Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1098

АБАЙ МҰРАСЫ-ТӘРБИЕ ТЕҢІЗІ

Абай нұры-Алаш аспанында

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, 

Қиыннан қиыстырар ер данасы. 

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, 

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, деп асыл жырдың қасиетін бір ауыз сөзбен түйіндеген, қазақтың сөз зергері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы республика көлемінде аталып өтілуде. Күллі қазаққа ортақ алқалы той Арқа төсінен бастау алды. Тұтас ұлттың болмысын айшықтаған Абайдың 175 жылдығының басталуына арналған «Қазақ халқы-Абайдың халқы» атты салтанатты шараның мәні мен маңызы жоғары. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап, түрлі іс-шаралар өткізілді. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой – өрісімізді кеңейтіп, өскелең жас ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелу мақсатында жасалынып жатқаны рас. «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – Ұлы Абайдың аруағына басымды идім», − деп  Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқан еді.  Бұл сөздер Абайдың мәдени мұрасы жас ұрпаққа рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіретін, мәңгілік алтын қазына екенін аңғартады.

Абай шығармашылығы жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана еліміздегі мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласында кеңінен сөз қозғаған болатын. Өз мақаласында: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы. Абай Құнанбайұлының шығармашылығын сөз еткенде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың 4 томдық «Абай жолы» роман-эпопеясын атап өтпеу мүмкін емес. Осы ретте, француз жа­зушысы Луи Арагонның мына бір сөзін де жазып өтсек дейміз. Ол: «Абай жолы» роман эпопеясы арқылы қазір­гі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классикасының шырқау шыңына шықты. Бұл да аз, әлемнің басқа ел­дерінде де оған тең келетін шығарма табу қиын. Бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп бағалаған. Ал Абайдың қара сөздерін айтсаңызшы. Астары те­рең, мазмұнды ой-толғаныстары ғой шіркін. «Абай дара, Абай дана қазақта» деген сөздің қаншалықты маңызға ие екенін осы пікірлердің өзі-ақ дәлелдеп тұрғандай көрінеді.

Ақыннның есімі әр қазаққа бала күнінен құлағына сіңісті болған. Балғын шағымыздан Абай әндерін айтып, өлеңдерін жаттап, қара сөздеріндегі даналықтың мәйегін көкейімізге тоқып өстік. Жоғарыда аталған мақала жарияланғанда, көңілдегіні дөп басқан салиқалы сөз күткендер суатқа құлағандай, бас алмай оқығанымыз да содан.

 Әлемдік деңгейде мұралары зертттеліп, құрметтеуге Абай Құнанбайұлы өте лайық. Хакім бір ғана ақындықпен, ойшылдықпен шектелмей, еліміздің музыка өнерін дамытқан композитор. Абайдың қай әнін тыңдасаңыз да, терең сыр мен сезімге толы. «Сегіз аяғы» шырқалса, көңіліңді баяу толқын тербей бастағандай болады. Әртүрлі ой әр қиырға ала қашқандай күйге түсесіз. Өстіп отырып, еріксіз әуенге ілесіп, әннің сөзін жаттап алғаныңызды да байқамай қаласыз. Бүгінгі таңда жеңіл, мағынасыз әндер көбейді. Олардың көбісі екі күннен соң ұмытылып жатыр. Оның туындылары бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері жаңа шыққандай жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа алмасып келеді. 

Абай шығармалары қазақ халқы үшін таусылмайтын қазына, поэзия шыңы болып табылады. Оның әлі зерттелмеген тұстары қаншама десеңізші?! Сондықтан да, Президент бастамасымен қолға алынған осы бір жүйелі жұмыстар ақын болмысын толықтай танып білуге өз септігін тигізітініне кәміл сенімдімін.

         Бүгінгі жас ұрпақтың рухани-адамгершілігі отбасынан басталады. Ол үшін әр отбасы балаларын білім нәрімен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру керек. Олардың дара жолы − Абай жолын оқудан басталса нұр үстіне нұр болар еді. Абай ақынның өмірі мен шығармашылығы тұнып тұрған саф алтын. Бала тәрбиесіндегі негізгі де маңызды рөл ата-аналарда. Aбaй жaстaрды тәрбиелеуде күндeлікті отбaсы тәрбиeсінe, aтa-aнaның жaуaпкeршілігінe eрeкшe мән бeрді. Бaлaның болaшaғынa жaуaпкeршілік aлдымeн әкeгe жүктeлeтінін eскeртіп, әкeнің aқылы мeн ықпaлы болмaй aдaл eңбeккe, өміргe дұрыс бaулу, жaс жeткіншeктің бойындa aдaмгeршілік қaсиeттeрді дамыту мүмкін eмeс eкeнін aтaп көрсeтеді. Осы орайда мектебімізде жүзеге асып жатырған «Оқырман отбасы» отбасылық байқауы, «Тәрбие әлемі» кітапсүйерлер онлайн қауымдастығы және «Біз – бір отбасы» жобасынан Абай ерекше атап көрсеткен отбасы тәрбиесі көрініс табады.

Болашақтың адамын тәрбиелейтін, болашақ жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін бала жанының бағбаны-ұстаздар, сондықтан олардың ары таза, адал, әдепті, сыпайы, парасатты, төзімді, кешірімділік құндылығын өз бойында дамытып,  ұрпақ тәрбиесінде ұтымды қолдана білсе, рухани тәрбиенің негізгі шарты болып табылады. 

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді, тәрбиелі болады», - деп Абай айтқандай, оқу процесі кезінде адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты күні бүгінге дейін өзекті мәселе. 

21 ғасырда енді ғана зерттеп біліп, ой түйіп жатқан Шульман ілімі (бас, қол, жүрек) бойынша «табысты мұғалімде» болу керек ыстық қайрат - қол,  нұрлы ақыл – бас, жылы жүрек – жүрек қасиеттерін реттеу, соны бойымызға сіңдіру жайлы Абай өз заманында дәлдеп айтып кеткен еді.

Қазіргі таңда баланың рухани-адамгершілік тағылымына кері әсер етуші факторлар: соғыс ойындары, жат қылықты жариялайтын фильмдер, компьютерлік ойындар мен ұялы телефондар бар. Баланың қалыптасуына ықпал етіп, дамуына үлес қосатын мұғалімнің есте ұстар жағдайлары аз емес. Солардың ішінде ең негізгісі – балаға деген жүрек жылуы. Ол қашан да қажет және ешқашан артық болмайды. Әрбір оқушының жеке басын тәрбиелеудің стратегиясын білу үшін тек оның күшті және әлсіз жақтарын біліп қоймай, сонымен қатар оның оқитын, тұратын, қарым-қатынас жасайтын жағдайларын білуіміз керек. 

Отыз үшінші қара сөзінде «...Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол...» деп қолөнердің игілігін насихаттайды. Оқушы қабілеттерін жан–жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оқушыларымыз ғылыми жобаларға қатысып, нәтижелі жұмыстарымен ерекшеленіп келеді. Саналы ұрпақ тәрбиелеудің өзегі ұлттық тәрбиеден бастау алары сөзсіз. Мектебіміздің оқушысы қазақ халқының ұлы ақыны   А. Құнанбаевтың 175 жылдығына орай   заманауи ырғақпен Procreate бағдарламасы арқылы планшетте Абайдың портретін салып, ақынға деген, ақынның шығармашылығына деген, ақынның әндеріне деген құрметін одан сайын арттыра түсті.

Мақаламды аяқтай келе, ойымда жүрген ұсыныс- пікірлерімді  жазып кетейін. Абайды оқыту үшін мектеп жасына дейінгі балаларға, бастауыш сынып оқушыларына арналған кітапшалар керек, оның ішінде қызықты тапсырмаларымен, сөздіктерімен болса тіптен тамаша. Анимациялық шағын бейнефильм шығарылса және Абайдың қара сөздері күрделі тілмен емес, қарапайым адам түсінетіндей тілмен жазылған түсіндірме сөздіктер халыққа тез жететіні анық.

Абай қара сөздері – тәрбие теңізі. Оның бір тамшысы дарыған жерде ар тазалығы мен жан тазалығы орын алады, егер оны бүкіл өміріне бұлақтай дарытар болса, нәрлі уызы мол адамгершілік арнасы болар еді. Ұлы данышпанның ұлағатымен ұрпағымызды сусындата берейік, көзі ашық,  көкірегі ояу зиялы да зиятты қауым!

 

173 0
АСЕМ КЫДЫРМОЛДИНА, «Бижарас Садырбайұлы атындағы орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығы» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі № 001600
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: