Поиск статей:
ESI
Рейтинг:

Мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру

      

Қазіргі таңда түзете білім беру ұйымдарының желісін сақтап, жетілдіру және инклюзивті білім беру жүйесін қатар дамыту ең тиімді қадам болып табылады. Мұндай жағдайда түзету ұйымдары жалпы білім беру мекемелерінде қызмет жасайтын педагогтарға әдістемелік көмек көрсетуді қамтамасыз ететін оқy-әдістемелік орталық, білім алып отырған тұлғалар және олардың ата-аналарына кеңес беру жәнe психологиялық-педагогикалық түзете көмек көрсету қызметін атқарады. Мектеп жасына дейінгі балаларға қажетті психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек уақытылы көрсетілген жағдайда баланың дамуындағы негізгі кемшіліктерді оқытудың бастапқы кезеңіне түзету, жалпы білім беру мекемелерінде оқытуға дайындауды қамтамасыз етеді.

Дамуында мүмкіндігі шектеулі балалардың көретін қиындықтары: оларға жеткілікті түрде көңіл бөлінбеуінен, қарым-қатынастың аздығынан, эмоционалдық еріктік регуляцияның, өзін-өзі бақылаудың жетімсіздігінен, оқуға деген мотивацияның төмен деңгейінен және жалпы танымның салғырттығынан, сол сияқты қабылдау, есте сақтау, ойлау, сөздің жетімсіздігі тәрізді жекеленген психикалық үрдістердің жетілмегендігінен, қозғалысын жүйелей алмауы түріндегі моториканың бұзылуынан, қозғалуының тежелуінен, төмен жұмыс қабілетінен, қоршаған орта түсінігінің және білім қорының шектеулігінен, оқу-танымдық әрекеттерінің операционалдық компоненттерінің тізілмеуінен туындайды, яғни осындай ақаулықтарды жою мақсатында әлем тәжірибесі бізге инклюзивті білім беруді ұсынуда.

Мүмкіндігі шектеулі балалар құқығының кепілдігі «Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Білім беру туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», Қазақстан Республикасының заңы, Қазақстан республикасының конституциясы бекітілген. 

Инклюзивті оқыту деген не? Және бүгінгі күні білім беру үрдісіне   инклюзивті оқытуды енгізу керекпе? деген сұрақтар әлі қарастырылып жатыр.

   Латын тілінен аударғанда inclusion «енгізу»(включение) деген мағынаны білдіреді. Инклюзия- бұл балаларды олардың жыныстық, этникалық және дінге қатыстылықтары, оқудағы жетістіктері, денсаулық жағдайы, даму деңгейі, ата-аналарының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі мен басқада айырмашылықтарына қарамастан жалпы білім беру үрдісіне барлық балаларды толық енгізу үрдісі, яғни жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Инклюзивті білім беру-барлық балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімделуге, жасына, жынысына, шығу тегіне, дініне, экономикалық мәртебесіне қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, отбасы мүшелерін белсенді қатыстыру, баланың түзетім-педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау. Бұл оқыту түрі оқу жоспары және білім беру жүйесінің әдіснамасын икемді болуға, әр баланың қажеттілігін ескеруге бағытталған.

Мүмкіндігі щектеулі балалардың дамуында қазіргі заманға сай моделін құрудың басты бағыты-білім беру қызметтерінің сапасын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайларды жасау. Инклюзивтік оқытудың базалық құқықтық құжаты дамуында жетіспеушілігі бар балаларға нәтижелі көмек құруға, оларды оқыту, тәрбиелеу, еңбекке және мамандыққа даярлау, бала мүгедектігін сауықтыруға бағытталған қазақстан Республикасының мүмкіндіктері шектеулі балаларды «Әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетімді қолдау» заңы болып табылады. 

Шетелдердің тәжірибесін алатын болсақ, 1994 жылы Испания елінде Соломон декларациясы қабылданған болатын. Яғни бұл декларацияның негізгі көздеген мақсаты- барлық балалардың мектепте оқуға құқығы бар екендігін дәлелдеу және бұл тұжырымды білім беру заңдылығына енгізу болып табылады. Сонымен қатар ТМД елдерін алатын болсақ, бірінші болып, Ресей Федерациясы инклюзивтік білім беруді өз тәжірибелеріне енгізе бастады.

Болашақта балаларды мектепке дейінгі инклюзивті білім беру жағдайында тәрбиелеу мен оқытуды қамтамасыз ету барысында шешімін күтіп тұрған бірқатар өзекті мәселелерді атап айтуды жөн көрдік:

     мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру жағдайында тәрбиелеу мен білім мазмұнының тұтас педагогикалық үдерісін қамтамасыз ету үшін республикалық деңгейдегі бағдарламалар мен оның оқу-әдістемелік кешендерін жасау;

     инклюзивті білім беру бағдарламаларының мазмұны арқылы мүмкіндігі шектеулі баланың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, оның жеке басының дамуына, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, коммуникативтілікті және баланың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, олардың интеллектуалдық, көркемдік-эстетикалық дамуына, жалпы адамзаттық құндылықтарды баланың бойына сіңіруге баса назар аудару;

мектепке дейінгі инклюзивті білім беру салаларының мазмұнын айқындау, негізгі және қосымша білім берудің өзара байланысын, сипатын ашып көрсету;

      инклюзивті білім беру жағдайында мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш білім беру мазмұнының сабақтастығын қамтамасыз ету;

     балабақшадағы білім беру үдерісін мүмкіндігі шектеулі балаларға қажет бағдарламалық, әдістемелік, ақпараттық-коммуникативтік, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге көңіл бөлу;

мектепке дейінгі жастағы балалары бар отбасыларына педагогикалық, психологиялық кеңес, әдістемелік, диагностикалық тұрғыдан көмек көрсету.

       Инклюзивті білім беру жағдайында мектепке дейінгі тәрбие саласына психологиялық-педагогикалық қолдау жасау, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық-сараптаумен қамтамасыз ету және арнаулы мамандар даярлау мәселесі дәл бүгінгідей деңгейде өзекті болған емес. Қоғамдық тәрбие орындарына арнайы кәсіби білікті мамандар даярлау: тәрбиеші, әлеуметтік педагог, психолог, өзін-өзі тану мұғалімі, логопед, дефектолог т.б.

     Инклюзивтік білім беруді дамытудағы басты бағыт − дамудағы ауытқуларға ерте араласу − жеткіліксіз дамуда. Бүлдіршін жастағы балаларды түзету, педагогикалық көмекпен қамтудың төмендігі дамуында ауытқуы бар балаларды оңалтудың тиімділігіне кері әсерін тигізіп отыр. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды сүйемелдеу бойынша психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін (ППТК) ашу қажеттілігі өте жоғары. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің ерте және мектеп жасына дейінгі балаларды түзету көмегімен қамтуы жеткіліксіз (10-нан 40 %-ға дейін).

Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуының қазіргі заманға сай моделін құрудың басты бағыты − бұл білім беру қызметтерінің сапасын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау. Жоғарыда көрсетілген мәселелерге арнайы тоқталу арқылы мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивтік білім берудің қазіргі жағдайына шолу жасалынды. Қысқаша талдау негізінде мектепке дейінгі ұйымдардың инклюзивті білім беру жағдайындағы оқыту мен тәрбиелеуге дайындығының төмен екендігіне көзімізді жеткіздік. Аталған бағыттар жүзеге асырылса, мектепке дейінгі ұйымдар мен инклюзивті білім беру жағдайындағы жалпы білім беретін мектептердің арасындағы сабақтастық ертеңгі күнгі болашақ саналы азаматтарымызды тәрбиелеуге мол үлесін қосатынына кәміл сенеміз.

 

 


592 0
Лаура Бакешова, «Нұрай» жеке балабақшасының меңгерушісі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті Ұлы Дала Ұстазы № 000403
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: