Тоқмансай елді мекенінде алғашқы 4 жылдық білім ошағы 1964 жылдары ашылып, 1968-1969 жылдарға дейін халыққа тек бастауыш білім беру үшін қызмет еткен.
Алғаш мектеп оқушыларын Мыңбаев Тәңірберген атты ұстаз қабылдаса, 1946 жылдары жергілікті тұрғын Нұрмағанбетов Тлеужан оқытқан. 1962-1963 оқу жылдарында Бірімжарова Өрік апай балаларға білім берген, сондай – ақ Алдияров Измухан ағай көп жылдар бойы осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет жасаған.
Ең алғаш бастауыш сыныптармен ғана ашылған білім ордасы бала санының көбеюіне байланысты 1986 жылдары 8 жылдық мектеп болып қайта құрылды. Ол мектепке аудан орталығынан Исанов Болат Акимгереевич мектеп директоры болып сайланды.
1970 жылы «Отябрьдің 50 жылдығы» атындағы совхоз орталығында 10 жылдық орта мектеп ашылып, 8 жылдық мектеп орталыққа көшірілді.
1970 -1977 жылдары аралығында Тоқмансай орта мектебінде директор болған ұстаздар: Исанов Болат, Мухамедияров Қарашай және директордың орынбасары Калгужин Таңжарбай жұмыс жасады.
1977-1978 оқу жылынан 1987-1988 оқу жылына дейін Жилгелдин Зашит ағай мектеп директоры болып қызмет етіп, аудан орталығына білім бөлімінің бастығы болып ауысуына байланысты 1988-1989 оқу жылынан бастап жаңа типті мектепте зейнеткерлікке шыққанға дейін Макулова Гафура Ғалымқызы 20 жылға жуық мектеп директоры болып халыққа қызмет етті.
2007-2012 оқу жылынан бастап Жалашев Нұрдаулет Көптілеуұлы 5 жыл мектеп директоры болды.
2012-13 оқу жылынан бастап мектеп директоры қызметін Амирбаев Айбек Мақсұтұлы 4 жыл мектеп директорлық қызметін атқарды.
2016-2017 оқу жылынан бастап мектеп директоры қызметін Жанабекова Галима Темирхановна атқарып келеді.
Тоқмансай орта мектебі сапалы білім мен саналы тәрбие беруде бір жерде тұрақты жұмыс жасап «Оқу ағарту ісінің үздігі» атағын алған ұстаздар: Макулова Г.Г,Ақболатова .Т,Исанов Б.А,Есетова .Б,Темирбаева З.К,Сахимова З.Х, Жантлеуова С.Б, Шымкаева С.А.
Мектеп құрылымы Мектептің аумақтық көлемі 3217,2 кв.метрді құрайды. 624 оқушыға арналған. Мектеп ғимаратының көлемі 2717 кв.метрді құрайды. Жұмыс кабинеттерінің саны-34. Ғимаратта 2 орталық кіру есігі, 6 өрт жағдайында шығатын есіктер, 1 шағын орталық, шығыс жағында қақпа бар. Эвакуация - қосымша кіру, шығу жолдары арқылы орындалады.
Мектептің ардагер ұстаздары
Орта мектеп болып ашылғаннан бері мектепте өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру арқылы жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берген ардагер ұстаздарға тоқталсақ: Алдияров И.А, Исанов Б.А, Есетова Б.,Акбулатова Т.А.,Темирбаева З.К, Арыстанова Н.А, Сахимова З.Х,Акботаева С., Жантлеуова С.Б, Шимкаева С.А., Салиева А.А, Даутова Б.Д., Макұл Ж.К, Төлегенов С.К., Усенов Т.А, Дауылова Р.Е, Шакеева Қ.Ш, Макулова Г.Г, Джамиева К.Т, Тулепова М.Т, Садуакасова К.И, сынды ұстаздар қауымы шәкірттер мен ел алғысына бөленген жандар.
Мектеп жетістіктері
Жалпы мектеп тарихында ең алғаш «Алтын белгімен » бітірген 1979-1980 оқу жылында Жилгельдина Назгул Зашитқызы. Жилгельдина Назгул Зашитқызы бүгінгі таңда медицина ғылымның кандидаты, жоғары категориялы акушер гинеколог Назгул Зашитқызы Астана қаласындағы «Ана мен бала» Ұлттық Ғылыми Орталықта Параклиника бөлімінің жетекшісі болып қызмет етеді.
Тоқмансай орта мектебі бойынша 2015- 2021 жылдар аралығында төмендегі оқушылар «Алтын белгі » белгісімен марапатталды. 2015-16 оқу жылында үздік оқушы Кунаева Жания , 2017-18 оқу жылында Загородний Никита, 2018-19 оқу жылында Байманова Дария , 2019-20 оқу жылында Төлеу Әділет, 2020-21 оқу жылында Тулеутаев Дилан.
Мемлекеттік білім беру грантына ие болған түлектер саны-56. «Мұғалім -мектептің жүрегі» деп Ы.Алтынсарин айтқандай, мектептің жетістігі мұғалімнің қолында. Мектептегі мұғалімнің басты қызметі жаңа қоғамға сай білімді, көкірегі ояу, тәрбиелі тұлға қалыптастыру екені сөзсіз. Бұл орайда тынымсыз, жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздардың өлшеусіз еңбегі ерекше бағаланды.
Атап айтсақ, математика пәні мұғалімі Жамиева Қансұлу Тлепбергеновна, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алдиярова Жаңылдық Измухановна, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.А.Ескельдина ҚР Білім және Ғылым министрі А.Аймағамбетовтің Алғысхатына ие болды.
Республикалық ғылыми жоба (КҒА) жеңімпаздары: 2016-2019 о.ж. аралығында Байманова Дария, Төлеу Әділет, Байманова Айшабибі Аймурзина Дана , Көптілеу Дәулет , 2017-2018 оқу жылында Темирханов Н. Көптілеу Д., Бітімбай Омар, Тулеутаев Дилан бірнеше рет қатысып, өз жобаларын сәтті қорғап, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындармен оралды.
«Қазақстан Республикасының мақтанышы -2019» ІІІ Республикалық дарынды балалардың форумында 8-сынып оқушысы Нұрмағамбетова Гүлдана форумның медалімен марапатталды, жетекшісі Турмагамбетов Т.У.
«Жасампаз жастар» республикалық дарынды оқушыларға арналған энциклопедиясына біздің мектептен 12 оқушының есімі енді.
«Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» энциклопедиясына төмендегі ұстаздардың есімі енді: Сахимова З.Х. Жанабекова Г.Т. Амирбаев А.М. Айтжанова Г.С. Сисенов К.М.
Мектептің қазіргі келбеті
2020-2021 оқу жылының басында 190 оқушы оқыту күтілуде. Мектептің материалдық –техникалық базасы жақсы,жаңа модификацияда жабдықталған физика, химия, биология, кабинеттері мектеп жанында тәжірибелік үлеске орналасқан.Онда сәндік, көкөністік өсімдіктер өсіріледі және оқушылармен тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Тоқмансай орта мектебі күрделі жөндеуден 2017 жылы өтті. 2004 жылғы түлектердің демеушілігімен кітапхана жаңартылды. 2019 жылы мектеп кітапханасына бұрын аталмыш мектептің директоры қызметін атқарған марқұм Зашит Жылгельдиннің есімі берілді.
Акт залына ағайынды Мукашев Аслан мен Ануар «Ас-Ан» фирмасының басшылары 2 млн 300 мың теңге көлемінде демеушілік жасап, қазіргі заман талабына сай жабдықталып, пайдалануға берілді. Мектеп асханасын ұжыммен бірлесіп, күрделі жөндеуден өткіздік. Асхана жиҺаздармен демеушілік жасаған кәсіпкердің көмегімен жабдықталды.
Қазіргі таңда Тоқмансай орта мектебінде 187 оқушы оқиды. Мектеп бойынша үздіктер саны - 23 болса екпінділер саны – 82 оқушыны құрайды. Педагогтар саны - 26. Білімі бойынша 21–жоғары білімді, 5-арнаулы орта білімді. Оның ішінде жоғары санатты - 1, бірінші санатты- 5, екінші санатты -2,педагог-зерттеуші-2,педагог- сарапшы-8,педагог- модератор-4, санаты жоқ- 4. Педагогтар біліктілігін арттыру курстарынан уақытылы өтуде, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша -23 педагог курстан өтті.
Қ.Р. Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп өз сөзінде айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.
Мектептің мерейін үстем еткен ұстаздар
Жанабекова Галима Темирхановна 1974 жылы 27 мамырда Ақтөбе облысы, Алға ауданында дүниеге келген. Алға ауданы Тоқмансай орта мектебінен түлеп ұшып, Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық университетін биология мамандығы бойынша аяқтаған. Аталмыш мектепте өз мамандығы бойынша жұмыс жасап келе жатқанына 27 жыл. 8 жыл мектеп директорының орынбасары қызметін атқарып, 2017 жылдан бері мектеп директорлығына тағайындалды. Басшылық қызмет атқарған жылдарында мектепке көп өзгеріс енгізді. Демеушілермен тығыз байланыс жасай отырып, мектептегі ескі спортзал, акт залы, асхана, кітапхананы күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи үлгіде жабдықтады. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында барлық жағдай жасалған. Білімі жоғары, санаты педагог-зерттеуші.
Еңбек жолы және жетістіктері :
1997- 2016 жылы Алға ауданы, Токмансай орта мектебінің биология пән мұғалімі.
2016 – 20210 жылы Алға ауданы, Токмансай орта мектебінің мектеп директоры және биология пән мұғалімі
Алға аудандық білім бөлімі, Алғыс хат-2017ж
Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Құрмет грамотасы -2018;
Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Алғыс хаты-2020 ж ;
ҚР Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағының -50 мың теңге сертификатымен марапатталды-2020 ж
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі, Құрмет грамотасы-2020
Жанабекова Галима Темирхановна –ізденіспен жұмыс жасайтын еңбекқор ұстаз. Оқу үрдісінде оқушыларды жан-жақты дамыту мақсатында оқудың жаңа технология тәсілдерін жүйелі қолданатын, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын мұғалім.Дарынды оқушылармен жүргізілетін жұмыстың бір бағыты-ғылыми жобаға қатысушыларды дайындау. Бұл саладағы мұғалімнің еңбегі айрықша, шәкірттері облыстық, республикалық ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленді. Ғылыми жобада жетекшілік еткен шәкірттері Байманова Дария, Байманова Айшабибі облыстық, республикалық байқаудың бірнеше мәрте жүлдегерлері. Биология пәнінен пәндік олимпиадада оқушысы Темирханов Нұрхан облыстық кезеңге қатысып, мақтау қағазымен марапатталды. Жыл сайын ҰБТ-да биология пәнінен оқушылары жоғары балл жинап, өздерінің қалаған мамандықтарына түсуде. Галима Темирхановна уақытының тығыздығына қарамастан әр сабағына үлкен жауапкершілікпен тыңғылықты дайындалатын сауатты маман. Биология пәніне қабілеті жоғары балаларды іріктеп алып, оларға бар білгенін үйретуден еш жалыққан емес. Еңбекқорлығы, алға қойған мақсатына жетудегі ұмтылысы, бар қиындыққа сабырмен қарап, қандай жағдайда да көңілді жүруге тырысуы – өзінен кейінгі жас педагогтерге мотивация берері анық.
Жетесова Карылгаш Абнаимовна 1973 жылы 22 қарашасында Қарақалпакстан Республикасы Коңырат ауданында дүниеге келген. Ақтөбе облысы, Алға ауданы ,Тоқмансай орта мектебін 1991 жылы бітірді. 1991-1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 1996 жылдан бері үздіксіз Тоқмансай орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп келеді. 2017 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Екінші біліктілік санаттағы директордың орынбасары. Еңбек өтілі 26 жыл. Білімі жоғары, санаты педагог-зерттеуші.
Жетістіктері:
Алға аудандық білім бөлімі, Құрмет грамотасы 2017ж;
Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша педолимпиада І орын 2018
Аудандық білім бөлімі,дарынды балалармен жұмыс жасаудағы аудандық рейтинг бойынша ІІ орын, Құрмет грамотасы, 2019;
Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Құрмет грамотасы 2019ж;
Ақтөбе облысының білім басқармасы, Құрмет грамотасы 2021ж
Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша педолимпиада І орын 2021ж
Аудандық «Үздік педагог» конкурсы Алғысхат 2021
Ақтөбе-Дарын қосымша білім беру орталығы Алғысхат 2021
Сондай-ақ, мұғалімнің оқушыларын конкурстарға дайындаудағы тынымсыз еңбегі үшін табысталған бірнеше алғысхаттары мен құрмет грамоталары бар.
Жетесова Карылгаш Абнаимовна –өз ісінің шебері, жан-жақты ізденімпаз, жаңашыл ұстаз. Кәсіби әрекетті жаңашылдықпен жүзеге асыруға негіз болатын дамыта оқыту технологиясын толық меңгеріп, озық тәжірибелерді өз жұмысында түрлендіре пайдаланады. Мұғалімнің дайындаған шәкірттері облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлері. «Абай оқулары», «Ақберен», «Жарқын болашақ» конкурстарына тұрақты түрде қатысып, орынсыз келмейтін шәкірті Умирзакова Гүлжанат жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлделі ІІ орынды иеленіп, топ жарды. Ол қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі филология факультетінің студенті, болашақ қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Ғылыми жобаға дайындаған оқушысы Төлеу Әділет бірнеше жыл қатарынан облыстық, республикалық ғылыми жоба байқауында ( МАН) жүлдегер атанды. Сондай-ақ, ұстаз оқушыларды үнемі көркемсөз оқу бағытына баулып келеді. Шәкірттері Жамиев Бекарыс, Касенова Жанель, Ізбасарова Айханымның облыстық, республикалық кезеңдерден алған дипломдары соған дәлел.
Қарлығаш Абнаимовна өзіндік шығармашылық қабілеті бар, коммуникативті, жүрген ортасында бірлікті қолдайтын, қазақтың құнды қасиеттерін бойында сақтаған ұлағатты ұстаз. Қазақ тілінің қазіргі жағдайына бейжай қарамай, өзіндік пікірін білдіріп жүретін нағыз тіл жанашыры. Өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын педагог деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, ұстаз алдында келген әрбір шәкіртті өз баласындай жақсы көріп, болашағына бағдар беріп отырады.
Ескельдина Айзада Абдигалиевна 1964 жылы, 10 сәуірде Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Тоқмансай ауылында көп балалы Шахановтар отбасында дүниеге келген. Тоқмансай орта мектебін 1981 жылы бітіріп, Орал қаласындағы педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1984 жылы аяқтады. 1984 жылдың тамыз айынан 2002 жылдың қыркүйек айына дейін Тоқмансай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, 2002 -2003 оқу жылы «Мектеп директорының тәрбие іс жөніндегі орынбасары» қызметіне ауысуыма байланысты 2002-2007 жылдар аралығында Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түсіп, «Технология пәнінің мұғалімі және кәсіпкерлік» мамандығы бойынша диплом алды. 1984-85 оқу жылынан «Бастауыш сынып мұғалімі» болып, ал одан осы уақытқа дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып және «Технология» мен «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәндерінен сабақ беріп жүр. Үшінші біліктілік санаттағы директордың орынбасары. Туып- өскен ауылында, өзі білім алған Тоқмансай орта мектебінде үздіксіз 37 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.
Осы уақыт ішінде облыстық, аудандық байқаулар мен конкурстарға оқушылар қатыстырып, жүлделі орындарға ие болды.
Жетістіктері:
Ақтөбе облыстық қолөнер сайысынан 2018-2019 оқу жылы 10 сынып оқушысы Алмаш Сая 2 орын
2019-20 оқу жылы 5- сынып оқушысы Сағынай Шұғыла 3 –орын
Алға аудандық көркем сурет байқауы бойынша 2019-20 оқу жылында 4 сынып оқушысы Айтмағанбет Іңкар 2 -орын
2020-21 оқу жылы 7 -сынып оқушысы Қасенова Жанель 3 -орын, 5-сынып оқушысы Ораз Елжан Алғыс хатпен марапатталды.
2019 жылы ҚР Білім министрінің алғысхаты
2021 ж Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы
Айзада Абдигалиевна он саусағынан өнер тамған,өте шебер мұғалім. Апайдың қолдарымен мектептің қабырғалары, бұрыштары көркем сәнделіп, әсемдігімен ерекше көрік беріп тұр. «Ұстаздан шәкірт озар дегендей» шәкірттерінің жасаған бұйымдары көз тартарлықтай әдемі.