Азимбаева Айнагул Рыскалиевна 1967 жылдың сегізінші қыркүйегінде бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданының, Қосағаш ауылында туып өскен. Еңбек өтілі 31 жыл. 1975 жылы Қосағаш ауылындағы «Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке» барған. 1985 жылы аталған мектепті «Алтын медальге» тәмамдап, осы жылы Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түскен. Оқу орнын 1990 жылы аяқтаған. 1990 жылы 8 тамызда туған ауылына келіп «Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп» жанындағы интернатта және күн ұзақ тобында тәрбиеші болып жұмысқа тұрған. 1991 жылы 2 қыркүйекте математика пәнінің мұғалімі лауазымына ауысып 2008 жылға дейін математика пәнінен сабақ берген. 2008 жылы 7 қазанда оқу ісі жөніндегі орынбасар зейнеткерлікке шыққан соң, аталған лауазымға конкурстық негізде тағайындалды. 2017 жылдың 1 ақпанында «Ш.Уалиханов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне директор болып сайланды. Қазіргі таңда мектеп басшысы қызметін атқарумен қатар, мектептің гүлденуіне үлкен үлес тигізуде. Сонымен қатар оқушылардың да сапалы білім, өнегелі тәрбиені бойына сіңіруге үлкен үлесін тигізуде. Осы орайда өзінің авторлығымен дайындаған «Баланы ересек өмірге қалай дайындау керек?» тақырыптағы мақаланы атап өтсек болады.
Баланы ересек өмірге қалай дайындау керек?
Қоғамның қазіргі дамуы өмірдің барлық саласындағы терең өзгерістерімен сипатталады. Осындай өзгерістер тәрбие теориясы мен практикасына да өз ықпалын тигізуде. Соңғы уақыттардағы тұрақсыздық жағдайлар, қоғамның әлеуметтік саралануы, рухани адамгершілік құндылық бағдарламасының әркелкіленуі жастар тәрбиесінің әркелкілігін арттыра түсуде. Қазіргі заман адамдарға жаңа талаптар қоюымен ерекшеленеді.Солардың арасында: кездейсоқ жағдайларда саналы таңдау жасай білу,өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну,сенім тәуелсіздігі, белсенді өмірлік ұстаным, азаматтық қоғам құндылықтарын игеру, әлеуметтік өзгерістерге икемделе білу және т.б. талаптар бірінші кезекке шығуда. Аталған қасиеттердің бәрі тәрбиеге келіп тірелетіні түсінікті.
Мағжан Жұмабаев «Педагогика» деген кітабында: «Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті рухани азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағып, сал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз.Өсуі, ұлғаюы тым сараң. Мінекей, адам баласы өте әлсіз боп туып, аса баяу өсетіндіктен,оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оған тәрбие қылмай болмайды.
Тәрбиені- дене тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, мінез-құлық тәрбиесі, еңбекке баулу тәрбиесі деп бөліп қарастыруға болады. Адам баласына осы аталған тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Балам адам болсын дейтін ата-ана осы тәрбие түрлерін баласына түгел беруді ойластыруы керек. Бала өмірге ауру, денсаулығы жоқ боп келсе, баладан емес, ол ата-анадан. Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, ата-ана кінәлі. Бала жан- жағындағы сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса бала айыпты емес, ата-ана жазалы. «Баласы істеген жауыздықтың жазасын ата-анасы көтерсін» деген иран елінің мәтелі шын, дұрыс мәтел» деп жазған еді.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік сапаларын қалыптастыруда әлеуметтік орта, адамдармен қарым-қатынас, бүкіл коммуникация, баспасөз, радио, теле-дидар,әдебиет,өнер, кинотеатр,т.б. әсер етеді. Әлбетте бұл процесті орындауда ата -ана маңызды роль атқарады. Себебі тәрбиенің ең алғашқы бастамасын бала отбасынан алады. Отбасы- түлек үшін алтын бесік, қанатын қатайтып, бұғанасын бекітіп, үлкен өмірге аттандыратын мейірімді биік тұғыр. Бала отбасында түлеп өседі, оңы мен солын да таниды, ол алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің бетін де ашады. Жас ұрпақ тәрбиесі сияқты күрделі де қиын көп нәрсе отбасына байланысты дейтініміз де осыдан.
Сондықтан да ана мен әкенің, отбасының барлық мүшелерінің өзара сыйластығы, олардың ой тілектерінің, мақсат-мұраттарының үнемі бір арнаға тоғысуы,бір-біріне деген жылы ықыласы, қамқорлығы, түптеп келгенде жүйелі ұйымдастырылған тұрмыс дағдысы,осының бәрі бала тәрбиесіне оңды ықпалын тигізетін алғы шарттар, А.С.Макаренконың өте орынды айтқанындай: « Сіздер балаларыңызды тек олармен сөйлескен уақытта, болмаса оларды үйреткен уақытта ғана немесе оларға бұйырған уақытта ғана тәрбиелейміз екен деп ойламаңыздар. Сіздер балаларыңызды өмірлеріңіздің әрбір кезеңінде, тіпті, әуелі, үйде жоқ уақыттарыңызда тәрбиелейсіздер. Сіздердің киінулеріңіз, басқалармен сөйлесулеріңіз, сіздердің қуанғандарыңыз, болмаса қайғырған-
дарыңыз, достарыңызбен немесе кластастарыңызбен қатынастарыңыз, күлкілеріңіз, газет оқуларыңыз міне, осылардың барлығы да балаларыңыз үшін тәрбиелік үлкен мәні бар нәрселер».
Амал не, баласының жақсы адами сапалардан ауытқуына кейде ата-ана өздері «байқаусыздық жасап» жол береді. Мәселен, екі бала ойнап жүріп, жанжалдасып қалса, өз баласының басқа балаға қиянат жасағанын көре тұра жәбірлеген баланың ісін теріске шығаруға тырысатын ата-аналар мен үлкендерге не дерсің?
Жасыратын несі бар, қазіргі кезде жоғарыда аталған құбылыстардың өршуінен соңында баласымен тіл табыса алмай қиналып жүрген ата-аналар да аз емес.Бір қарағанда мұны сондайлық күрделі нәрсе дей алмайсың. Алайда түп- тамырына үңілсеңіз, бұл отбасылық қарым-қатынаста үлкен проблемаға әкеп соқтыратын мәселе. Міне осының алдын алу үшін не істеу керек?
Тәрбие мәселесіне келгенде әркім өзінің білгенін істейді, өмірлік тәжірибе-
сіне сүйенеді. Әлбетте, бұл іске мүлде жауапсыз қарайтын, талпынып ізденудің орнына енжарлық танытатын ата-аналар да баршылық. Бүгінгі таңдағы бала тәрбиесіне қатысты басты проблемалардың бірі-осы.Сонымен қатар отбасында баланың дүниетанымына, мінезіне кері әсерін тигізетін зиянды әдеттердің де аз емес екендігін айтуға тиіспіз. Мысалы, баланы асыра әлпештеп, орынсыз өбектеу, еркелету, әдепсіз ерсі қылықтары байқалса, есейе келе өзі қойып кетеді деп дер кезінде тиым салмай шолжаңдату, үй шаруасына араластырмай, тоң мойын, жалқау болып өсуіне жол беріп,оның орнына өзі елпеңдеп жүгіріп жүріп шаруаны тындыру,т.б. көптеген көңілге қонымсыз әдеттерді тізуге болады. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеуде әркімнің өз тәжірибесі жеткіліксіз,басқа адамдардың да тәжірибесімен танысу керек.
Ертеректе ұлтымыздың тектілігін көрсететін өте құнды отбасылық дәстүр-
лері болған. Тап қазіргі мына аумалы-төкпелі заманда сол отбасылық құнды-
лықтарды қайта рухани тұрғыдан жаңғыртудың,отбасылық өмірге енгізудің қажет екенін уақыт өзі көрсетіп беруде. Олар қандай құндылықтар екен деген әркімнің көкейіне сұрақтар келуі орынды.
Ертедегі абыз, көпті көрген, бір отбасы түгілі бүкіл ауылдың ұйытқысы, берекесі болған ата-әжелеріміздің кезінде ұстанған отбасылық дәстүрлері ұрпағының өмірге бейімделуіне, табысты әлеуметтенуіне өте берік мықты тіреуіш болған.
Өткен ғасырларда ата-әжелеріміз өз отбасын нығайта отырып,сонымен бірге балиғатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуді басты әрі өте жауапты міндет деп санаған. Қыз балаға болашақ ана, келін ретінде қарап,оған бүкіл отбасы мүшелерінің қамқорлықпен қарай білуін дұрыс ұйымдастыра білген. Яғни мінез- құлқы бұзылса денсаулығына зиян келетінін түсінген. Мінез- құлқы, денсаулығы бұзылған анадан өмірге қаны бұзылған әлжуаз, босбелбеу ұрпақ келетіндігін ағаларына, іні, бауырларына әркез айтып, түсіндіріп отырған. Осыған байланысты қыз баланы өз үйінде төрге отырғызып қонақ ретінде күтіп,барша отбасы мүшелеріне құрметтете білген. Ал ер балаларға сен болашақ әкесің, әр отбасында ер адамның мерейі үстем болу керек, отбасы құрған соң саған артылар жүк ауыр болады деп ерте бастан отау иесі болуға тәрбиелеген.
Осыған орай өмірге отбасындағы бірінші адам ер адам болу керек деген ниетпен атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде : Отбасы-шағын мемлекет, мен- президент, сен-премьер, - дегені бар. Шынында да, отбасы-шағын мемлекет.
Ертеде бабаларымыз отбасының құрылымына зор маңыз беріп, мәнін қорғаған, отбасының ар –намысын сақтауға,сырын ашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген мәтелдің мәнісі осында жатыр. Сондықтан үй болып, оның ішкі талаптарын,әдеп-инабат нормаларын мүлтіксіз сақтауға зор мән берген.
Отбасындағы тәртіптің, оның мүшелері арасындағы адамгершілік-туыстық қарым-қатынастын, демократизмнің алатын орны ерекше екенін білген. Әйтседе оны бетімен кетушілікке жол бермеген. Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңы бойынша, оны отағасы, ол болмаса отанасы,одан қалса, үлкен аға, не әпке басқарған. Олардың сөзін, ұйғарымын өзгелері жерде қалдырмаған, ал үй ішінің шылбыр-тізгінін қолына ұстаушылар да өз тараптарынан отбасының барлық мүшелерінің пікірін, тілек-ұсыныстарын елеп-ескеріп отырған. Бұл бір жағынан, ортақ мүддеге қызмет етсе, екінші жағынан инабаттылық пен тектілікті көрсетеді.
Өкінішке орай қазіргі таңда қоғамда осы жоғарыда айтылған отбасылық құндылықтардың жоғалып бара жатқандығынан әртүрлі жағымсыз отбасылық жағдайлар орын алуда. Кейбір отбасылар ұл баланы шаңырақтың иесі, қыз баланы жат жұрттық, қонақ деп тәрбиелейді. Әрине бұл өте орынды. Деседағы қоғамдағы осы әдісті қолданатын кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіндегі тәжірибесінің жеткіліксіздігінің салдарынан, тәрбиелеу әдісінің көңілге қонымсыз, оғаштау көрінетін тұстары да өте көп кездеседі. Мысалы, ертең мен қартайғанда сен асырайсың, осы үйдің иесі сенсің, ол қызды қойшы, ертең өзге жұртқа кетеді, өзге жұрттың түтінін түтетеді деп айтып отырып тәрбиелегенде де өте сақ болу керек. Себебі бала жас, оңы мен солын, дұрысы мен бұрысын ажыратып, өз мәнінде әлі толық түсіне білмейді. Бұл үй тек менікі,бәрінің қожайыны менмін деген өзімшілдік,қызғаншақтық,іштарлық сияқты жағымсыз әдеттерді немесе екі ағайынды туған аға-қарындасты, әпке-бауырды бір-біріне елеусіз түрде қарсы қойып, бала санасына өздері құйып жатқанын кейбір ата-аналар байқамайды. Мұның дәлелін өмірде кейбір отбасылардың ішкі құрылымындағы отбасылық қарым-қатынасынан көруге болады.. Яғни тұрмысқа шыққан әпке- қарындастарын бұл үйге көп келе берме, «кеткен қыз шиден әрі» деп немесе оң босағада отырған өз әпкесін, қарындасын сен кет бұл үйден деп өз туғандарын жат санап, туған үйіне жолатпайтын бүгінгі таңдағы без бүйрек ұлдарды кімдер тәрбиеледі, олар қайдан шықты деген орынды сұрақтар туады. Жоғарыдағыдай абайсызда айтылған сөздердің орнына ол сенің апа-әпкең. Апаңның жолы үлкен және оған құрмет көрсет. Апаң сендерге батыл , еркін сөйлеуге құқылы. Оның өтініші,бұйрығы сөзсіз орындалуы тиіс. Кішілер оны көтере білуі, оған қарсы келмеуі,ілтипат көрсетіп, сыйлауы тиіс. Апа жақсы аға, інілерін, туыстарын мақтаныш етеді.Ол ағайынның бірлігін, ел намысын қорғауда да үлкен жұмыс істейді.Өз туыстарының кемшілігін батыл айта алады. Ызалы кезінде көз жасын төгіп жібереді. Бұл туыстары үшін ауыр тиеді.Қалай айтқанда да апа-әпкенің жолы бөлек және қымбат. Ал ана қарындасың сендер үшін жанын да , қанын да береді. Ешқашан да әпкелеріңді, қарындастарыңды кеудесінен итеріп, өзекке теппеңдер. Қайта бауырларыңа тартсаңдар оларды барған жерінде қайын жұрты да сыйлайды, мерейі үстем болып, көңілі жасымай жүреді десе өте орынды болар еді.
Жоғарыда аталған ұлттық отбасылық дәстүрімізді мықтасақ, қазіргі кездегі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңға қарағанда маңызды роль атқарар еді. Сол сияқты ертеректе ата-бабамыз сен пәленбайдың баласысың,тегімізге кір келтірме,тегі кім екен дегенде жағымсыз ой пікір тудыртпа деп өсірген ұрпағын. Тегіне немқұрайлы қараудан басталады бәрі. «Тек» дегенді балаға ата-анасы бала күнінен санасына құйып отыру керек. Текті адамды қайдан танимыз? «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да,Тартпай қоймас негізге» деген өлең жолдары арқылы Бұқар жырау бабамыз тектілікке баға берген.
Қазіргі күні осы тектіліктің де құнын адамдар өздері түсіріп жіберді. Бүгінгі күні көптеген адамдар ата-бабасының би болғанын, шешен болғанын,бай болғанын, солардың атын жамылып, өзін тектілер қатарына жатқызуы немесе баласының қызметі жоғары болғанын, үстіне киген киіміне, астына мінген қымбат көлігіне, зәулім соққан сарайдай үйіне,баласының шетелде оқығанына , т.б. мақтанып өзін тектімін деп есептейді. Бүгінде жеке басының қамын ғана ойлап немесе бір басын алып жүре алмай жүріп, азаматтық іс жасай алмай жүріп, не айтқан сөзіне жауап бере алмай жүріп, жасаған тірлігіне жауапкершілікпен қарай алмай жүріп, не туғанына жанашырлық таныта білмей жүріп, жеңіл жолмен, не қулықпен қол жеткізіп жүрген табысына шаттанып өзін тектімін деп санайтын жандар да өте көп. Ондай жасандылық сіздің текті жерден шықсаңызда текті екендігіңіздің дәлелі бола алмайды.. Бұл үлкен қателік. Шын мәнінде біздің қанымызға, жанымызға қазақы қасиетімізге тән тектілік ол- аюдай ақырған, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, туғанына да турасын айтып туысына да, басқаға да жағуды көздемейтін қасиет.
Тектілік дегенімізде сүйегіне сөз сіңіп өскен, сөзбен тәрбиеленіп, сөзбен намысын қайрап өскен, сөзге тоқтаған, құнды сөзден құнар жинап өскен ертеректегі аға ұрпақтың өкілдерін есімізге түсіреміз. Текті адам ешуақытта жеке басының қамын ғана ойламайды, бүгінгі күнмен өмір сүрмейді, ұрпағының болашағы үшін қызмет етіп, ертеңін ойлайды.
Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың» дегендей, тектіліктің анықтамасын данагөйдің осы отыз жетінші қара сөзінен де көруге болатындай. Қазіргі күні кешегі бабаларымыз құрметпен қараған тектілік жойылып кетті десек те артық айтпаған болар едік. Текті адам ешуақытта «Ол кім сонша?» деп айтпайды. Керісінше «Мен кіммін? Мен қандаймын? Мына өмірге не үшін келдім? Кімдерге қамқор болдым, не кімдерге адами тұрғыдан ақыл-кеңес бере алдым? Кімдермен дұрыс қарым-қатынас құра білдім? Дұрыс жолмен келе жатырмын ба? Ешкімге зияным тимеді ме?» деген және т.б. сұрақтарды өзіне-өзі қоя біледі. Текті адам тағы да данагөй Абай атамыздың өсиеттерінің бірі он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп айтылғандай өзіне-өзі есеп бере біледі.
Бүгінгі күнгі өзін тектімін деп санайтын адамдарға халқымыздың салмақты ақындарының бірі болған ағамыз Қадыр Мырзаәлі төмендегідей өлең жолдары, арқылы тамаша өсиетін қалдырып кеткендей. Яғни: «Барыңды күзет, арыңды күзет. Өзгені сынағанша, өзіңді түзет» деп әр адамға өзгені құрметтеей білу үшін, бірінші өзіңді өзің таны, өзіңді жөнге сала біл, адами тұрғыдан деңгейіңді түсіріп алма, өзіңді-өзің сыйлай біл деп кетіп еді.
Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, ой таразымыздан өткізсек бүгінгі күні адам баласын адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуде, ересек өмірге алдын ала дайындауда отбасылық құндылықтардың атқаратын рөлі ерекше екен. Жоғалтып алған отбасылық құндылықтарды қайта жаңғыртудың біртұтас ел болып қалыптасуымызға тигізетін рөлі ерекше екенін көруге болады. Себебі өз туғандарымен, туыстарымен адами тұрғыдан дұрыс отбасылық қарым-қатынас құра білмеген адам қайтіп өзгенің қамын жеп, елдікті сақтауды, халыққа қызмет етуді біледі. Бұл б үгінгі күннің өте өзекті мәселерінің бірі. Көтерілген мәселе төңірегіндегі әңгімені қорытындылайтын болсақ, Жүсіпбек Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір ата-ананың өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі айтып ұқтырғаннан гөрі бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінезбен, не іспен болсын көрсету керек» деген. Яғни «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп түйіндеген. Сонау ІХ ғасырда ғұмыр кешкен Қорқыт абыз бала тәрбиесі туралы: «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман» деген екен. Демек, балаға алдымен ата-ананың өзі сөзімен емес, ісімен үлгі-өнеге көрсетуі керек.
Сондықтан бүгінгі күні қоғамда жастарымыздың қоршаған әлемдегі әлеуметтік құбылыстарға табысты бейімделуіне, жақсы саналы да тәрбиелі азаматтар мен азаматшалар болып болып өсуіне отбасының атқаратын рөлі зор екенін әрбір ата-ана үнемі естерінен шығармауы тиіс.