"Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат
замандар мен нәубеттерді бастан өткерді.Осының бәрі халықтың
есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс"
Қ.Р.Президенті Қ.К.Тоқаев
Менің елім- Қазақстан. Қазақ елі, қазақ жері, қазақ батыры , қазақ қызы десе жүрегіме нұр құйылғандай болады. Қазақстан – мен үшін жүрегімнің ішіндегі жүрек. Қазақстан - тәуелсіз мемлекет. Шекарасы айқындалған, жерінің қойнауы байлыққа толған «Ұлы» мемлекет.
Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін ғасырлар бойы күрескен жауынгер ел - қазақ елі. Қазақтың басынан небір зұлмат замандар өтті. Тәуелсіздік үшін миллиондаған адамдар құрбан болды.
Тарих қойнауына үңілсек, «Мың өліп, мың тірілген» қазақ екенімізді білеміз. Әрбір қазақ жастары тәуелсіздіктің қадірін білуі тиіс. Тәуелсіздікті құрметтеу әрбір азаматтың міндеті деп білемін. Жүрегіңді ауыртып, жаныңды жаралайтын нәубетті жылдарға көз жүгіртіп өтейік.
ХХ ғасыр басында ашаршылық пен қуғын сүргіннен қазақ халқының 70-80 % жойылды. Қазақ демографы Мақаш Тәтімовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде, екінші дүниежүзілік соғыста бас –аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақтың қырғынға ұшырағаны айтылады.» Бұл нақты деректер деп айта алмаймыз. Себебі ашаршылық кезеңде қайтыс болғандар туралы толық мәлімет жоқ. Ол әлі де құпия сақталып отырғаны жасырын емес. Кең пейілді, ақкөңіл меймандос , қонақ келсе төрін беретін қазағым, аңғал қазағым, қолдан жасалған Голощекиннің әдейі ұйымдастырған «ашаршылық» бір ұлтты жойып жібере жаздады. Мысалыға «Наша газета» (1918 жылдан бастап Қазақстанда шыққан) былай деп жазады: «Сыр аймағында басталған аштық пен індеттің халықты қырып, қаусатып тастағанын сол кездегі тарихи деректерден көре аламыз. Бір ғана 1918 жылдың өзінде Қазақстан халқының 30 пайызы аштықтан қырылған деп жазған. Ал жазушы , қоғам қайраткері М.Әуезовтің мәліметі бойынша 1921-1922 жылдардағы аштық кезеңде қазақ халқының қайтыс болғандардың саны – 1 миллион 700 мың адам болған.Бұл кезеңде М.Әуезов ашыққандарға көмек көрсету коммиссиясының төрағасы болған. Айналайындар–ау, бұл не деген сұмдық ? Қазағым, ата-бабаларым осылай қырылған ғой ... Бұл тақырыпты таңдау мен үшін өте ауыр. Өйткені, тарихымызға үңіліп қарасақ, тек Қазақ елінде ғана қолдан жасалған «ашаршылық» ұйымдастырылған деп ойлаймын. Себебі, өз отбасымызда әкеміз былай деп айтып отыратын : «Әкемнің әкесі екі қызын аман сақтап қалу үшін Өзбекстанға өтіп жарты қап бидайға 2 қызын беріп келген.» - деп отырушы еді. Атамыздың екі қызын аштықтан аман алып қалуы үшін жасаған әрекеті болса керек. Сонда мен ойлаушы едім, Өзбекстанда ашаршылық болмаған ба? - деп. Бұл нәубат тек қазақ елінде ғана болған ба? ... деген ойлар мазалайтын.
Есейе келе, ана болдық, ұстаз болдық, тарихымызға үңілдік. Себебін түсіндік. Себебі, қазақ елінің кең байтақ жері мен ақкөңіл де аңқау , құшағын кеңге жайып ешкімді жатсынбай бауырына баса білетін Ұлы даланың кең сахарасына көшіп-қонып жүріп, ұрпағы үшін ұлан-байтақ жерді алып қалған батыр елдің ұрпағының тамырына балта шауып, жерімізді алу үшін жасалған, Кеңес Үкіметінің жымысқы әрекеті екенін ұқтым. Бұл Кеңес үкіметінің қазақ ұлтын жойып жіберу мақсатында ұйымдастырған «геноциді» екен ғой. Кеңес Одағының басшысы Сталин басқарған орталық «кіші қазан» төңкерісін әдейі ұйымдастырған еді.Кеңес Үкіметі қазақ еліне дендеп еніп, барлық билік саласына араласа бастады. Осындай отаршылық саясатын жүргізіп ел билігіне араласып, ел арасына іріткі сала бастады. Сол кезеңде әдебиетімізде үлкен орын алатын « Зар заман» ақындары орыстардың отаршылдық әрекетін жырға қосып , ашына, түңіле жырлады. Заманның зарын айтып, күңіреніп, отаршылдық әрекетін жырына арқау етіп, қыл қаламымен ішкі зарын шертіп отырған.
Кеңес Үкіметінің қолдан ұйымдастырылған «геноциді» әр қазақтың шаңырағын ортасына түсіріп, қайғы – мұңға батырды. Осы геноцид қазіргі таңдағы Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да отбасын айналып өтпеді. Мысалы, еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ата-әжесі ашаршылық жылдары ұрпағын аман сақтап қаламыз деп Фрунзе қаласына қоныс аударған. Бұл қазіргі Қырғызстан мемлекетінің астанасы-Бішкек қаласы. Президентіміз отбасындағы қайғылы оқиға жайлы былай деп еске алады.
«Атам Фрунзеге барғаннан кейін бір орыстың үйін паналаған. Атасы ас-ауқат табуға кеткенде, кенже қызы еңбектеп барып жанып тұрған пешке түсіп кетеді, тірідей жанып жатқан перзентін көрген ауру да, сал ана қозғалуға дәрмені жоқ күйде көкірегі қарсы айрылып, жаны қиналып, жан тәсілім етеді. Атасы үйіне келсе, өртенген перзенті, өліп жатқан жұбайы, жоғалып кеткен қос ұлы - Кемел мен Қасым осының бәрі ауыр соққы болып, атасының есі ауып, үйден шығып кеткен бойы ұшты күйлі жоқ болып кетті.» - деп еске алады. Бұл зұлмат пен наубаттан қайғы- қасіретке ұшырамаған қазақ отбасы жоқтың қасы. Жаныңды жегідей жеген осындай сан мыңдаған деректерді оқи отырып, қазағымның басынан өткерген қайғысына жаным қиналып, жүрегім ауырып, қаным басыма шабады. Неге, тек қана қазақтың басына ғана келген қайғы-қасірет?... Кеңес Үкіметінің бізге жасаған зұлматы мен наубеті талай отбасының шаңырағын шайқалтты. Тұқым-тұяғымен жойылып кеткен отбасылар да жетерлік. Ұрпағын ашаршылықтан сақтап қалуы үшін ата-бабаларымыз не істемеді? Не көрмеді?...
Сонау өткен тарих қойнауына көз жүгіртсек, Керей хан мен Жәнібектің тұсында атқа қонған қазағым, аттың тұяғымен дүбірлетіп, ұлан-байтақ жерімізді келешек ұрпақ үшін найзаны қолға алып, сақтап қалған жеріне-Кеңес Үкіметі көз тікті. Көз тікті де дереу әрекетке көшті. Қалай болса да кеңпейілді момын қазақтың көзін жойып, ұлан-байтақ жерге қожалық еткісі келді. Қалайда болса кең байтақ жері бар , кеңпейілді қазақтың жерін алу саясатын , жымысқы әрекетін «әб-жыландай» іске асыра бастады. Біріншіден, орыс шаруаларын еліміздің шырайлы жерлеріне қоныс аударта бастады. Міне, осы кезде «Зар заман» ақындары мұның астарында үлкен бір сұмдық әрекет жатқанын білді. Білді де өлең жырға арқау етті. Ұрпағын орыстардан сақтануға шақырды. Мысалы, Шортанбай Қанайұлы «Тар заман» поэмасында былай дейді:
Мынау заман, қай заман:
Азусызға тар заман,
Азулыға бар заман
-дей отырып отаршыл Кеңес Үкіметінің елімізді қанап, тонап бір-біріне айдап салып жатқаны туралы өлеңіне арқау етті. Ашаршылықтан қырылған халқымызды басын көтертпеген күйде қазақтың қамын ойлаған зиялы қауым өкілдерін саяси қуғын-сүргінге ұшыратты. Зиялы қауым өкілдеріне жала жапты, атты, бір-біріне айдап салды. Кеңес үкіметі өзінің арам пиғылын осылай жүзеге асырды. Елінің қамын ойлаған ұлтжанды, батыр ұлдарын түрмеге тоғытты.
Халқымыз аштықтан қырылып жатқанда Кеңес Одағы артық астықты шетелге сатты. Бұл деректі «Знамя» журналының 1989 жылғы номерінен (176 б) оқуға болады. 1932-1933 жылдардағы Кеңес Үкіметінің қазақ ұлтын жойып жіберу мақсатында ұйымдастырған ашаршылығы әр қазақтың шаңырағын ортасына түсірді. Отбасымен түгел қырылып кеткен қазақ ауылдары да болды. Аштықтан бірінің етін бірі жеген оқиғаларда тіркелді. Аянышты, еріксіз көзге жас алатын оқиғалар жаныңды жаралайды. Ешбір мемлекетте мұндай «геноцид» ұйымдастырылмаған. Неге? Неге, тек қана біздің Қазақстанда? Айналайын, қазағым–ай, Кеңес Үкіметі «тұқымымызды» жер бетінен жойып тастамақшы болды ғой. Кімге нағлет айтамыз? Қазақты бір-біріне айдап салып, старшын, болыс сайлап, алдап-арбап, жік-жікке бөліп, ту талақай етті. Біздің бақытты ғұмыр кешуіміз – ата-бабаларымыздың арқасы. Өйткені, кейінгі ұрпақ үшін құрбан болған аталарымыз, біздің жарқын бейбіт өмір сүруіміз осы- ата-бабаларымыздың арқасы деп білемін.
Мен –анамын, мен – немере сүйген әжемін. Бұндай зұлмат замандар мен нәубеттің бетін ары қылсын. Ұрпақтарымыз көрмесін. Бірақ, біздер, ата- аналар жастарымыз сабақ алсын деп, өткен тарихымызды жастарымыздың бойына, осындай бейбіт өмірдің оңайлықпен келмегенін айтып отыруымыз қажет.
Ата-бабаларымызға тағзым етіп, олардың басынан өткен қиын кезеңдерін айта отырсақ, өскелең ұрпақ «тоқшылық» заманның қадірін білер еді. Адамның жанын түршіктіретін мына оқиғаға көз жүгіртейік. «Үйленген жас отбасы бір баласымен аштықтың азабынан құтылу үшін Қытайға бет алады. Аштықтан қатты қалжырағанда күйеуі әйелін азғыра бастайды. Бала әлі жас. Жол болса ауыр. Әйелі көнбейді. Барар жерге жете алмай қалжыраған күйеуі балаға ашыға қарағанын байқаған әйелі қатты қорқып кетеді. Қорыққанынан жерді қазып отыра берген ғой. Сол кезде жерден малдың тобығы шығыпты. Сол тобықты мүжіп, аман-есен Қытайға жетіпті. Міне, бір отбасының тағдыры, аштықтан өз перзентін жемек болған оқиғаның бірі. «Он сегіз баладан қу ағаштай жалғыз қалдым» - дейді Бөке Әбіқов деген ақсақал.
Бұл, ашаршылықтың қазақтарды ойсыратқаны соншалық, қазақтар, бұл зұлматтан соң, тіпті мәдениеті мен салт-дәстүрінен де айрылып қала жаздады. Олар өз жерінде азшылыққа түсті. Қазақтардың бүгінгі таңдағы мәдениетін, тілін дамытудағы қиыншылықтарының түпкі себебі, сол кезден бастау алады. «Қазақ мәдениетін өлтірген-ашаршылық» - деп жазады ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуров. 1917 жылдан бастап зиялы қауымға «халық жауы», «байдың тұқымы», «жапон тыңшысы»сияқты түрлі жала жабылды. Зиялы қауым өкілдерін толығымен қудалады. Қазақ халқын қынадай қырды, рухымызды түсірді, басымызды көтере алмайтындай етті.
Ахмет, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Тұрар Рысқұлов сияқты мыңдаған зиялы қауым өкілдерін атты, шапты, абақтыға жапты. Әйел, бала-шағасын «халық жауының» сатқындары деп қара күйе жақты. Еш жерге жұмысқа алмады. Қорлады. Ашаршылық пен саяси қуғын сүргінге ұшырағандардың өліміне кім жауап береді?... Ұрпағымызға саналы түрде айтып, түсінік жұмысын жүргізуіміз қажет. Ашаршылық нәубетін ұмытпауымыз керек. Тарихшыларымыз зерделеп, зерттеп келер ұрпаққа тарихымызды таразылап, тура жолды көрсетуіміз керек. Қазақ еліне келген нәубет пен зұлматтан сабақ алуымыз қажет. Ата-бабаларымыз көрген қиыншылықты ұрпақтарымыз көрмесін. Осы заманда: Не ішемін? Не жеймін? –деп ойланбайтын жастарымыз баршылық.Тарих қойнауына көз жүгіртіп, аштықтан құрбан болған ата-балаларымызға тағзым етейік. Ашаршылықтан қырылғандарға саяси баға беретін уақыт жетті деп ойлаймын. Етек – жеңімізді жиып, тарихымызға үңіле отырып, бабалар мұра етіп тастап кеткен ұлан-ғайыр жерге еге болайық. Қытай мен Ресейдің «көз құртына» айналған кең байтақ жерімізді көзіміздің қарашығында й сақтай берейік. Жер де,ел де –халықтікі. Өткен тарихымызға немқұрайлы қарамайық. Бір-бірімізді бағалайық, қолдайық.Ата-бабамыздың салт-дәстүрін дамытып, ұлттық құндылықтарымызды жарыққа шығарайық. Ашаршылық құрбандары болған ата-бабаларымызға мәңгілік қарыздармыз. Олар армандаған бейбіт өмір мен тоқшылық заманның қадірін білейік.
Дана халқымыз қателіктерімізді түсінеді, оларды
кешіре де біледі. Халық кешірмейтін бір-ақ нәрсе
бар,ол-елдің қолына зарықтырып барып қонған
Бақыт құсынан,Тәуелсіздіктен айрылып қалуды
кешірмейді.Егер біз Тәуелсіздіктен айрылсақ бізге
кешірім жоқ.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев