«Білім - біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы»
А. Байтұрсынов
Бүгінгі таңда Қазақстанда білім берудің деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойылып отыр. Елімізде соңғы жылдары білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыты білім беру сапасының әлемдік деңгейге сәйкес келуін қамтамасыз ету, әлемдік сұранысқа жауап бере алатын мамандарды даярлау және бәсекеге қабілетті білім беру болып табылады. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім өзіндік ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Ұлы педагог Ы.Алтынсарин «Оқытушы бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек» деп, айтқандай, оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі-білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұрын оқытуда оқушылар тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Критерийлер — оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Критериалдық бағалау — бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс.
Критериалды бағалау технологиясы оқушы бойындағы үрейленуді басады және мұғалімді «төрешілік» қызметінен босатып, оқушы бойында өзін-өзі бағалау, өз іс-әрекетіне баға беру, жауапкершілік қабілетінің дамуына ықпал етеді.Мен өз сабақтарымда критериалды бағалауды жиі қолданамын, яғни сабақтың басында оқушылар нені білуі тиіс, не нәрсеге қол жеткізу керек деген мақсатпен сабақтың критерийін интерактивті тақтаға жазып көрсетемін немесе әр оқушыға қағазға жазылған күйде сабаққа құрылған критерийлерді таратамын. Жалпы критерийлерді әрдайым өзім құрастырып қана қоймай, кейбір тақырыптарды оқушылармен бірігіп құруға дағдыланудамын. Сабақ критерийлері өткен сабақпен байланыстырыла құрылады, өйткені ағылшын тілі сабақтарында кейбір түсінуге қиын грамматикалық құрылымдарды дамыту, жетілдіру мақсатында көбірек жұмыстануды қажет етеді және әр сабақта оқушылардың сабақта ағылшын тілінде сөздік қорларын пайдалануы, сөйлеген кезде немесе оқыған кезде дауыс ырғағына, яғни дауысты көтеріп немесе төмен түсіру мәнеріне көңіл бөле отырып, сабақ критерийлерін құрамын.
«Тұжырым жасай білген адам, алдына мақсат та қоя біледі» деген екен белгілі шығыс ойшылы. Олай болса, бағалауға деген көзқарасымызды өзгертсек, сабақтарымызға критерий арқылы бағалауды енгізіп, оқушыларымыздың тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттасақ, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, нәтижеге жеткізу, ал оқушыларымыз әр сабақта белгілі бір нәтижеге жету барысында еңбектенсе, оқушы да, мұғалім де өз еңбектерінің табысын көре алады деп ойлаймын.