Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1285

Абай сөзі

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығындағы ерекше орны бар туындыларының бірі -  оның қарасөздері. Ақынның қарасөздерінің өзіндік ерекшелігі, өзге шығармаларға қарағанда қазақ әдебиетінде Абайға дейін көп кездеспегендігі. 

         Абайдың шыққан ортасы ауқатты, Тобықты руының белгілі ел билеушілері болған. Абай жас кезінен-ақ білімге құмарлығымен, зеректігімен көзге түсіп, келешегінен үлкен үміт күттірген. Кішірек кезінде ауыл молдасынан азырақ сауат ашқан Абайды әкесі Құнанбай он үш жасында  Семейге оқуға береді. Алдымен Ғабдул-Жапардың, кейін Ахмет-Ризаның медресесінде оқиды. 

         Абайдың қара сөздері 1890-1898  жылдар аралығында жазылды.  Абай қара сөздерінен адамға үлгі болар ақыл-ой мен ұлағатқа толы ізгі ниетті әдемі кестелі сөздерді көруге болады.   

         Мұхтар Әуезов «Абай шығармашылығын зерттеушілерге» деген мақаласында «...Тегінде Абай шығармасының аздығынан кенде боп жүргеніміз жоқ. Барын барша, бажайына барғыза алмаудан, зерттей алмаудан кендеміз» дейтіні бар. Сол сияқты, Абайдың әр сөзін тек оқып, құрғақ қана жаттағаннан пайдасы кем екенін түсінген абзал. 

         Абайдың әрбір қара сөзін түсініп, тереңіне бойлай барып оқыған адам міндетті түрде рухани жаңарып, көзқарасы өзгере бастайды, яғни Абаймен сөйлесіп, пікірлесіп отырғандай сезінеді. Атап айтқанда, жиырма сегізінші қара сөзінде барша жұртқа бұзық болма, түзік бол деп, жастарға тәлім-тәрбие беру үшін жар салады.Әрбір сөзін оқып, ойға түйген кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екенін айтады.  Абайдың қара сөздерінде жиырма үштен астам афоризмдер жинағы бар екен.

         Ал афоризм деген не? Афоризм немесе ділмар сөз -   қысқа сөзбен түйінделген тиянақты, бейнелі ой. 

         Мысалы, Абайдың 22-қара сөзінде «Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді?»   деп, өзіне сұрау бере отырып, қазақ қоғамындағы топтар мен таптарды сынап, талдау жасайды. Ол өз қоғамы үшін сойылын соғуға даяр екенін ашық көрсетеді. Қазақтың байлары мен билерін, сұмдары мен момын шаруаларын өзара салыстырып, олардың арасындағы үлкен қайшылықтарды көрсетеді. Ал оқу-білім алу, өнер үйрену -  Абай қара сөздеріндегі басты мәселе деп қарағанымыз жөн. Абай өзінің көптеген қара сөздерінде осы ағартушылық, тәлім-тәрбие жайында   пікірін білдіреді. Олардың ішінде екінші, жетінші, сегізінші, жиырма бес, отыз үш, отыз бес, т.б. сөздерінде кеңінен тоқталған. Мысалы, отыз сегізінші сөзінде «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып естелік қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі - махаббат. Әуелі адамның адамдығы ақылғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер - әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалған өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады.  Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады - ешбір бәһра болмайды.»  дей келе, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез  деген қасиеттерімен озатындығын айтады. 

         Абай қара сөздерінен ұққаным және өзіме алған тәлімімнің тағы бірі естігенді ұмытпаудың жолдары, яғни «Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: 

әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек. Екінші, сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып ынтамен ұғыну керек. Үшіншісі- сол нәрсені, ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек. Төртіншісі- ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер ой кез болып күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе-күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Абайдың бұл әңгімелерінің кім үшін болса да тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды деп есептеймін.   

         Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы кеселді нәрсенің бірі - ар-ұят. Абай атамыз адамзат баласының ар-ұяты жайында отыз алтыншы сөзінде; «Ұятты екіге бөліп қарастырыңдар. Бірі- белгілі бір сөзді өзің жанындағы біреу айтса, өзің айтқандай ұяласың. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды ескергендіктен болады.  Екіншісі - байқаусыз айтылған сөзіне ұяласың, бұндай кезде кірерге жер таппайсың, кісі бетіне көрінуге жасқақтанасың» дейді.

         Қорыта айтқанда, Абайдың қара сөздері адамның адам болып түзу қалыптасуына және адамның дүние есігін іңгәлап ашқанынан бастап, ақыретке кеткенге дейінгі аралықтағы өмір сырын жік-жікке бөліп, жүйелеп түсіндіреді.

         Сондықтан да біз Абай шығармаларын, оның ішінде осы қара сөздердің мəнісін түсініп, ішкі мазмұнын түйсіне алуымыз керек. Егер де ұлы ақынның «Қара сөздері» əрбір қазақтың төрінен орын алып, көкейіне еніп, орынды қолдана алса, тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашағының өмірі жарқын болып, сапалы да саналы азаматтар қалыптасатындығына сенімім мол.

 

          

 

187 0
Айдана Мейірхан № 27 орта мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Алматы облысы, Талдықорған қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000387
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: