Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI171

МАҚСАТТЫ ДҰРЫС ТҰЖЫРЫМДАУ МӘСЕЛЕСІ

«Оқушылар оқу мақсатын түсіне бастаған кезде, біршама ойлы түрде оқи бастайды, ал оларды оқыту аса тиімді болады: оқушылар бағалау үдерісін мұғалімдермен және бір-бірімен талқылайды...» 

                                                                             Блэк и Уиллиам (1998) 

Заманауи әлемде болып жатқан қоғам мүшелерінің қарым-қатынасы мемлекеттік, әлеуметтік және жеке тұлғалық қажеттіліктер мен мүдделерді ескеретін білім мақсаттарын айқындауды, білім беру кеңістігін қарқынды жетілдіруді талап етеді. Осы тұрғыда, оқыту саласында жаңа білім беру стандарттарын дамыту әлеуетін қамтамасыз ету – басым бағыт болып табылады.

 Қазіргі оқушыдан рефлексия негізінде өзінің оқу әрекетін басқара алатын біліктілік ұғымы сұраныс тудырып отыр. Ол үшін өзін-өзі бақылау мен өзін-өзі бағалай алу диагностикалық дағдыларын меңгеруі қажет. Оқушы құзыреттілігі әдіснамалық сипаттағы және ұйымдастырушылық, сындарлылық, коммуникативтік іс-әрекет дағдылары білімдерімен толықтырылады.  

Жаңартылған оқу бағдарламаларында күтілетін нәтиже оқыту мақсаттары жүйесі түрінде берілген. Күнделікті білім беру үдерісі оқу мақсатына жетуге бағытталады және меңгерген білім, білік, дағдыларды оқушылардың оқуда, өмірлік тәжірибеде шығармашылықпен қолдана алуға дайындығын қалыптастыру. Сондықтан мұғалімнің оқу/оқыту үдерісін сапалы құруда әртүрлі санаттағы оқушылар үшін оқу мақсатын нақты айқындау қажет. Әр оқушының қажеттілігі анықталып қойылған оқу мақсаты – табысты оқытудың кілті. Мақсаттар педагогикалық үдерістің бағдарламаланған соңғы нәтижесі ретінде оқушылардың назарын басты іс-әрекеттерге шоғырландыруға мүмкіндік береді, яғни оқыту нәтижесін сапалы бағалауға, бірлескен мұғалім мен оқушы жұмыстарының ашықтығы мен айқындығына мүмкіндік береді.

 Мақсат дегеніміз – әрекеттердің алдында олардың ойша болжанған түпкі нәтижесі, жүзеге асырылуға, орындалуға тиісті нәрсе (зат, құбылыс), алға қойылған міндет. Мақсат – адамның ниеті, ол бізді уәждеп (ынталандырып), бар әрекетімізді саналы түрде жасап, оларды реттеп, соңғы нәтижеге ұмтылдырып бағыттайтын идея. Мақсат болса – барлық әрекеттеріміз де саналы тұрғыдан жасалады, біз өзімізге не керек екендігін ескере отырып, естен шығармай амал құрамыз, яғни ісіміз ақыл елегінен өтіп, жүзеге асырылады. Яғни, мақсат – адам болашақта белгілі бір іс-әрекет негізінде қол жеткізетін алдын-ала жоспарланған нәтиже. 

Мақсат қою – мақсатты тұжырымдау және оны ашып көрсету, белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асатын үздіксіз үдеріс. Мақсат қоюда оны нақтылау қажет, яғни белгілі бір нәтижеге жетуді сипаттайтын етістікті қолдану. Оқу мақсаты мұғалімнің оқушыға бағытталып жоспарланған мақсат. Ол өз кезегінде оқушының нені білуі мен нені үйренуі керек?-деген сұраққа жауап іздеумен тығыз байланысты. Оқу мақсатын айқындау үшін мұғалім өз сынып оқушыларының осы мақсатқа қатысты деңгейлерін анықтайды. Сонымен қатар, мақсат құру кезінде оқушылардың әлеуеті, ерекшелігі, мүмкіншілігі және тағы да басқа факторлары ескеріледі. 

Мақсатты жүзеге асыру барысында мақсат ішкі ниеттен сыртқы әрекетке айналып, оның соңында түпкі нәтиже қалыптасатын үдеріс. Әрбір қойылған мақсатты үнемі талдап, қажет болса қайта қарастыру керек. Үздіксіз талдау жасау мұғалімдерге маңызды шешім қабылдауға көмектеседі. Ең маңыздысы жүзеге аспай қалған немесе мерзімі бойынша қалып отырған мақсаттарға мән беру керек. 

Мұғалім мақсаты – сабақ мақсатын әдістемелік тұрғыдан дұрыс тұжырымдап, оған жету құралдары мен жолдарын жобалау. Оқу мақсаты – қалаған оқу нәтижесі. Күтілетін нәтижелер оқу мақсатына сәйкес келеді және мақсатқа жетудің маңызды «қадамдары» болып табылады. 

Мақсат қоюға байланысты SMART талаптары дегеніміз не? «SMART» сөзі ағылшыннан аударғанда «ақылды» дегенді білдіреді. «Ақылды мақсаттарға» қойылатын негізгі талаптар төмендегідей: 

S - нақтылық, оған жету үдерісінде білім алушылар, оның неден құралатынын түсінуі тиіс. 

M – өлшенушілік, оған жету үдерісіне тартылған білім алушылар, олардың мақсатқа жеткен, жетпегенін түсінуі тиіс. 

A – қол жеткізушілік, оған жету үдерісіне білім алушылар, тиісті ресурстарды игеруі тиіс. 

R – шынайылық, нақты нәтижеге бағытталады. 

T – уақытпен белгіленген, әрбір мақсаттар үшін оған жетудің уақытша жиегі анықталуы тиіс. 

Заманауи мектептерде мұғалім мен оқушы жұмыстарын бағыттайтын құзырлылықтың тұтас жүйесі айқындалған. Осындай түйінді құзырлылықтардың бірін мақсат қою құзырлығы деп атайды. Мұғалімдер тәжірибесінде сабақтың мақсатын қоюда типтік қателіктер кездеседі. Сол қателіктерді негізге ала отырып, мақсатты дұрыс тұжырымдауға ой түрткі саламыз. 

Мәселен, сабақ жоспарындағы мұғалімдердің негізгі қателігі – «Оқушы нақты не істейтіні, нені көруге болатыны сабақ мақсатында анықталмайды». Мұғалімдер мақсатты оқушыға бағыттамай, мақсатты құру барысыгда өзі атқаратын жұмыстарына сипаттама жасайды. Мысалы, «Оқушыларды картадағы шартты белгілермен таныстыру», «Анықтауыш туралы білімдерін жүйелеу». Осындай оқу мақсатынан оқушы жұмысының нәтижесін көруге, естуге, оқуға бола ма? 

Екінші қателік – Мақсаттар нақты емес, «жалпылама» құрылады. Мысалы, «Оқушылар үшбұрыштың ауданы туралы түсінік алады», «Оқушылар Ом заңын меңгереді». 

Үшінші қателік – Мақсаттар сабақ үдерісінде оқушыға жеткізілмейді. Мысалы, «Бүгінгі сабақта мен сіздерге қазақтың ұлы ағартушысы, ақын-жазушы Абайдың шығармашылығы туралы айтамын». 

Төртінші қателік – Мұғалімдер оқушының сабақ мақсатын түсінгенін нақтыламайды. Мұғалімнің белгілеген мақсатын мұғалім мен оқушының әртүрлі түсінуі. Олардан қандай нәтиже күтетінін, оқушылардың түсінгендіктерін нақтылау үшін кері байланыстың қажеттілігі және мақсатқа жету үшін оларға қандай қадамдарды орындау қажеттігі? 

 Бесінші қателік – Сабақ мақсатына және табыс критерийлерінің орындалғанына қорытынды жасалмайды. Сабақтың соңында мұғалім сабақтың басында қойылған міндеттер мен күтілетін нәтижеге қайта оралуы қажет. Бұны оқушылардың сабақтың мақсаты мен нәтижеге жеткендіктерін талқылай алу үшін жасау қажет. Оқыту мақсатын қолдану оқушыға оқыту нәтижесінде неге жету керектігін түсінуге көмектеседі. Дұрыс құрылған мақсат оқушыға нені меңгеретінін, не үшін жасайтынын түсіндіреді. Ол мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысты жақсартады, әрекет нәтижесін өзіндік бақылауға және саналы бақылаудың қажеттілігін қамтамасыз етеді. 

Сабақ мақсатын талдау алгоритмі: 

• Мақсат тұжырымдаудың ықшамдылығын, нақтылығын және түсініктілігін анықтау; 

• Тұжырымда түпкі нәтиже бар екендігіне, яғни мақсаттың диагностикалылығына көз жеткізу;

 • Мақсат қоюдың себебін анықтау: оқу бағдарламасы талаптарына, оқушылардың қызығушылықтарына байланыстылығы;

 • Мақсаттың сабақ тақырыбымен байланысын, яғни перспективалылығын анықтау; 

• Мақсатты мұғалімнің түсіну деңгейін анықтау; 

• Мақсатқа қол жеткізудің шынайылығын айқындау;

 • Мақсаттың оқу материалы мазмұнымен, оқыту әдістері мен сабақтағы танымдық қызметті ұйымдастыру формаларымен сәйкестігін анықтау; 

• Мақсат пен нәтиже арасында алшақтық жоқтығын анықтау. 

Блум Таксономиясы оқу мақсаттары мен нәтижелері бірдей маңызға, құндылыққа ие болатындығына негізделген. Өйткені, ол дайын құрылымды және етістіктер тізімін қамтамасыз етеді. Дұрыс етістікті пайдалану яғни, етістіктер нақты, деректі, қолмен ұстайтындай, көзбен көретіндей, құлақпен еститіндей болуы керек. Бұл оқу нәтижелерін сәтті жазудың кілті деуге болады. 

Мақсатты құруда «біледі», «түсінеді», «жаттығады», «қалыптастырады», меңгерту деген етістіктерді қолданбаған дұрыс, өйткені олар оқушылардың нақты әрекеттерін көрсетпейді. 

«Мақсат=нәтиже» формуласы бойынша бірнеше мысал келтіріп кетейік. Мәселен, 7-cыныпта егер де сабақ тақырыбы «Дәрежесі бар өрнектерді түрлендіру» болып, оқу мақсаттары (ОМЖ-да дайын түрде келген) «7.1.2.3 нөл және бүтін теріс көрсеткішті дәреженің анықтамасын және оның қасиеттерін білу; 7.2.1.1 санды өрнектердің мәндерін табуда бүтін көрсеткішті дәреже қасиеттерін қолдану» болса, онда сабақ мақсатын «Оқушылар бүтін көрсеткішті дәрежесі бар өрнектерді түрлендіретін есептерді шығаруға үйренеді» деп келтіруге болатын шығар. Мұнда оқушылардың сабақ барысында не үйренетіндігі нақты көрсетілген. Мәселен, тарих сабағынан «Оқушылар өз таныстырылымында Кенесары Қасымов көтерілісінің себептерін талдайды және оның тарихи маңыздылығын тұжырымдайды».

 География сабағының тақырыбы «Дүние жүзілік мұхиттардың географиялық орналасуы», сабақ мақсатын «Оқушылар дүниежүзілік мұхиттардың географиялық орнын диаграмма құрастыру арқылы салыстыра алады» деп алуға болады. Физика сабағының «Қатынас ыдыстар» тақырыбы бойынша мақсатты «Оқушылар қатынас ыдыстардағы қысымның таралуы мен су құбырының жұмыс істеу принципін түсіндіре алады» деп құрастыруға болады. Нақты, өлшенбелі, қолжетімді, шынайы, уақыт ауқымында шектеулі, яғни SMART бойынша құрастырылған мақсаттар осындай болуы тиіс. 

Байқап отырғаныңыздай, бұл жерде мақсат бағалауға өте ұқсас. Ал, бағалау дегеніміз оқушылардың сабақ үдерісінде үйренгендігінің дәлелі. Мақсат та сабақ соңында оқушылардың білім деңгейін қалай анықтауға болатындығына негізделген. 

Бұл – мұғалімнің сабаққа қойған мақсаты. Ендігі кезекте оқушылар өз мақсаттарын айқындау керек, өйткені сабақ солар үшін өткізілуде, оқушылар сабақтың басты тұлғалары болып табылады. Олар мақсат құрастыру арқылы өздеріне қандай міндеттеме алар екен? Осылайша мұғалім оқушыларды саналы және ерікті түрде өз біліміне жауапты етеді, жауапкершілікті өздеріне жүктейді. Оқушылар кез-келген уақыт мерзіміне: сабақ, үй тапсырмасы, тоқсан, жылға байланысты мақсат қоюды мұғалімнің қолдауымен іске асырады. Мақсат оқушылардың білімдік әрекеттерін жобалау үшін аса қажет. Оқушылардың мақсаттары белгілі бір нақты әрекет түрінде нәтижеге жетуді болжайды. Күтілетін нәтижеге жеткеннен кейін әрекетке рефлексия жасалады, яғни алынған нәтиже мен қойылған мақсаттың сәйкестігінің бағасы. Егер де, мақсат қою мен рефлексия сәйкестігі түрлі әрекет барысында жүйелі түрде қайталанып отырса, онда аталған жұмыс кейбір оқушылардың жеке мақсаттарын өздігінен тұжырымдай бастауына әкеледі. Аталған педагогикалық әрекет білім алушылардың оқу сабағы барысында белсенді әрекет жасауының кепілі болары анық. 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Алимов А., Интербелсенді әдістемені мектепте қолдану. Алматы, 2015, 180б.

 2. Хуторской, А.В. Современная дидактика [Текст]: Учеб. пособие. 2-е изд. перераб./ А.В.Хуторской. – М.: Высш. шк., 2007.- 639с.: ил. 

3. Яковлева С.Г. Заповеди занковского урока // Практика образования. – 2006. – № 4. – С. 2–5. 

4. http://www.eidos.ru/journal/2006/0822-1.htm Проблемы и технологии образовательного целеполагания. Хуторской А. В.

 5. http://www.gimnazy161.ru. .Формирование навыка целеполагания

 6. http://mc-krkam.edusite.ru Целеполагание на уроке

 7. http://www.school2100.ru/ Формирование умения целеполагания у младших школьников

1 442 0
ГУЛЬМИРА ПАЗЫЛОВА, АЙГУЛЬ МУСИНА, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Көкшетау қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалы аға менеджерлері Ұлы дала ұстазы № 000121
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: