Әуелі әңгіменің әлқисасын мектептің тарихынан бастағанды жөн көрдім: Талас ауданына қарасты Ойық ауылындағы қазіргі Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектеп, бүгінде еліміздің әр саласында кірпіш болып қаланған талай түлектің-киелі орда, қара шаңырағы! Мектеп, алғаш рет 1937жылы қыркүйек айындағы бұрынғы «Октябрь» және «Көктөбе» колхоздарының жерінде ұйымдасқан «Октябрь» бастауыш мектебі» деп аталған. Алғашқы жылы бастауыш сыныпты оқығандар Иманмырзаев Әуесбек, Қалжанов Құрманбек, Таласбаев Тұрар, Бейбітов Оралхан, Шәріпов Кестебек, Бештаева Құндызай, Атамқұлов Сағат,Тасжүрек Сауытбек, Шәкірова Назымкүл болды.
Мектеп жаппай елдің соғысқа кетуіне байланысты 1941-1944 жылға дейін жабылған. Одан 1944-1945 оқу жылынан бастап қайтадан бастауыш мектеп болып ашылды.
Мектепте алғашқы болып – Кемежанов Бигел, Иманалиев Өмірәлі, Естайбеков Жарқынбек, Төлебаев Жандар, Тоққожаев Балқожа, Батырбаев Рақманберді, Молдабеков Смағұл сынды бірқатар ұлағатты ұстаздар басқарып, қызмет еткен.
1944 жылы қайта ашылған аталмыш мектепте Үсіппаев Асаубек, Қасымов Жұмаділ, Біртаев Мәдібек, Батырбаев Зәрубай, Мелдебеков Бодаубек, Дәуренбекова Үмітайлар балаларды білім нәрімен сусындатқан.
Мектеп 1957 жылдан 1959 жылға дейін 2 жыл жеті жылдық болып жұмыс істеген. Оның директоры болып Аяпбергенов Рәкілбек, мектеп директорының орынбасары қызметіне Жаңабеков Мәмеш тағайындалған. Алайда, 1959 жылдан 1963 жылға дейін аталмыш мектеп қайтадан бастауыш мектеп болған. Осынау жылдарда директоры болып Қалжанов Құрманбек бекітілген.
Мектеп 1963 жылы 8 жылдық болып қайта құрылды да, 1984 жылға дейін жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде мектеп басшысы қызметінде Өмірбаев Қаражан, Төлепбергенов Баяу, Төлеуов Сүгірбай, Қабылбеков Мақсымбек, Көпежанов Құдиярбек, Қуанышбеков Әртелбек болды.
1984 жылдың қыркүйегінен бастап мектеп қайтадан жалпы білім беретін орта мектепке айналды. Бұл уақыттарда мектеп директоры қызметінде Қуанышбек Әртелбек болған. Мектепке 1992-93 оқу жылдары кіл қазаққа белгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының аты берілген. Осы жылдары мектепті Кенжебеков Уәли (1991-1996 жж),Сағатов Нұрқаш (1996-2007 жж) басқарған.
Ойық ауылы дейтін қасиетті топырақта ұстаз болып еңбек етіп, артына ерекше із қалдырған жеке тұлғаның бірі – Нұрқаш Сағатов. Ағай саналы ғұмырының барлығында тек осы Ойық ауылының ішіндегі мектептерде еңбек еткен. Бірақ, есімі ауданнан асып облысқа танымал болатын. Мектепке мерей тұлға, Нағыз педагог Нұрқаш ағайды ерекше еске алуымның себебі, өмірінің соңғы жылдарында әріптес болып бірге жұмыс жасағанымды мақтан тұтамын.
Бір өкініштісі, басқа мектепте білім алуыма байланысты, мен,Нұрқаш ағайдың алдынан сабақ алған жоқпын. Бірақ, арада жылдар өткенде өзіме ұстаз, идеал болған осы ағаймен де әріптес болып, бірге жұмыс істедік. Бірге қызметтес болған соң, ағаймен сөйлесіп, өткен тарихи жылдардың әңгімесін тыңдаушы едік. Ағай төгілтіп, мәнін ашып, әңгімені өте жақсы айтатын.
Ал оның жүздеген, мыңдаған шәкірттері бар. Олар еліміздің әр қиырында табысты еңбек етуде. Атап айтқанда, Біржан Сөктай облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы болса, Есет Досалы белгілі айтыс ақыны және облыстық қара шаңырақ «Ақ жол» газетінің мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі, Уәлихан Байдуанов «Аманат» партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы, Динара Байдуанова, Талғар мемлекеттік колледжінің директоры. Біз шәкірттерінің тек бір бөлігін ғана айтып отырмыз. Өмірдің барлық саласын осы Нұрқаш ағайдың шәкірттері қамтиды десек қателесе қоймаспыз.
Сол шәкірттері де аяулы ұстаздарын сағына еске алады. Мәселен, Уәлихан Байдуанов: «Бізге ардақты ұстаз, аяулы аға бола білді. Институт бітіріп келгенімде, мектепте артық сағат болмауына байланысты өзінің сағаттарын беріп, қолдады. Ол болашағы бар жас маманның сағы сынбасын дегені болар. Кейіннен аудандарда және Тараз қаласында білім бөлімдерін басқара жүріп, мыңдаған ұстаздарды көрдім. Бірақ, олардың арасында Нұрқаш Сағатов секілді аяулы ұстаз, нағыз педагогтар сирек екеніне көзім жетті» десе, Біржан Сөктай: «Мектеп қабырғасында жүргенде оқушы айтыскер ретінде көзге түстім. Нұрқаш Сағатов ағай –мектеп директоры еді. Менің өнеріммен танылғаныма ерекше қуанып, Талас ауданы әкімінің Жаңа жылдық шыршасына апарғаны бар. Жақсылығы естен кетпейді. Аңғарымпаз, білімді, жан-жақты, ғажайып ұстаз, мықты ұйымдастырушы еді. Бейнет көрді. Бейнетінің зейнетін көруге құқы бар майталман маман болатын. Дәл бүгінгі күн арамызда жүрмегені қабырғамызға батады» -деп толғанады. Ал айтыскер журналист Есет Досалы: «Нұрқаш ағай бізге математикадан сабақ берді. Сізге өтірік , маған шын, ол кісінің сабағында шыбынның ызыңдағаны естілмейтін. Сабақ түсіндіргенде кәдімгі шабыттанып, керемет қабілеттермен, тәсілдермен оқушыларды баурап алатын. Есепке жүйрік балаларды ерекше бағалайтын. Сол есепке жүйрік шәкірттердің біреуі болдық. Нұрқаш ағайдың сабақ беріп тұрған тұлғасы ғана емес, бүкіл болмысы, жүрісі мен тұрысы, ата-анасын сыйлауы, өзгемен қарым қатынасы, ұстаздар мен оқушылармен байланысы бәрі –бәрі –маған үлгі болатын. Сондықтан, «Өскенде Нұрқаш ағай боламын» деуші едім. Өмірдің өз дегені болады екен. Тағдыр мені ақындық, тілшілік, қаламгерлік жолға бұрып әкетті. Сонда да бір шәкірті ретінде Нұрқаш ағайдың үмітін ақтадым деп ойлаймын» деп ағынан жарылады.
Біздің Нұрқаш ағай міне осындай биік тұлға болатын. 2004-2005 жылдары мектептің жанын қоршатып, үлкен аумаққа жеміс талдар ектіргенін білеміз. Әттең судың тапшылығынан ол талдардың көбісі көгермей қалды. Бірақ, ағайдың шәкірттері ормандай болып көгерді. Мен аталған Бөлтірік Әлменұлы мектебіне қызметке келгенімде Нұрқаш ағай әлі де сабақ беретін, бірақ денсаулығы сыр беріп, ауырып жүрген кезі еді. Солай мазасы болмай жүрсе де: «Бөлтірік шешен - үлкен, аңыз бабамыз ғой. Сол бабамыздың атындағы орта мектеп болғанымыз қандай мақтаныш. Мынау тұрған Бөлтірік баба есткерткішінің айналасына гүлдер егіп, көгертіп қоюды жоспарлап жүрмін. Шәкірттерім айта-айта жүрер» деген еді бірде жан дүниесін бөлісіп. Сол жолы көңілді болып, біраз жадырап сөйлесіп едік.
Ағай денсаулығына байланысты бұл жоспарын жүзеге асыра алмады. Ал, Нұрқаш ағай -төрт ұл -қыз тәрбиелеп өсірген, өнегелі отбасының басшысы еді. Жұбайы Үрзада әпкей де осы біздің мектептің кітапханасында ұзақ жыл еңбек етті. Нұрқаш ағайдың тілегін баласы Қален жүзеге асырды. Ол соңғы уақытта Бөлтірік Әлменұлы бабамыздың мектеп ішіндегі суретін үлкейтіп беріп, бабаға арнап үлкен бұрыш жасатып берді. «Адам ұрпағымен көгереді» деген осы да. Біз Нұрқаш ағайдың рухына бас ие отырып, осы перзенті Қален Нұрқашұлына мектептің және ұжымдастарымның атынан алғыс айтқым келеді.
Нұрқаш Сағатұлы өңірдегі дарынды, сирек, дара ұстаздардың бірі. Дәл осындай педагогтың біздің ауылымызда еңбек етуі, 44 жыл бойы Бөлтірік Әлменұлы мектебінде мұғалімдіктен мектеп директоры секілді жолдан өтуі –біздер үшін мәңгілік мақтаныш, өмірі үлгі- өнеге.
Нұрқаш ағай әріптестерінің, ауыл тұрғындарының және шікірттерінің көңілінде мәңгілік сақталып, есімі айтыла беретіні анық.
Осындай есте мәңгілік қалған керемет жандардың бірі,білімі бөлек -Болат ағай еді.Ұстаздың сыйлы болуы, танымалдығы үшін үлкен қалаларда тұрудың маңыздылығын айтатындар аз емес. Бірақ, ауылда жүріп те өзін мойындататын, облыста, республикада танымал есімге айнала алатын педагогтар кеше де болған, бүгін де бар, келешекте де бола беретіні анық. Сондай белді де беделді тұлғаның бірі – соңғы ұзақ жылдарын осы күні мен басқаратын Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып өткізген Болат Ізбасов ағай болатын.
Тағы да өкінішіме қарай мен Болат ағайдың алдынан дәріс алған жоқпын. Басқа мектепте білім алғандықтан, ол кісінің тікелей шәкірті болу менің маңдайыма жазылмаған екен. Арада ұзақ –ұзақ жылдар өткенде есімін облыс білетін Ізбасов ағаймен әріптес болып бірге жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Оған да шүкіршілік деп қуанып жүремін. Болат ағаймен бірге еңбек еткен жылдарды сағынышпен еске алып, айта жүруден жалыққан емеспін. Болат ағай ешқашан атаққа, танымалдылыққа ұмтылған емес. Өз жұмысын жақсы көретін, өз жұмысын сапалы атқаратын үздік маман болды. Бірақ, марапат бұл кісіні өзі іздеп тапты. КСРО Білім Минситрлігінің, беріректе ҚР Білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттары да бір шоғыр деп айта аламыз. Ең бастысы, Болат ағай өнімді, жемісті еңбек еткен ұстаз. Жұбайы - Фатима Даубекова апайдың да математик ұстаз болуы ағайдың алаңсыз еңбек етуіне ықпал етті деп айта аламыз. Бір-бірін жүректерімен қалаған матиматиктер ұстаздық жұмыс барысында да біріне бірі қолдау, сүйеу бола білгені анық. Болат ағай әр жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде атқарып, жемісті жұмыс істеген. Ол –үлгілі отбасының басшысы. Болат ағайдың 6 ұл-қызының ішінде әке жолын қуғандары аз болған жоқ. Екінші перзенті Нұрбай Ізбасов (марқұм) оқушы күнінен математика пәні бойынша облыстық олимпадаларда жүлде алып жүреді екен. Кейінен осы Нұрбай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеттің доценті болып, техника ғылымдарының кандидаты атанды. Несін айтасың жарқылдап жанып тұрған жігіттің ғұмыры онша ұзақ болмай, 40 жасқа толмаған шағында өмірден озды. Ал ағайдың Бағлан, Марғұлан деген перзенттері де әке жолын қуып, жоғары оқу орындарында математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алды. Бағлан Болатұлы Тараз қаласындағы колледждерде білім беруімен ерекшеленсе, Марғұлан Ізбасов мұғалімдік бағытын туған топырақтан іздеп, өзі білім алған Бөлтірік Әлменұлы мектебінде ұстаз болып еңбек етуде. Ерекше үміт күткен баласы Нұрбайдың қазасы Болат ағайдың қабырғасына қатты батты. Осы қайғылы жағдайдан кейін өзі де денсаулығын жоғалта бастады. Бірақ, ағайдың есімі мәңгілік.Олай болу себебі, немерелерінің бәрі де мектебіміздің мақтаныштары,болашақ матиматиктер.Немересі Болат Арай- ауданымыздан екі жыл қатарынан “Абай оқулары» байқауында алдына оқушы салмай жеңімпаз атанып келеді.Былтыр облыстан 3-орын алса,биыл облыстан оза шабуды жоспарлап,үздік атануға дайындық жасауда.
Ал, Болат ағайдың шәкірттері ағайдың өткізген сабақтары өте қызықты, тартымды екенін айтады. Әсіресе, әр сабақта әзіл айтып, оқушыларды сергітіп, көңілдендіріп отыратынын да ерекше айтып жүр. Баяғы ертерек уақытта ( қырық жылдай бұрын ғой) бір оқушы қыз: «Осы ағайдың жынды сияқты» депті сыбырлап. Сол сөзді ағай естіп қойып: «Пәленшеқызы, тұр орныңнан! Айтшы! Жынды адам математика пәнінен сабақ бере ала ма?» деген екен. Бір жолы Нұржан Көрпебаев деген оқушы математика сабағында онша зер салмай, терезеден сыртқа қарап отырса керек. Соны байқаған Болат Ізбасов ағай:
– Көрпебаев, -дейді. Көпебаев жалт қарап, ыңғайланып отыра бастайды. Сол кезде Болат ағай: «Көрпебаев, мұнда жаңа сабақ түсіндіріп жатырмын. Сабақ өтіп жатыр. Ал сен терезеден сыртқа қарап, мән бермейсің. Қазір мен сені сол терезеден ішке қаратып қояйын ба?, -деген екен. Болат Ізбасов ағайдың осындай тапқырлықтары көп болғанын әр шәкірті айтады. Кім біледі, математика өте ауыр пән ғой. Сол ауыр пән үстінде өзін де, оқушыларды да сергітіп алу үшін қалжыңдайтын шығар. Ұстаздың ол да озық тәсілі шығар. Ағайдың сабақтарына өзім де жиі қатысушы едім, тексеру үшін емес, үйрену үшін,шаршағанда серпіліп алу үшін де сабағына енетінім жасырын емес еді.Ә сабағы бір- біріне ұқсамайтын өте қызықты ашық сабақтар еді.
Міне жұрт білетін, ел бағалаған Болат Ізбасов ағайдың ауыл білетін, көпшілік бағалған қырлары мен сырлары осындай.
Болат ағай осы мектептің намысы, айбары болған. Өте білгір математик деп Ізбасовпен бүкіл ауыл мақтанатын. Талас ауданында Болат Ізбасовтан артық есепке жүйрік маман жоқ екені де бір кездері айтылып жүрді.
Болат ағай 1975 -1980 жылдары жылдары Үшарал ауылындағы орта мектепте де мұғалім болып, жемісті еңбек еткен. Ол жақта да ағайдың ізі қалған. Болат ағай жайлы бұл күнде белгілі айтыскерлер, ағайдың шәкірттері Ербол Қамбатыр мен Талас аудандық мәслихатының депутаты Үміт Битенова тамсана айтады. Ерлі зайыпты ақындар Ербол ағай мен Үміт әпкей Үшарал орта мектебінде бір сыныпта оқыған. Сол кезде оларға Болат Ізбасов сабақ берген екен.
Біздің Бөлтірік орта мектебі де бұл күнде бақилық болған Болат Ізбасов ағайды сағына еске алады.Өте білімді ұстаз болған Болат ағаймен мақтанады.
Болат ағай менің де жүрегімде.
Аз жыл болса да Болат Ізбасов ағаймен бірге еңбек еткен жылдарымды бақытты жылдарым, сәтті мезгілдерім деп есептеймін. Ағайдың отбасына сабыр, ұрпағына амандық тілегім келеді.
Болат ағай –тарих. Талас ауданының білім тарихында, біздің өңірде есімі аңыздай боп айтыла беретіні анық.
Ал,қазіргі таңда мектепте 27 мұғалім жұмыс істейді. Жоғары біліктілік санатты-1,бірінші біліктілік санатты-1,зерттеуші санатта-3, сарапшы санатты мұғалімдер-13,мадератор-3, қалғаны жас маман, II біліктілік санатты ұстаздар.
Санаулы ғана түтіннен, сан түрлі түлекті түлеткен алтын ұя мектептің аяулы ұстаздары өз шәкірттерімен мақтанады. Олардың ішінде ел игілігіне жарап, республика, облыс, әр салада жүзден жүйрік шыққандар қаншама?
1. Ерғали Сағат-ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі;
2. Тінәлиев Әбирбек-сазгер,әнші;
3. Әзімхан Қилыбаев- «Байзақ» ауданы әкімінің орынбасары болған;
4. Дуанбеков Болат-Кеңес ауылдық округінің әкімі болған;
5. Ізбасов Нұрбай-С.Сейфулин атындағы ҚазАТУ-дің геодезия факултетінің аға оқытушы;
6. Есет Досалы-ақын, «Ақ жол» газетінің мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі,
7. Әбдірахманова Қарлығаш-Қызылорда облыстық «Шұғыла» газетінің редакторы;
8. Болат Бекжан-Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бастығы болған;
9. Үсенов Нұрсейіт-Ұлттық бірыңғай тест орталығын директоры болған;
10. Ысқақов Әлімхан-Совхоз директоры болған;
11. Асқарбеков Қибат-Тараз қалалық әкімшілігінң ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болған;
Мектепті «Алтын медальмен» , үздік бітіргендер:
1. Омарова Света
2.Адырбекова Гүлзира
3. Ізбасов Нұрбай
4. Мамыралиев Алихан
Бүгінгі күні «Алтын медаль» иегері -Омарова Света әкпейіміз осы мектепте тарих пәнінен оқушыларға сабақ береді,облыстық білім басқармасының «Құрмет грамота» иегері,тәжірибелі маман.
Бөлтірік бабамыздың есімімен аталатын киелі шаңырақты бертін жылдары Қожатаева Күлшәт (2007-2009 жж), Мұхтаров Марат (2009-2017 жж) басқарса, осындай білікті де тәжірибелі басшылардың ізімен 2017 жылдан бері мен басқарып келемін. Әлі сол күн есімде!
Екі мың он жетінші жыл. Наурыз айының отызыншы жұлдызы.
Мен басшымын болдым! Өз салаңдағы жетістіктің жемісін көру – қуаныш, дегенмен, сол күні қорқыныштың да болғаны жасырын емес.
«Саған босаңсуға болмайды, жігерлі болуың керек»,-деген құлағыма үн келгендей болды.
Қазір ойласам, бойымдағы қайрат, қабілетім өзімді өзім танып, жұмыс жасауыма жетелеген екен.
«Мен кіммін? Неден бастауым керек? Мен мектебімнің тиімді жұмыс істеуін арттыру үшін не істей аламын? Қолымнан не келеді?», - деген сан сауалдың бір ғана жауабы барын ұқтым.
Ол-Өзім!
Өзімді дамыту арқылы мектебімнің тиімділігін дамытамын, айналамды үйрете жүріп өзімде үйреніп, басқаруда тәжірибе жинайтынымды ұқтым.
Тиімді жұмыс жасау үшін – басшының әрбір қадамы дұрыс болуы керек. Асығыс шешім қабылдауға болмайды.
Басшы-жаңашыл, өзгерістерге дайын, ұйымдастыру қабілеті мен шеберлігі өте жоғары, төзімді, шыдамды, ұқыпты, ашуға бойалдырмайтын, кез-келген адаммен, мейлі, ол-үлкен немесе кіші болсын тіл табысып, көпшілікті артынан ертіп, өзін өзгелерге тыңдататын, дау-дамайды болдырмаудың алдын алып, болған жағдайда себебін анықтап, салдарымен күресетін, болашақты болжай білетін, «Басшымын» деп бұйрық бермей, өзі көрсету арқылы тәлімгер болатын, жұмыстың тиімді, тиімсіздігін әділ бағалап, кемшілікті бетіне баспай, керісінше, бағыт – бағдар беріп, көмектесіп, қолдау көрсететін жан болу керек деп есептеймін. Осы қасиеттерді бойына сіңірген басшы – ұжым алдында беделге ие болып, әріптестеріне ықпалын күшейту арқылы мектептің тиімді жұмыс жасауын арттыратыны сөзсіз.
Менің ойымша, тиімді жұмыс істеу деп – уақытты үнемдеу, өзіңе түскен салмақты азайту, айналаңдағылар өзін-өзі дамытып, өз бетінше жұмыс жасауды айтамыз.
Міне осылайша басталған жұмыс жеміссіз емес, мектебіміз 2017 жылы мектеп ауласын көркейту,көріктендіру және көгалдандырып, гүлдендіру саласына үлес қосқаны үшін “Үздік экологиялық мектеп», 2018 жылы білім беруге қосқан елеулі үлесі және жас жеткіншектерді тәрбиелеудегі жетістіктері үшін «Үздік ауыл мектебі», 2018 жылы «Ең үздік мектеп ауласы»сертификатын иеленсе , 2019 жылы Білім беру ұйымдарының жас директорлары арасында өткізілген облыстық «Үздік жас директорлар» байқауының 3- дәрежелі дипломымен марапатталдым, осы еңбегімді ескеріп аудан Әкімі аудан халқының алдында есімімді еңбегіммен қоса атап «10 жиынтық комьпютер» сертификатын мектепке сыйға тартты. Біреу үшін бұл керемет жетістік емес шығар, бірақ, жас директор үшін жұмыс жасауға жігерлендіретін үлкен мәртебе еді. Осы күн-менің өмірімдігі ең бақытты күндердің бірі болып есімде мәңгіге қалды.
Бүгінде мектеп мақтаныштары аз емес:
- Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиада Бодаубек Ақнұр математика пәнінен ІІІ орын, 2020 жыл.
- Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиада Саттер Алтынай биология пәнінен І орын, 2020 жыл.
- «BIG BEN» халықаралық ағылшын тілінің конкурсынаннан 3 оқушы І орын, 1 оқушы ІІ орын иеленді, 2020 жыл.
- "ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА" республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында Ерубай Арнұр І орын, 2020 жыл.
- «Altyn tobylgy» зияткерлік республикалық олимпиадасынан 21 оқушы І, ІІ, ІІІ орындар иеленді, 2021 жыл.
- «Шамшырақ» зияткерлік республикалық олимпиадасынан 8 оқушы І, ІІ, ІІІ орындар иеленді, 2021 жыл.
- «Абай – дана, Абай дара қазақта» аудандық Абай оқуларында І орын, облыстық кезеңде ІІІ орын Болат Арайлым иеленді, 2021 жыл.
- Аудандық пәндік олимпиададан 7 оқушы ІІ, ІІІ орындар иеленді, 2020 жыл.
- Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өтілген «Абай әлемі» атты аудандық шығармашыл байқауында Тұрған Дильназ ІІ орын иеленді, 2020 жыл.
- Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы аудандық эссе байқауында Жамбыл Ерке ІІІ орын иеленді.
- Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Ыбырай оқулары» атты аудандық байқауда Майкөн Балнұр І орын, Қилыбай Аяулым ІІ орын иеленді, 2022 жыл.
- 5-6 сынып оқушылары арасында аудандық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Болат Елнұр ІІІ орын, Бидәулет Сымбат ІІІ орын, математика пәнінен Еркінбекұлы Әбдірәлі ІІІ орын, Болат Еркебұлан ІІІ орын иеленді, 2021 жыл.
- ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізіліген «Талас аруы» аудандық байқауында Еркінбек Аяла ІІ орын иеленді, 2021 жыл.
- Ағылшын тілі пәні бойынша өткізілген «Бастау» республикалық кешенді олимпиадасында Сейтхан Кәусар І орын иеленді, 2022 жыл.
- Шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» республикалық өнер байқауының аудандық кезеңінде Болат Арайлым ІІ орын иеленді, 2022 жыл.
- Мұқағали Мақатаев оқуларының аудандық кезеңінде Қилыбай Аяулым ІІІ орын иеленді, 2022 жыл.
- Ильяс Жансүгіров оқуларының аудандық кезеңінде Сәтекбай Айым ІІ орын иеленді, 2022 жыл.
- Абай оқуларының аудандық кезеңінде Болат Арайлым І орын иеленді, 2022 жыл.
- Бастауыш сынып оқушылары арасында өткізілген аудандық ғылыми жоба байқауында Русланқызы Мерейлім І орын, Бидәулет Перизат І орын, Жиенқұл Қымбат І орын, Болат Димаш ІІ орын иеленді, 2022 жыл.
- Жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық пәндік олимпиадада информатика пәнінен Ерубай Арнұр ІІ орын, математика пәнінен Болат Арайлым ІІ орын, Өзін-өзі тану пәнінен Қарашай Бекнұр І орын иеленді, 2022 жыл.