Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1274

Балабақшадағы “Әз, Наурыз сұлтаны”

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы биылғы жылы елімізде ерекше форматта аталып өтуде. ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы  "Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа рең беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек", - дегенді тіліне тиек еткен еді, баспа сөз беттеріне берген сұхбатында. Мінеки, осы игі бастаманы барлық оқу орындарынан бастап түрлі мекемелер қолға алып, жаңаша реңмен бастап та кеткен. Мұндағы негізгі мақсат бүлдіршіндерге, өскелең ұрпаққа аса көңіл бөліп, соларды қуантуға тырысу. Олардың есінде қалардай сыйлықтар жасап, ізгілік таныту. Осы бастаманы «Есік-Болашақ-2007» балабақшасының да басшылығы мен ұжымы қолдап, әр тәрбиеленуші топтарда іс-шаралар өткізіп, бүлдіршіндерге сый-сияпат жасап, Наурыз мерекесінің тарихи құндылығын дәріптей келе «Жігіт сұлтаны», «Көктем аруы» сынды сайыстар өткізді. Осы сайыстардың біріне тоқтала кетер болсақ, ол 28 наурыз күні «Бәйшешек» тобында өткен «Әз Наурыз Сұлтаны-2019» сайысы. Наурыз мейрамының аясында өткен шара мақсаты Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамының – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы күн екенін, тарихы тереңде жатқан Ұлыстың ұлы күні бағзыдан жеткен ұлттық құндылығымыз, тәлім-тәрбиелік мәні өте зор мереке екенін жас ұрпақ санасына сіңдіру, сонымен қатар ертеңгі ел іргесін қалайтын ер жігіттерді мықтылыққа, отансүйгіштікке баулу болып табылады.

Сайыс барысында ер жігіттер өзін таныстыру, бата беру, фольклорлық жырлар оқу, асық ату, күш сынасу, жеті қазына мен төрт түлік пірін атау және оған қатысты мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жасыру сынды тапсырмаларды орындап, өз өнерлерін ортаға салды. Әр баланың сөз саптауы, ойын еркін жеткізе білуі жақсы қалыптасқан. Бұл балабақшаның тәрбиешілерінің біліктігінің көрсеткіші. Сайысқа қатысқан бүлдіршіндер  “Сегіз қырлы, бір сырлы”, “Парасатты жігіт”, “Алғыр жігіт”, ”Шымыр жігіт” сияқты  номинация‎лармен  марапатталды. Шара соңында барлық бала ерекше сыйлықтар алып, ұлттық тағам түрлері қойылған дастарханымыздан дәм татып, “Әз, Наурыз сұлтаны” бас жүлдесін иеленген  Елесбай   Шернияздың берген батасымен аяқталды.

 

                             Асың- асың, асыңа,

                             Бақыт қонсын басыңа.

                             Таң мезгілі болғанда

                             Бөденедей жорғалап,

                             Қырғауылдай қорғалап,

                             Қыдыр келсін қасыңа!

                             Дұшпандарың құл болсын,

                             Үйің толған ұл болсын.

                             Армандарың  алдыңнан

                             Саған шығып қол берсін! 

                             Денсаулығың зор болсын,

                             Дастарханың мол болсын!

                             Қайда барсаң  алдыңнан

                             Жарқыраған жол болсын!

                             Аумин!!!

163 0
Чапаева Тұрсынхан Мұханқызы, «Есік-Болашақ-2007» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі, Есік қаласы № 001731
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: