Қазақстан Республикасының "Білім туралы” Заңында, “2011-2020 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы” стратегиялық құжатында Білім беруді ақпараттандыру - мемлекеттік білім беру саясатын жүзеге асырудың маңызды механизмі ретінде бекітілген. Қазақстандағы саяси-әлеуметтік және экономикалық даму кәсіптік білім беру жүйесін жаңартуды, яғни бәсекелестікке қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын кәсіби мамандар дайындауды талап етуде. Білім мазмұнының сапасын арттыру, сол сияқты қоғам дамуын айқындайтын негiзгi көрсеткiштердiң бiрi – оның ақпараттану кезеңiне өтуi болып табылады. «Қазақстан-2050 стратегиясы: Қазақстан мемлекетінің жаңа саяси бағыты» атты ЕЛБАСЫ Н.Ә. Назарбаев өз жолдауында: Тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын, соның ішінде әр түрлі ынталандырушы бағдарламалардың есебінен де көтеру керек. Мен қазақстандықтарды ақпараттық технологияларды белсендірек игеруге шақырамын. Сонымен қатар, білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісінде қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттыру. Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс - деді ұлт көшбасшысы. Бүгінгі күні адамзаттың шығармашылық әрекетiнiң жемiсi – ақпаратты тиiмдi пайдалану арқылы ғана ғылыми-техникалық прогрестi одан әрі дамыту керек болатындығы белгілі болып отыр. Өйткені, ол ақпараттық қоғам жағдайында экономика‚ техника‚ ғылым‚ саясат және жалпы қоғам дамуының шешушi күшiне айналуда. Қазiргi кезеңдегi білім беру үдерісіне жаңа ақпарттық технологияны кеңінен енгізудің, сонымен қатар оқушының ақпараттық мәдениетін дамытудың негiзгi ерекшелiгi оның қолданбалы бағыттылығын‚ пәнаралық байланыстарды сәйкестендіретін оқудың мазмұны мен мақсатын нақты көрсететін жолдарын iздестiру болып табылады.
Ұлы педагог К.Д. Ушинский: «Мұғалім білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатса, оның мұғалімдігі жойылады» дегендей, білім беруді ақпараттандыру жағдайында педагог мамандардың ақпараттық біліктілігін көтеру – бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі. Ақпарат пен білімнің жетілдірілуі техникалық дамуына және өндірістің әртүрлі технологиясын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады. Бүгінгі күнде ғылым мен техниканың өте қарқынды дамуы болашақ мамандардың талғамының өсуі, электронды кітап, интернет және компьютер құралдарының кең көлемде қолданылуы мен т.б. ақпараттық құралдардың пайда болуы, білім беру саласында жаңа технологиялық әдістерді енгізуге ықпал етуде. Қоғамның даму кезінде білімнің қарқынды прогресімен ескі технологиялық идеялардың тез өзгеруімен, жаңашылдыққа көшуге болашақ мамандардың іс-әрекетімен байланыстыру ерекше сипат алады. Сондықтан да, қазіргі кезеңде оқушыларға сапалы білім бермейінше, заман сұранысын қанағаттандырып, экономиканың дамуын қамтамасыз ете алмаймыз.
Бүгінгі күнде негізгі мақсат – инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу негізінде құзыреттілігі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау болып табылады. Бұл білім алушының кәсіби, технологиялық дайындығы ғана емес, сонымен қатар оның білімінің жан-жақтылығы мен ақпараттық мәдениеті жоғары, яғни компьютерді еркін меңгеруі, интернет ресурстарын пайдалана білуі, оқытудағы жаңа компьютерлік технологияларды меңгеруі т. б.
Білім беру үдерісінің осы мақсатына қол жеткізу үшін, дәстүрлі оқытудан – инновациялық оқытуға көшу қажеттілігі туындалды. Оқытудың бұл түрі оқушының бойындағы жеке қабілетін дамытып, оны әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тез бейімделетін тұлға ретінде көрсетеді.
Д. Пойа «Қанша жақсы әдістер болса, сонша жақсы мұғалім дер де бар» дегендей, оқыту үдерісінде компьютерлік технология мен техниканы қолданудың негізгі педагогикалық-психологиялық мәселелерімен айналысқан ғалымдар, білім беруді ақпараттандыру саласында зерттеушілер Ж.А.Қараев, И.И.Антипов, Е.Ы.Бидайбеков, К.М.Беркімбаев, С.С.Үсенов, С.М.Кеңесбаев және т.б. өз еңбектерінде ақпараттық технология құралдарын қолданудың іс-тәжірибесі, танымдық әрекеттерді басқару үдерісі, оқу орындарындағы пәндерінің мазмұны, әдістері, құралдары, оқыту түрлері мен оның нәтижесін бақылау жаңа дидактикалық шарттарға негізделіп және жаңа құрылым, ұйымдастыру қызметі, орындалу нәтижесі, көп ізденуді қажет ету керектігін, педагогикалық-психологиялық сипаттамаларын нақтылап көрсетеді. Білім беруді ақпараттандыру мәселесін тиімді шешу, негізінен педагогикалық кадрлардың ақпараттық мәдениеттілігін қалыптастырумен тікелей байланысты. Бүгінгі мұғалімнің ақпараттық мәдениеттілігі оның педагогикалық мәдениеттілігінің маңызды бір бөлігі болып табылады.
Білім берудегі мультимедиа – таным процесінің жоғарылауына септігін тигізетін, білім беру мазмұнын интерактивті формада ұсынатын, дидактикалық аппараты – бағдарламалық құрал. Мультимедиалық бағдарламалық құралдары – интерактивті режимде әртүрлі типті ақпараттарды дайындау, өндеу, ұсыну, біріктіру секілді іс-әрекеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін компьютердің бағдарламалық жабдықтары. Мультимедиалық бағдарламалардың негізгі атқаратын функцияларының бірі – басқаруды қамтамасыз ету. Яғни, қажетті ақпаратқа еш кедергісіз ауысу мүмкіндігінің болуы. Мультимедиалық өнімдер – мультимедиалық құралдар және арнайы бағдарламалық жабдықтар көмегімен дайындалған ақпарат. Мультимедиялық мазмұнды ұсынуда артық және сәйкес емес ақпараттың болмауы өте маңызды.
Мультимедиалық технология дегеніміз – адамның ақпаратты бір мезгілде бірнеше сезім мүшелерімен қабылдауын қамтамасыз ететін аппараттық және бағдарламалық құралдар жиынтығы. Ақпараттық технология ақпараттың көптүрлілігі мен түсініктілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ өндірістік, ғылыми, басқару, ұйымдастыру, білім беру, сияқты қызметтің түрлі салаларында ақпараттық мәдениетті қалыптастыра алады. Ақпараттандыру – әрбір адамның және заңды тұлғалардың ақпаратқа деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында ақпараттық технологияларды пайдалану негізінде ақпараттық қорларды, ақпараттық жүйелерді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған ұйымдастырушылық, әлеуметтік –экономикалық және ғылыми-техникалық үдеріс.
Ақпараттандыру – өндірісте ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану, ақпаратты өңдеу, сақтау және тарату, әсіресе білім беру жүйесінде қолдану болып табылады. Білім беруді ақпараттандыру сыртқы (еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының сұраныстарына) және ішкі қажеттіліктермен (оқу-тәрбие үдерісі сапасының артуымен) сипатталады. Білім беруді ақпараттандырудың ішкі қажеттіліктері білім беру саласына ақпараттық технологияны енгізудің мүмкіндіктерін анықтайтын педагогикалық ғылым мен тәжірибенің даму дәрежесімен байланысты болады.
Білім берудi ақпараттандыру – бiлiм беру саласының теориясы мен практикасына жаңа ақпараттық технологияны жан-жақты пайдалану және оқыту мен тәрбиелеудiң психологиялық-педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыратындай жағдайда оның мүмкiндiктерiн қолдану үдерісі. Білім беруді ақпараттандыру құралдары деп компьютерлік аппараттық және бағдарламалық жабдықтарды, сонымен қоса, білім беруді ақпараттандыру мақсаттарына жету үшін пайдалынатын олардың мазмұндық толықтырмасы.
Оқыту жүйесінде әр оқушы компьютерлік технология негізінде интернет, АТ оқыту, электрондық почта арқылы дүниежүзілік білім кеңістігіне еніп, онда өзінің қажетін өтейтін білімді толығымен алуға, қажетті ақпараттық мәліметтерді, ғылым саласына байланысты озық тәжірибелерді, ізделіп отырған мәселенің шет елдегі жағдайымен танысуына толық мүмкіндік туып отырғандығына көз жеткізді. Сонымен, қоғам дамуының қазіргі кезеңі адам қызметінің басым бөлігін ақпараттандырумен, компьютерлендірумен ерекшеленеді. Соған байланысты болашақ мұғалімдердің қызмет аясы кеңейіп, ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу іс-әрекетінің практикалық сұранысы артуда. Сондықтан да, қазіргі кезең «ақпараттық төңкеріс» болғандықтан испан ғалымы Ян Карлсон «Ақпаратпен қаруланбаған адам қолына жауапкершілікті ала алмайды» дегендей, білім беру кеңістігіндегі ақпараттық технология мәселелеріне аса назар аударуды талап етеді.
Қорыта келе, қазіргі қашықтықтан оқытуда болашақ маман тұлғасының ақпараттық мәдениетін қалыптастыруда мультимедиялық технологиялардың рөлі арттыру маман кадр дайындайтын оқу орындарының бүгінгі күнгі еншісі. Ақпараттық мәдениеті қалыптасқан маман қоғам сұранысына жауап беретін кәсіби құзыретті кадр ретінде келешек ұрпақтың ақпараттық сауаттылығын қамтамасыз етеді, - деп санаймыз.
Әдебиеттер тізімі:
- Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары.
- ҚР-ның «Білім туралы» Заңы.
- Ақпараттандыру туралы Қазақстан Республикасының Заңы.
- Жолдасбекова С., Махмудова Г., «Болащақ мұғалімдерді дайындауда оқытудың ақпараттық технологиясын пайдалану жолдары» Ізденіс, 2005ж.