Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1282

Бастауыш сынып оқушыларына рухани-адамгершілік тәрбие беру

«Білім негізі-бастауышта», деп айтқандай, кез-келген адамның тұлға болып қалыптасу алғышарты, білімді игеруге қабілеті бастауыштан бастау алады. Мектеп табалдырығын аттаған әр бүлдіршіннің қолтығынан демеу болып, дұрыс бағытқа жөн сілтеу, бойларындағы жалып отын сөндірмей, одан әрі маздауына себепкер болатын жан ол-ұстаз. 

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, оң, солын әлі тани қоймаған, қанаты қатайып, буыны бекімеген бастауыш сынып оқушыларына білім мен тәрбиені ұштасыра отыра білім беру үлкен жауапкершілікке негізделеді. Мен де кіші сыныптарға сабақ беруді өзімнің бақытым деп білемін. Әр шәкірттің санасынан мықтап орын алу, үлгі болу, дұрыс бағытқа жол сілтеу мен үшін үлкен мәртебе. Осы орайда, тек негізгі пәндерді игертіп қана қоймай, рухани-адамгершілік тәрбиеге де баса назар аударып, ізетті, ибалы, көркем мінезді оқушыларды дайындап шығаруды өзімнің мақсатым деп білемін. 

Жалпы, рухани-адамгершілік тәрбиеге баулу барысында шәкірттерге ең алдымен ұстаз өзі үлгі боларлық тұлға болуы тиіс. Педагогикалық әдеп бір бойына жарасып, мұғалім сөйлеген сөзі, іс-қимылы, киім киісімен-ақ шәкірттердің жүрегін жаулап, ерекшеленіп тұрғаны абзал. Педагогикалық имидж ол – тек ұстаздың сырт келбеті ғана емес, оның мінез-құлығы, оқушылармен қарым-қатынасы, мәдениетті сөйлеуі және өзін-өзі ұстауы.

Жалпы, бастауыш сынып оқушыларын рухани-адамгершілікке баулудың басты мақсаты, өскелең ұрпақтың бойына игі қасиеттерді дарытып, адамгершілігі мол, қайырымды, бір-біріне бауырмал тұлғалар қалыптастыру. Қоршаған ортаға деген қамқорлық, жан-жануарларға мейірімділік сезімдерін ояту да біздің басты мақсатымыз.

Бастауышта берілген әр білім, тағылымды тәрбие балалардың санасынан мықтап орын алады. Өмірге құштар, дүниені әлі толық танып үлгермеген бүлдіршіндерді дұрыс жолға бағыттау барысында рухани-адамгершілік тұрғыда берілетін білімнің маңызы зор. Оны қазақ халқының ауыз әдебиеті жанры көмегімен өрбітуге болады. Дәлірек айтсақ, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жаңылтпаш, жұмбақ, өлең, ертегі, эпостық, лиро-эпостық жырлар, суырып салма айтыс өнері мен шешендік өнердің керемет үлгілерін көрсету арқылы. Бұл құндылықтардың бәрі сан ғасыр бойы атадан балаға мұра ретінде беріліп, жақсылықты, адамгершілікті дәріптеуге бағытталған. Әр жанрдың өзіне тән артықшылығы бар. Алайда, бәріне ортақ дүние-азаматтық мүддені алғашқы орынға қойып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін айқындап, әдептілік, шыдамдылық пен әсемдіктің тамаша үлгісін танытуды мақсат еткен. Халық ауыз әдебиетінің көркем үлгілері бастауыш сынып оқушыларына өз еліне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттырып, рухани жағынан толысуға көмегін тигізеді.

Адамгершілік сезімді қалыптастыру үрдісі бірнеше сатыдан құралған. Оның алғашқы баспалдағы ең алдымен бастауышта беріледі де, өсе келе мектеп тәмамдағанша жалғаса бермек. Адамның бойындағы ең игі қасиеттердің бірі-адамгершілігі десек, артық айтпағанымыз болар. Осы орайда, отбасында берілетін тәрбиенің орыны ерекше. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, үлкендердің сөйлейтін сөзі, адами қасиеттері, отбасында орнаған тәртіптің бәрі баланың бойына бала кезден сіңіріліп, оның жетілуіне өз әсерін береді. Сондықтан, ұстаз әр шәкіртпен жұмыс жасау барысында ата-аналармен де тығыз қарым-қатынас орнатып, қандай отбасы екендігінен хабардар болуы тиіс. 

Еліміздің тұңғыш перзиденті Президенті Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде: «Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бір-бірінің алдындағы, ең бастысы балаларының алдындығы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз», деген болатын. Олай болса, отбасындағы әр сәтті көкейлерінде сақтап, ой түйіп, соларға ұқсауға ниеттенетін балалар үшін ең алдымен ата-ана дұрыс үлгіге айналуы тиіс.

Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Олай болса, ата-ана болсын, ұстаздар қауымы да ең алдымен балаларға тәрбие беру барысында дұрыс тілдесуге мән берген жөн. Дөрекілік, күш көрсету, қысым жасау арқылы тәрбиелеу қате түсінік. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары, өте әлсіз, қорғансыз әрі ұрысты дұрыс қабылдамаулары мүкін. Рухани-адамгершілікке баулу барысында байсалдықпен, мысалдар арқылы, диалог құру негізінде жүргізілген әдіс-тәсіл өз жемісін беретіні анық.

Адамгершілік туралы қазақ зиялылары да қалам тартып, өз шығармаларына арқау қылған. «Құтты білік» дастанын дүниеге әкелген Жүсіп Баласағұн аталмыш жинақта адамгершілік пен инабаттылықтың төрт қасиетіне тоқталып, 6600 тармақ пен 72 тарауын арнаған.

Ал, шығыстың ұлы ғалымы Әл-Фараби болса, «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», деген болатын. 

Абай Құнанбаев болса, «бес нәрседен қашық бол деп» ұрандап, білімнің қайнар бұлағы, тәрбиемен беріледі, адамгершілік болмаса, ғалым болым деп айтпай-ақ қой деп ескертеді.

Жоғарыда аталған тұлғалармен қатар, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және т.б. көптеген ұлт жанашырлары рухани-адамгершіліктің қаншалықты маңызға ие екендігін алға тартып, дәріптеп өткен болатын. Әрине, қазақ халқының маңдайына біткен текті тұлғалардың шығармаларымен бастауышта балалар да танысып, талдайтын болады.

Бастауыш сынып оқушыларын білімнің қайнар бұлағымен сусындата отыра, рухани-адамгершілікке баулу қоғам талабы. Себебі, ел ертеңі жастар қолында. Өздеріне сенімді, жан-жағына мейірімді, әділ, шыншыл, ұлт қамын ойлайтын тұлғалар тәрбиелеу арқылы, ел дамуының алғышартын қалыптастырамыз. Тәуелсіздігіміздің тұғырын биікке көтерер, көк байрақты желбіретер, адамгершілігі мол, рухани толысқан ұландарымыз көп болсын!

 


 

 

594 0
Кенжебаева Ботагоз, № 27 орта мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Алматы облысы, Талдықорған қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000384
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: