Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1347

Қазақстан тарихындағы Қожа Ахмет Яссауидың қалдырған мәдени мұрасы және оны мектеп оқушыларымен таныстырудың маңызы

 Тарихи ескерткіштер – ғасырлар тоғысында мәдени мұраға салынатын, барлық адамзат өркениетінің топтарын, халықтың, ұлттың, этностың өзін сақтап қалатын бірден-бір ұлттық мәдени құндылықтарымыз, яғни белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық дүние-мүлкіміз болып саналады. Мәдени мұраларымыз қоғамның өркениеттілігінің басты көрсеткіші, ол өзіндік  рухани – өнегелілік пен материалдық құндылықтардан тұрып, ол бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жай өтіп ғана қоймай, оларды жоғалтып алмас үшін, ұлттық, мемлекеттік көлеміндегі үлкен күш пен құралдарды салуды талап етеді. Қазіргі  жаһандану, компьютерлік технологиялар, заманауи үдерістер ғасырындағы жағдайда тарихи ескерткіштерді зерттеу, құндылығын асыру және сақтау әрбір қоғам үшін маңызды мағынаға ие болып отыр. 

Қазіргі жаһандық заманда өнегелі ұстаздың алдында өзінің елін сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, мəдениеті жан – жақты жетілген тұлғаны дайындау міндеті тұр. Қоғамның даму ағынына қарай мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру негізгі мəселелердің бірі болып тұр. Оқытудың əр түрлі технологиялары жасалып, білім тəжірибесісінде технологияларды интелектуалдық, кəсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық жəне да көптеген адами келбетінің қалыптасуына əсерін тигізеді [1]. 

Тарих пәні мектептегі оқу пəні ретінде жалпы негізгі білім беретін барлық гуманитарлық жəне қоғамтанушылық курстардың негізі және ұлттық өзіндік сана – сезімді жəне адамгершілік этикалық нормаларды қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бүгінгі күннің ең маңыздысы – туып өскен мәдениетінің  әдеп-ғұрпын жақсы білетін, өз елін тарихын жақсы көретін, елдің болашағын сеніп тапсыратын ұрпақ тәрбиелеу.

Мемлекетіміздің тағдырында ерекше орны бар  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгінгі кезеңнің қайшылықтарға толы қоғамында ұлттық сананы жаңғыртып, болашаққа дұрыс бағдар алудағы ұлттық патриотизмді дамыту әрбір ұстаздың қасиетті парызы. Алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі ақпараттық қоғамдағы сансыз келіп жатқан, ешбір іріктеуден өтпеген ақпараттарды саналы түрде іріктеп, өзіне қажетін ала алатын , көшбасшы ұрпақ тәрбиелеу. Өзінің ұлттық негізі мен тамырын танитын, құрметтейтін, дамытатын саналы ұрпақ тәрбиелеу басты міндет болып тұр. Біздің қоғам толерантты дегенмен, рухани тірегі жоқ қоғамда адасушылардың саны көп, сол себепті болашақ ұрпаққа рухани азық беріп, елінің шынайы жанашыры болатын, ұлттық ерекшелігімізден намыстанатын емес мақтан тұтатын дәрежедегі ұрпақ тәрбиелеу. Осы айтылғандарды ескере отырып , ұрпағымыз елінің бай тарихын терең біліп, ол ескерткіштермен байланысты қайраткерлердің тұлғалық қасиеттерін бойына сіңіре білуге машықтандыру мақсатында жасалған арнайы білім бағдарламасы қажет. Осыған орай, мектептің жоғары сынып оқушыларына «Қазақстандағы ортағасырлық ескерткіштер» атты элективті курс ұсыну идеясы туды. 

Курс негізінде Қожа Ахмет Ясауидің қалдырған мұраларына ерекше көңіл бөлінеді. Түркістандық ғұлама, әулие Қожа Ахмет Ясауидің аманат еткен мұраларына бүгінгі ұрпаққа жеткен төрт тармақты өлеңмен жазылған көлемді шығармасы  «Диуани Хикмат» жинағы. Бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.«Диуани Хикматтан» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.

Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. 

Ақын өзінің «Диуани хикметінде» жазған ойы жалпы мұсылман дінінің негізгі қағида шарттарын, парыз-қарыздарын байыппен баяндайды. Мұндағы ой тұжырымы 8 жүйеден тұрады. Олар: Тәубешылдық, ғибадатшылдық, махаббат, сабырлық, шүкіршілік, ризашылдық, заһидшілдік(анықтық), ғаріптік. Бұларды түйіп айтсақ, адам құдайды танып білу үшін не істеу керек, қандай уәжіп парыздарды орындау керек, сондай-ақ адамгершілік, әділдік,адалдық, мейірім, рахым, Аллаға деген сүйіспендік сияқты мәселелер арнайы сөз болады [2].

            «Диуани Хикметтен» қазақ халқының ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Яссауи әзіреті сұлтан аталып, басына XIV ғасырдың аяғында атақты Ақсақ Темір күмбез орнаттырды.

2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар. Бұл Түркістан қаласында орналасқан ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған [3]. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауда Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған және үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс ретінде танылды. Архитектуралық ғажайып жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген кесене жобасының ерекшелігі - онда Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылғандығында. Бұл тарихи ескерткіш тарихи құндылықтан бөлек, архитектуралық, әлеуметтік, діни және қазіргі кезде туристік құндылыққа ие.

         Оқушылар Қожа Ахмет Ясауиді тарихи тұлға, діни қайраткер, жазушы, ойшыл-философ, ғалым, зерттеуші ретінде, әр-түрлі қырынан таниды. Сонымен қатар, оның тарихтағы орнын ерекше белгілейтін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тарихи ескерткішін зерттеу арқылы еліміздің ең басты тарихи мұрасымен танысады.

  Тарихи мұраларды тану арқылы білім алушылар елінің ортағасырдағы ескерткіштерімен терең танысу мүмкіндігіне ие болады. Ол ескерткіштермен байланысты оқиғалар, тұлғаларды өз бетінше зерттеуге, ізденуге, ақпараттарды саралап үйренуге машықтанады. Білім алушыларға патриоттық сана-сезім қалыптастырудың, азаматтық құндылықтарды сіңіруге барлық жағдай жасалады. Жаңа идеялар жасауға, оны іске асыруға мүмкіндік береді. Оқушылар білімдерін толықтырып қана қоймай, өз бетінше зерттеумен айналысуға мүмкіндік алады. Тарихи мұралармен оқушыларды жақын таныстыруды тарих пәніне қосымша курс ретінде ұсынуға және оқушыларға тарихи обьектілерге экскурсиялық саяхаттар ұйымдастыру барысында қолданысқа енгізуге болады және ұрпағымыз елінің бай тарихын терең біліп, ол ескерткіштермен байланысты қайраткерлердің тұлғалық қасиеттерін бойына сіңіре білуге машықтандыру мақсатында ұсынса болады. 

Тарихи мұраларды тану жас ұрпаққа, білім алушыларға ортағасырлық ескерткіштер туралы білімін тереңдетуге, өз бетінше ізденіп, жинаған ақпараттарын сараптауға, жаңа идеялар жасауына оның әлеуметтік, экономикалық аспектілерін анықтап, оны жүзеге асыруға, ғылыми көзқарас қалыптастыруға ықпал етуге және ең маңыздысы ұлттық санасының өсуі мен патриоттық көзқарасын қалыптастыруына негіз береді.

 

     Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Ш.Насилова тарих сабағында сын тұрғысынан ойлау технологиясының тиімділігі, №7 (78) Шілде 2020 жыл, Тағылым
  2. Қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштер: Қожа Ахмет Яссауи кесенесі https://www.inform.kz/kz/kazak-zherindegi-tarihi-eskertkishter-kozha-ahmet-yassaui-kesenesi_a2741069
  3. «Қожа Ахмет Ясауиді қателесті дегеннің өзі қателескен» / «Аңыз адам» журналы №      2009 жыл,   бет
529 0
Пердебекова Рабиға Бейсебековна, №152 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі, Алматы қаласы № 001739
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: