Ұстаз, мектеп деген атаулар қашанда ел алдында, ұрпақ алдында ерекше құрметпен аталуы тиіс ұғымдар. «Ұстаз көрген» деген тамаша сөз бар. Адамның көркем мінезін, келісті ісін немесе бір жақсы жетістігін көргенде осы даналық сөз қолданылып жатады. Ұстаз сөзі қашанда қадірлі де қасиетті болуы тиіс.Ұстаз болу, соның ішінде жақсы ұстаз болу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Бүгінгі ұрпақ бейнесін көрсетуде де ұстаздың алар орны ерекше. Кейінгі уақыттарда ұстаздардың сынға ұшырап жатулары, тіпті театр, кино өнерінде де ұстаздарды «сатиралық образда» көрсетулер орын алған. Бұл –мүлдем қажет емес көрініс. Себебі, ұстаз халық алдында әрқашан жоғары деңгейде көрінуі тиіс.
Тағы бір ұстаз еңбегінің теріс қырынан көрініп жатуы, ол-ата-аналардың мектепке, ұстаздарға деген сенімсіздіктерінің қалыптасуы. Бала-ол қашанда бала ретінде қателесуі мүмкін. Кейбір жайттарды дұрыс түсінбей, жеткілікті дәрежеде қабылдай алмай қалулары мүмкін. Мұндай жағдайда ата-ана бала түсінігімен ғана шектеліп қалмай, міндетті түрде баламен бірге ұстазбен кездесіп, сұхбаттасып, бала үшін, оның жарқын болашағы үшін бірлесе жұмыс жасап, кемшіліктердің орнын толтыра білсе, баланың тәрбиесі мен білімін алға жетелейтін тамаша жетістіктерге қол жеткізуге болары сөзсіз. Ұстаз, ата-ана, бала – үшеуінің бірлескен еңбегі әрқашан оң нәтиже береді.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы, Аягөз ауданы бойынша білім бөліміне қарасты «Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектеп» КММ-де осы үрдіс жақсы жолға қойылған. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршін, мектеп өміріне алғаш араласуында ата-анасының қолдауы мен көмегіне тәуелді болып, біртіндеп қана ұстазына қалыптасады. Осы кезеңде басталған бірлескен жұмыс баланы жарқын болашаққа жетелейді. Ақыл-ой, сана балада осы алғашқы кезеңде күшті дамып, өмір бойы сақталады.
Мектеп өмірінде, бала тәрбиесінде кездесіп жататын оқиғалардың бірі: ол-ата-ананың бастауыш сыныптарда ұстазбен бірлесе жұмыс жасап, орта буында ішінара жалғастырып, жоғары буында осы жұмысты мүлдем әлсіретіп жіберулері. Мектебімізде осы жағдайдың алдын алу жұмыстары жылдан-жылға жанданып келеді. Ата-аналармен сынып жетекшілердің күнделікті қарым-қатынас орнатуы; ата-ананың тұрақты түрде баланың мектептегі өмірін қадағалап отырулары; үйде үнемі баланың тәрбиесі мен оқуына көңіл бөліп, көмек берулері бірден-бір жолға қойылатын мәселе. Мектебімізде кейінгі жылдары әке тәрбиесіне көбірек көңіл бөлінуде. Әсіресе ұл балалар үшін әке тәлім-тәрбиесі ерекше екені сөзсіз.
Мектепте ұстаз, ата-ана, оқушы қатысуымен ұйымдастырылып отыратын түрлі танымдық кештер, әңгімелесулер, өнер-спорттық сайыстар – ата-аналарды мектеппен, ұстаздармен, тіпті өз балаларымен де жақындатып отырады. Бала тәрбиесінде жақсы нәтижелерге жету оңай емес, алайда ұстаз, ата-ана, баланың бірлескен және міндетті түрде жүйелі жүргізілген жұмыстары сөзсіз үлкен нәтижелер береді.
Қоғам тоқтаусыз даму үстінде. Сол себепті адамзат алдында салауатты, саналы, рухани бай, ақыл-парасатқа ие, адамгершілік-мәдени өресі өскелең ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл ата-ананың да, ұстаздың да қоғам алдындағы борышы. Ұрпағымыздың ертеңі бүгінгіден де бақытты болуына, қоғамның алға дамуына ықпал ететін күш –тәрбие мен білімде. Бала тәрбиесі де үнемі жаңарып, дамып отыратын күрделі жүйе. Бала тәрбиесі әсіресе ата-ана үшін ешқашан кейінге қалдырылмауы тиіс. Мектептегі тәрбиені ұстаз арнайы мақсаттарға, тұжырымдар мен әдістерге негізделген жоспар бойынша жүргізеді. Осы жоспар ішінде ата-ананың белсенді әрекеттері көрініс тапқаны дұрыс. Мектеп ата-ана,бала ынтымақтастығы тек жанұялық, педагогикалық қана емес, мемлекеттік мәселе ретінде қаралса артық болмайды. Ұстаз әрдайым бала үшін үлкен жауапкершілік алатын тұлға, мектепте көптеген оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізе отырып, қажеттілік болғандықтан мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыруда да жолға қоя біледі. Баланың тұлға ретінде қалыптасып шығуына ең алдымен отбасы мүшелерінің ықпалы күштірек болады. Бала бойында өмірлік тәжірибе аз, сондықтан ата-ана мен ұстаздарына, өсе келе ортасына еліктеп өседі. Қәзіргі уақытта компьютер, интернет, шет елдік фильмдер балаға тікелей әсер етуші факторлар болып отыр. Осы орайда ұстаз, ата-ана болып, баланың санасына ғана емес, сезіміне де әсер ететіндей, жүйке жүйесіне қозғау салатындай тәрбие түрлерін ойлап табу қажеттілігі туындап отыр.
Мысалы: танымал, ұлы тұлғалардың өмір жолдары мен қызметтерінен балаға әсерлі етіп жеткізу; көркем шығармаларды қызықты әдіс-тәсілдермен таныстыру;өнерді насихаттау; ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойын түрлерін таныстыру; т.б. Ұстаз, ата-ана, баланың бірлесіп тәрбиемен айналысуы бір-біріне деген сенімділікпен, сыйластықпен, қолдау мен табандылықтан құралуы керек. Бүгінде сынып жетекшіге қойылатын талап та күшейіп отыр. Жетекші әр баланы жете танып білу үшін, алдымен оның жанұясын танып, зерттейді. Ол алдына жанұяда бала қалай тәрбиеленіп жатыр, тәрбиесінде не жеткіліксіз, ата-анаға қандай көмек бере аламын, қандай ақыл-кеңесім қажет болады деген сияқты маңызды сұрақтар қойып алады.
Ата-ана да баласының тәртібі мен оқуын, достарын, уақытын қалай өткізіп жүргенін, қызығушылықтарын, әлеуметтік желіде не көретінін, баласының қандай жетістіктері мен кемшіліктері бар екенін біліп жүргені дұрыс болады. Ата-ана үшін де, ұстаз үшін де тәрбиелеп, оқытып, өсіріп отырған балаларының дені сау, ақыл-парасатқа ие, болашағына сенімді, бақытты болып өскенін көру бақыт, еңбектерінің жанғаны болып табылады. Осы аталған жұмыс түрлері мектебімізде қолданылуда. Нәтижесі де жоқ емес. Алдағы уақытта да ата-аналардың мектеп өміріне деген қызығушылықтары, белсенділіктері арта түсіп, ұстаз, ата-ана, бала болып тамаша жетістіктерге жете береміз деген сенімдемін.