттеу тәсілін, STEAM, CLIL технологияларын облыс мектептеріне тиімді енгізу, 4,9-10 сынып пән мұғалімдеріне қолдау көрсету бағытындағы шараларды ұйымдастыруды жоспарлайды. Алдағы уақытта осы аталған бағыттарды негізге алған жағдайда әдістемелік жұмыс нәтижелі болары белгілі.
Өзгермелі қоғамда жаңа формация мұғалімін – педагогикалық құралдарды меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлғаны жетілдіру талабы тұр. Бәсекеге қабілеттігі, кәсіби шебер ұстаздардың әлеуетін көтеруде әдістемелік орталық та қолдау шараларын қарқынды ұйымдастыруды әлі де жалғастыра бермек.
Ең бастысы, әдіскер жұмысы мен педагогикалық ұжым мүшелері арасында үйлесімді, ынтымақтасты ахуал орнаған уақытта Әдістемелік орталықтың білім жүйесіндегі тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнын қамтамасыз ету міндеті орындалары айқын.